Бие сауып кәсіпке айналдырды
«Сары қымыз сүйегіңе сіңсе, сан ауруды кеседі» деген даналық сөз бекерге айтылмаған. Сары қымыз – дертке шипа, денеге – күш болса, шипалы сусын саумалдың да қасиеті көп.
Бие сауып, оны кәсіп көзіне айналдырған Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғыны Ақмарал Айманова – көпбалалы ана. Ақмарал өткен жылы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант жеңімпазы ретінде қайтарымсыз қаражат алды. 1 млн 476 мың 800 теңге қаржыға жоба бойынша екі бие сатып алып, кәсібін бастап кетті.
– Ауылда бие сауатын кәсіпкерлер жоқтың қасы. Бұрыннан мал шаруашылығына икемім болғандықтан, осы кәсіп түрін бастау үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқып сертификат алдым. Көпбалалы ана әлеуметтік санатында грантқа қол жеткіздім. Ауыл тұрғындары шипалы сусын саумалды іше бастады. Сан ауруды сауықтыратын саумалдың қасиетін білетін халықпыз ғой. Түрлі дәрі-дәрмек ішкеннен гөрі табиғи сусынмен емделген дұрыс, – дейді бие сауған келіншек.
Жылдың қай мезгілінде болсын бұл сусынға сұраныс көп. Дегенмен бие суалып кететіндіктен белгілі бір уақытқа бие сауу тоқтайды. Әйтпесе күннің атысымен басталатын сауын 5-6 мезгілге, әр 2-3 сағат сайын жалғасады. Бір сауым сүт жарты литрдей болады. Ең қызығы биені 40-50 секундта, көп болса 1 минутта тез сауып болу керек. Өйткені төрт түлік малдың ішіндегі жылқы өте кірпияз, таза, кінәмшіл, судың тазасын ғана ішетін мінезді жануар. Ал оның күтімін, жем-шөбін дайындау аса ыждағаттылықты талап етеді.
Ақмарал саумалдан сүт артылса, оны ашытып, қымыз дайындауды да қолға алғысы келеді екен. Өйткені ұлттық тағамдардың қатарындағы ең ерекше қасиеті бар дәмді қымызға да сұраныс бар.
Жылқышы әрі кәсіпкерге айналған келіншек отбасында бала тәрбиесімен айналысады. Айдынды Аралдың Жақсықылыш кентінде дүниеге келген Ақмарал 19 жасында сейфуллиндік Рүстем Керейтбаевқа тұрмысқа шықты. Берекелі шаңырақтың отағасы вахталық жұмыста болғанымен отбасындағы үйілмелі-сүйілмелі бала-шаға қамын жасауға ата-анасы көмектеседі. Күміс алқа иесі атанған келіншегі қолы қалт етсе тігін тігумен айналысып, көрпе көктеп, құрақ құрағанды ұнатады. Қазір сауыннан қолы босаған Ақмарал көбіне бала-шағаның қамымен үй шаруасында.
– Былтыр Ақмарал бие сауғанда күн сайын саумал ішіп тұрдым. Арнайы бағулы тұрған биенің сүті керемет дәмді, әрі денсаулыққа пайдасы мол. Кезінде елді пандемия жайлағанда таптырмас сусын еді, қазір де саумалды тапқан адам ішеді. Ауылда бұл кәсіппен айналысатындар көп емес. Мемлекеттен кәсіпкерлікті қолдауға байланысты қаражат алып, табыс тапқысы келетіндер көп. Қазір биелері суалды. Келесі жылы саумал болса тағы да алып ішетін боламын, – дейді ауыл тұрғыны Абзал Тоқсейітов.
Машақаты көп, маусымдық кәсіпті бастап, мемлекет тарапынан қолдау тапқан бизнесті одан әрі дамыту үшін Ақмарал Өтесінқызы мал басын көбейту үшін тағы да ізденіп, өз бизнес-жоспарын әзірлемекші.
Қазақ ұлтына тән бие сауу мен қымыз ашыту өнерін меңгеруге талаптанған келіншек бұл сусын туралы біраз зерттеп білген. Оның айтуынша қымыз ауруды емдеумен қатар түрлі дерттің алдын алатын қасиетке ие. Ішек аурулары, асқазан, өкпе дертіне шипа болатын сусынды «ұзақ өмір беруші» деп бекер айтпаған дейді. Көңілге сергектік беретін емдік сусынды мөлшерімен ішу де маңызды.
– Қан қысымы жоғары болып жүретін адамдарға қымыз ішуге болмайды. Алдымен саумалдан бастаған жөн. Бұл асқазаны ауыратындарға да, қант диабеті бар кісілерге де байланысты. Бір айға дейін үздіксіз саумал ішкен адам дертінен айығады. Әрине мен дәрігер емеспін, бірақ қымыз бен саумал туралы тек қана пайдалы екендігі айтылады, – дейді көпбалалы ана Ақмарал Айманова.
Мың бір дертке дауа болған саумал мен қымыз жаман дертке төтеп береді. Бұл ата-бабамыздан қалған өсиет іспеттес.
Бибісара ЖАНӘЛІ