Өнерлі өрендер байқауы
Республика аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде жас музыканттар фестиваль-байқауы өткізіледі. Фестиваль-байқау ҚР оғу-ағарту министрлігінің бекіткен 25 маңызды іс-шарасының тізіміне кіреді. Балалар музыка мектептерінің және өнер мектептерінің білім алушылары арасында жүзеге асатын республикалық байқауға аудандық, облыстық кезеңде жүзден жүйрік атанған оқушылар ғана бақ сынайды. Аталған өнер додасының аудандық кезеңі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Шаған ауылдық өнер мектебінде өтті.
Бұл жолғы фестиваль-байқаудың ережесінде «домбыра, прима және қобыз, шертер сыныбы бойынша оқушылар өнер көрсетеді» делінген. Аудандық байқау барысында өнерпаздарға талап жоғары деңгейде қойылды. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы Дархан Әлиев басқаратын Шаған ауылдық өнер мектебінің ұжымы ең алдымен жиналған көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынды. Өз кезегінде аудандық фестиваль-байқауды ашқан аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұстафа Мамытов оқушыларға сәттілік тіледі.
– Қазақта «Өнер – жұтамас байлық» деген тәмсіл бар. Біздің өнерпаздарымыз қашанда биік шыңдарды бағындырып келеді. Жалпы фестиваль-байқаудың балалардың кәсіби деңгейін шыңдауға ықпалы зор. Музыкалық талантты білім алушыларды, дарынды балалар ұжымдарын дамыту және қолдау, олардың шығармашылық белсенділігін, кәсіби бағдарлануын ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауда ауданға қарасты 4 өнер мектебінің балғындары бақ сынайды. Ақпан айында байқаудан іріктеліп шыққан өнерпаздар облыстық кезеңде бақ сынайтын болады, – деді Мұстафа Бердібекұлы.
Негізінен, жас музыканттар фестиваль-байқауында 30-дан аса өнерпаз әрбір бағдарлама бойынша өзара шеберлік байқасты. Кіші, орта, жоғары топқа бөлінген өнерпаздардың өнеріне мәдениет саласының майтал маманы, ҚР Білім беру ісінің, ҚР Мәдениет саласының үздігі Сансызбай Сәдуақасұлы, ҚР Білім саласының үздігі төсбелгісінің иегері Өмірбек Сарыбаев, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мұстафа Мамытов, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков, аудандық өнер мектебінің домбыра сыныбының мұғалімі Абылайхан Қилымханов қазылық етті.
Ережеге сәйкес, жас музыканттар қазақ және әлем сазгерлерінің шығармаларын орындады. Жоғарғы топ қатысушылары 2 кезең бойынша жеңіске деген ұмтылысын көрсете білді.
– Кәсіби мамандардан құрылған әділ қазы алқалары жас музыканттарға лайықты баға берді деп ойлаймыз. Байқау барысында қолдың қағысы, шығарманы орындау техникасын меңгергені назардан тыс қалмады. Әрине, бала үшін бір сәтте бірнеше шығарманы орындау оңай емес. Соған қарамастан, таңдап алған шығармасын мүдірмей орындаған өнерпаздар бізді тәнті етті. Мәселен, шертер аспабы бойынша бір бала облысқа жолдама алды. Ерекше өнерді меңгерудің өзі асқан жауапкершілікті жүктейді. Өнер бәйгесінен іріктеліп шыққан өнерпаздарға сәттілік тілейміз, – деді Сансызбай Сәдуақасұлы.
Байқау кезінде шәкірттеріне айрықша бағыт-бағдар берген әрбір ұстаздың еңбегін ерекше айта кеткен жөн. Сырдария өнер мектебінің директоры Марат Сәдуақас, Аманкелді ауылдық өнер мектебінің директоры Мейрамбек Абдуллаев, Шіркейлі ауылдық өнер мектебінің директоры Темірбек Досжанов шәкірттеріне ерекше қолдау көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жас музыканттар байқауының ән жанры бойынша бірнеше оқушы жолдама алды. Барлық қатысушыларға арнайы диплом, алғыс хат табысталды.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ