Халық саясына айналған бақ

Расында, ауданға қарасты елді мекендерге барғанымызда тың дүниені іздейтініміз анық. Осы жолы ауылдан бірнеше шақырым жерде орналасқан «Қайрақбай бағына» барғанымызда қаз-қатар орналасқан сыр талы мен теректі байқадық. Аталған баққа ағаш отырғызу білікті басшы Қайрақбай Нұрыбаевтың ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Осыдан 20 жыл бұрын энергетикалық алқапты жасау кезінде ауылдан 10 гектар жер дайындалған. Оның 4 гектар жеріне 900 түп терек, 5000-ға жуық Сыр талы отырғызылған. Қалған 6 гектар жерге мектеп асханасын қамтамасыз етіп, жәрмеңкеге өнім шығару үшін картоп, сәбіз, қызылша секілді бақша өнімі егілді. Сонымен қатар ауыл мұғалімдері қыстық азық алу үшін арнайы жер бөлінді.
– Талай жастың білім алуына, азамат болып қалыптасуына ықпал еткен Қайрақбай ағамыз ел істеріне де етене араласатын. 20 жыл бойы ауылдағы білім ұясын басқарып, еңбегімен елге танылды. Айналасына жақсылық ойлап, болысып жүретін ардақты аға аудан әкімдігінің бастамасымен игілікті істі қолға алды. Ардақты азамат туған жеріне берілген азамат. Облыстық дәрежеде ұсынылған қызмет пен пәтерден бас тартып, ауыл балаларын білім нәрімен сусындатты. Қайрақбай ағамыздың өз қолымен отырғызған талы бақшалық жерге айналды. Жас мамандарды тәрбиелеп, бағыт-бағдар көрсеткен тұғырлы тұлға өзі басқарған №126 орта мектептің ғимаратын 2002 жылы асар әдісімен салынуына ықпал етті, – дейді ауыл әкімі Ғалымжан Әкбаров.
Қытымыр қыстың екпіні күшейген уақытта «Қайрақбай бағындағы» терек пен Сыр талдары өткен мен бүгінгі байланыстырып тұрғанын байқатады.
Б.АЯБЕКҰЛЫ