Өнегелі өмір

Рақымжан аға ұзақ та мағыналы, абыройлы ғұмыр кешті. Қиын-қыстау кезеңдерде жауапты қызметтерді адал атқарып, өзінің сөзімен де, ісімен де елге үлгі бола білді. Оның өмір жолы мен жасампаз еңбегі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Өмірінің соңына дейін ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі бастамаларға ұйытқы болды. Әрдайым ауданның тыныс-тіршілігіне қатысты құнды ойларын айтып, өз ұсыныстарын жеткізіп отырды. Мемлекетшіл, отаншыл, халықшыл кісі болатын.
Рақымжан аға – көпқырлы, зиялы, мәдениетті әрі шығармашыл жан еді. Өлең мен әңгіме жазып, өзінің рухани байлығын арттырып қана қоймай, оны айналасындағыларға да жеткізді. Облыстық бата беру сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, өзінің ерекше дарынын көрсете білді.
Ағамыздың қарапайымдылығы, елмен етене араласуы, өмірге деген сүйіспеншілігі ел есінде мәңгі қалмақ. Ол шахмат пен бильярдты ерекше ұнататын. Бурабай және тағы басқа санаторийлерде болған бильярдтан ардагерлер арасындағы жарыстарға арнайы ұшып барып, көбісінде жеңімпаз атанды. Тереңөзекте ағаның бастамасымен құрылған бильярд клубы қазір «Рақымжан» клубы деп аталады.
Рақымжан қажы өзін де, қоршаған ортасын да ерекше ұқыптылықпен сыйлап, денсаулығын күтіп, жаяу серуендегенді жақсы көретін. Қанша жасқа келсе де, ешкімге салмақ салмай, өз қажыр-қайратымен өмір сүрді.
Ағайын-туыстарына, барша жақындарына көңіл айтамын. Ағаның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алда тек жақсылық пен қуаныш болсын деп тілеймін.
Жақып АСАНОВ,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы