Cырдария ауданының Құрметті азаматы Рақымжан қажы Бәйменов дүниеден өтті

Рақымжан Әбдіхалықұлы 1929 жылы 31 шілдеде Сырдария ауданы С.Сейфуллин ауылында дүниеге келген.
1947-1951 жылдары Чапаев және «1 Май» атындағы мектепте, 1951-1952 жылдары №35 М.И.Калинин атындағы орта мектепте еңбек жолын бастаған. Одан кейінгі кезеңдерде №131 «Қызылдихан» және №137 «1 Май» мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, тарих пәннің мұғалімі, Тереңөзек аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы қызметтерінде болған.
1965-1972 жылдары Сырдария салалық өндірістік партия комитетінің партстатистика және бірыңғай партия билеті секторының меңгерушісі, 1972-1976 жылдары Тереңөзек аудандық партия комитетінің жалпы бөлімінің еңгерушісі, 1977-1991 жылдары Тереңөзек аудандық кешкі жұмысшы жастар орта мектебінің директоры қызметтерін абыроймен атқарды. 1992-2013 жылдар аралығында аудандық орталық мешітінде наиб имам болды.
Тағылымды тағдыр иесі аудандағы бекем бірлік пен тату тірлікті қамтамасыз ету, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие мен бағыт-бағдар беру бағытындағы жұмыстардың барлығының басы-қасынан табылды. Білім саласындағы мол тәжірибесі, ақыл-кеңесі ауданның сала жұмысын дамытуға ықпалын тигізді. Ардақты жан өзінің ақыл-парасатымен, білімімен, қайраткерлік қарым-қабілетімен абырой биігіне көтерілді.
Рақымжан Бәйменов ұзақ жылдар бойы мінсіз қызметі үшін көптеген медальдармен, төсбелгілермен, «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттармен» марапатталды. Сырдария ауданының Құрметті азаматы атынды. «Мерейлі отбасы-2018» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы.
Артына өшпес із қалдырған Рақымжан Әбдіхалықұлы Бәйменовтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Ағайын-туыстарының орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Сырдария ауданының әкімдігі, аудандық мәслихат, «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық қоғамдық кеңес