Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Аудандық мәдениет үйінде тыл және еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан Бәйменовтің «Бабалар тағылымы» атты естелік әңгімелерден құралған кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті.

Тағылымды іс-шараға аудан әкі­мінің орынбасары Д.Байдушев, об­лыс­­­­­­тық ардагерлер кеңесі төраға­сының орынбасары Ө.Шәменов, қо­ғам қайраткерлері И.Әбибуллаев, А.Божанова, Ж.Бодықбаев, Б.Ман­шарипов бастаған зиялы қа­­­­­­­­у­ым өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, құр­­­­метті меймандар мен аудан тұр­ғындары қатысты.

Іс-шара басында естелік жинақтың авторы, мерейлі 95 жасқа толған еңбек және тыл ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов құрметпен сахна төріне шығарылды. Мұнан соң қадірлі қарияның өнегелі өмір жолы туралы түсірілген бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды.

Мерейлі белеске шыққан тыл және еңбек ардагерін жаңа кітабының жарыққа шығуымен аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев құттықтады.

– Бұл жинақта өңірдің дамуында ерекше аталатын тарихи тұлғалар Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бұқарбай батырлар және олардың замандасы Тілеміс пен оның ұрпағы Бәймен ахун туралы деректер қамтылған. Олардың елге атқарған қызметтері мен игі істері кітап арқауы болған. Сонымен қатар жинақта ұрпақтар сабақтастығы, олардың өмір белестері көрініс тапқан. Ата-баба рухына тағзым етуге арналған туынды ұрпақтар айта жүретін игі істің бірегейі екені айқын. Сондықтан да бұл кітаптың жастарға берер тағылымы мол. Жаңа кітаптың авторы – еңбек және тыл ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов. Өмірі өнегеге толы қадірлі қария жас ұрпақты тәрбиелеу жолында саналы ғұмырын арнап келеді. Бүгінде ардақты қария мерейлі 95 жасқа толып отыр. Ауданның дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан Рақымжан қажы Әбдіхалықұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймын! «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» еңбек жолын ұстаздықтан бас­тап, ағартушылық салада қажырлы қызмет ете білді. Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде Рақымжан Бәйменовтің есімі құрметпен аталады. Сонымен бірге аудандық партия комитетінде, облыстық сотта жауапты қызметтерді атқарып, өңірдің саяси-мәдени өркендеуіне елеулі үлес қосты. Халықпен тығыз байланыста болып, елдің құрметіне бөленді. Қадірлі қария Құдай қосқан қосағымен бірге ұлағатты ұрпақ өрбітіп, текті әулеттің ақылшысына айналды. Бүгінде аудан, облыстағы Мерейлі отбасы ретінде көпке үлгі-өнеге көрсетуде. Құрметті қарияны мерейлі 95 жасымен құттықтай оты­рып, зор денсаулық, отбасына амандық, бақ-береке тілеймін, – деген аудан әкімінің орынбасары ардақты қарияға аудан әкімі Б.Сәрменбаевтың Құттықтау хатын табыс етіп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты және сый-құрмет көрсетті.

Сөз кезегінде Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Шәменов мерейтой иесін құттықтап, облыстың «Құрмет грамотасымен» және «Қызыл­орда облысының құрметті ардагері» төс­белгісімен марапаттады.

– Тоқсан бес жас – адам өмірінің айтулы кезеңі. Бұл жасқа келіп кітап жазып, оны жарыққа шығарып, тарихты зерттеп, тағылымды іс атқару екінің бірінің қолынан келмейді. Рекең ауданның ғана емес, облыстың ардагерлеріне үлгі-өнеге көрсетіп отыр. Дұрыс қартаю, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, өзінің жүйелі істерімен жақсы пікір қалыптастыру – тектіліктің де белгісі. Ардагер сөзінің өзі «ардақты ер» деген сөзбен ұштасады. Ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, үлкеннің де, кішінің де ортасында ардақты, сыйлы, құрметті қарияға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Жаңа кітаптың атауы айтып тұрғандай біз туындыдан бабаларымыздың тағылымын оқып білеміз, оны кейінгі буынға аманаттаймыз, – деді Өмірбек Мөрәліұлы.

Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев ақылшы аға, жанашыр пана болып жүрген тұлғаны халыққа қай қырынан алсақ та үлгілі етуге болатынын айтып, саламатты өмір салтын ұстанғанын жоғары бағалап, аудан ардагерлерінің атынан құттықтау лебізін жеткізді.

Айта кету керек, ғасыр белесіне қарай қадам басқан қарияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Р.Рүстемов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Ергешбаев, облыстық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Г.Есқалиева құттықтау жеделхатын жолдаған. Жеделхаттарды іс-шара барысында Рүстем Байділдаев оқып, еңбек ардагеріне салтанатты түрде табыс етілді.

Жаңа кітаптың тұсаукесер іс-шарасында «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» И.Абибуллаев, А.Божанова, Ж.Бодықбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің профессоры, кітаптың алғы сөзін жазған жерлесіміз Ғ.Тұяқбаев құрметті ар­да­герді мерейтойымен және сиясы кеппе­ген жаңа туындысының жарыққа шығуымен құт­тықтады.

– Халыққа қызмет етудің қыр-сырын үйреткен Рақымжан ағаны өзіме ұстаз тұтамын. Бұл кісі талай буынға ақылшы аға болды. Халқымызда «Құдайдың сүйген құлы» деген тіркес бар ғой, меніңше осы тіркес біздің Рақымжан ағамызға қарата айтылғандай. Жеңгеміз Сапура да өте жақсы кісі еді. Қолынан шәй іштік, дәм таттық. Ақ жаулықты ана өмірден сыйлы, құрметті күйінде өтті. Бүгінде Бәйменовтер әулеті үлкен шаңыраққа айналды. Бұл отбасыны аудан ғана емес, облыс қадір тұтады. Осынау берекелі, ырысты отбасының тірегі болып отырған ақсақалдың ғасырлық белесін бірге тойлайық дегім келеді, – деді Алмагүл Божанова.

Ал Ибрагим Әбибуллаев пен Жақай Бодықбаев парасатты тұлғаның ғибратқа толы ғұмыр жолы туралы жақсы пікірлер мен жүрекжарды лебіздерін арнады.

– Өткен жылы ауданымызға облысымыздың бұрынғы басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед келгенде қазыналы қариямен жүздескен болатын. Сонда Рекең жаңа кітап шығару жолында ізденіп жүргенін айтып, қолдау сұраған еді. Көп өтпей кітаптың дайын болғаны, баспаға ұсынылғалы жатқаны жөнінде хабар келді. Аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы екеуміз бұл туралы Мұхтар Абрарұлын хабардар еттік. Ел азаматы, көрнекті ғалым бірден қаржылай қолдау көрсетті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші халық алдында Мұхтар Құл-Мұхамедке алғыс айтқанды жөн көріп отыр­мын. Ал Рақымжан қажы Әбдіхалықұлын 95 жасымен құттықтап, амандық-саулық тілеймін, – деді Ибрагим Сражадинұлы.

Тәлімі мен тағылымы ұштасқан іс-шарада Рақымжан қажы Бәйменов іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жас ұрпаққа азық боларлық мұра қалдырғаны жөнінде және жаңа кітаптың қалай жинақталғаны туралы айтты.

– Бүгін мен үшін тарихи әрі ұмытылмас күн. Аллаға мың да бір шүкір, осы күнге жеткізген. Бақытты адаммын десем де болады. Ел-жұрт қадірлеп, еңбегімді елеп, құрмет көрсетіп жатыр. Жұбайыммен бірге өсірген ұл-қыздарым да өмірден өз орындарын тауып, түрлі салада еңбек етуде. Олардан тараған немере-шөберелерім де егемен еліміздің кірпіші болып қалануда. Әрине, кітап жазу оңай жұмыс емес екен, бұл аса ыждағаттылықты, үздіксіз ізденісті, шыдамдылықты, білімді талап етеді екен. Кітап жазу барысында бабаларымыздың тағылымды істерін зерделедім. Жанашыр азаматтар көп көмектесті. Айтар алғы­сым шексіз. Шақыруымды қабыл алып, қуаны­шыма ортақтасқан жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді абырой биігіндегі қазыналы қария.

Іс-шара қорытындысында құрметті меймандар «Бабалар тағылымы» естелік жина­ғының лентасын қиды. Сонымен қатар аудан орталығындағы «Шаңырақ» мейрамханасында мерейтойлық дастархан жайылды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
01 тамыз 2023 ж. 354 0