Ұлағат ұясы
Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектеп тарихы өткен ғасырдың 34-ші жылынан басталады. Бірнеше бастауыш мектеп негізінде іріленген білім шаңырағы 1950 жылы В.Чапаев атындағы жеті жылдық мектеп болған. 12 жылдан соң сегізжылдық, ал орта мектеп ретінде 1987 жылы қалыптасқан.
Ауыл тұрғындарын қуанышқа кенелткен 2002 жыл елді мекен тарихында ерекше жыл болды. Осы жылы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Әдепкіде ауыл тұрғындарының атсалысуымен асар әдісімен басталған құрылысқа Қалжан ахун шаруа қожалығы қаржылық көмек көрсетеді. Мұнан соң жаңа мектеп ғимаратының құрылысына аудандық, облыстық бюджеттен қаржы қаралып, С.Алшынбаев басқаратын «Нұрай» ЖШС құрылысты небәрі 5 ай ішінде аяқтайды.
Ауыл балаларының жаңа мектепте білім алуына жағдай жасалып, ұстаздар қауымының сапалы білім беруіне мүмкіндігі артады. Жас ұрпаққа саналы тәрбие мен білім беруде еңбек еткен Ш.Жансымақов, М.Аюпов, Б.Оразаева, Н.Әбдібахитова, Қ.Ділдебаев, Ә.Сүйінішбаев, Ә.Ыбыраев, Қ.Нақыпов, С.Досымбетов, Қалыбай мен Нақыш Ермахановтар, Т.Бәшенов, Н.Әкбаров, Қ.Нұрыбаев, С.Қарамырзаев, Қ.Маханбетовалардың ұстаздық қызметі ел есінде. Білікті басшылар Е.Әбіл, Қ.Нұрыбаев, Б.Зинабдинов, Л.Палымбетова, Б.Сағындық ұжымның қарымды жұмыс жасауына үлес қосты. Ұлағатты ұстаздардың оқытқан шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде оқып, еңбек етуде. Атап айтқанда, республикаға танымал «Әзіл әлемі» театрының әртісі Қ.Әлжаппаров, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің жауапты хатшысының орынбасары А.Қияс, ҚР-ның спорт шебері М.Ерташов, өнер иесі Б.Қарамырзаев, қызылордалық «Қайсар» футбол командасының құрамындағы спортшы А.Жақаев, «Байқоңыр» футбол командасының жас спортшысы М.Меңлібаев – ауыл мектебінің мақтаныштары.
Айта кету керек, оқушыларды спортқа баулуда Мұрат Бөдеев, Марат Бәкуов, Болат Бәкуов, Руслан Сүйеубаев сынды ұстаздардың еңбегі зор.
Мектепті білікті басшы Қайрақбай Нұрыбаев басқарған жылдары ерте көктемде энергетикалық алқап жасау қолға алынып, жақсы бастама көтерілген. Ол үшін арнайы 10 гектар жер дайындалған. Алқаптың 4 гектары қоршалып, 900 түп терек, 5 мың Сыр талы егілді. Егілген ағаштар бүгінде жайқалып, баққа айналды. Сондай-ақ осы энергетикалық алқаптан мектеп мұғалімдеріне егін егуге жер де берілді. Мектептің асханасына қажетті көкөніс-бақша дақылдары егіліп, өнімі балалардың бір мезгіл ыстық тамақ ішуіне пайдаланылды. Мол өнім кезінде облыс, аудан орталығында өткен жәрмеңкеге де шығарылыпты
.
Қазіргі кезде мектепті тәжірибелі басшы Мұрат Төлегенов басқарады. Негізгі басымдық білім сапасын арттыруға бағытталғандықтан, мектеп бітірушілермен білім сынағына дайындық қарқынды жүргізілуде.
– Жаңа оқу жылының екінші тоқсанынан бастап оқушылар 100 пайыз сабаққа келуде. Кезекші сыныптар жоқ. Педагогикалық ұжым оқушылардың білім сапасын арттыруда талапқа сәйкес тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізуде. Өткен оқу жылында мектепті бітірген 7 түлек ұлттық бірыңғай тестке қатысып, барлығы да мемлекеттік грант иегері атанды. Биыл үш оқушымыз «Алтын белгіге» үміткер. Мектепте 43 мұғалім бар. 1 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 21 педагог-модератор санатында ұстаздарымыз бар. Алдағы уақытта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – дейді мектеп директоры М.Төлегенов.
2014 жылы мектеп жанынан жаңа ғимаратта кітапхана мен акт залы пайдалануға берілген. Сол жылы мектептің бу қазандығы ауыстырылып, сұйық отынға бейімделді. Ал өткен жылы ауыз су мен кәріз жүйесі күрделі жөндеуден өтіп, мектеп ғимаратының ішіне дәретхана салынған.
Ұстаздар арасында спорттан жетістікке жеткен Мұрат Бөдеев, Гүлмайра Сүлеймен есімі ерекше аталады. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі М.Бөдеев Президенттік көпсайыстан ҚР чемпионы атанса, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Г.Сүлеймен үстел теннисінен жүлделі орын алды. Командалық есепте де жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген мұғалімдер волейбол, үстел теннисінен топ жарып келеді.
– Мектептің мақтанышы – біздің шәкірттеріміз. Биыл қаңтар айында Жантөре Камалов есімді оқушымыз футболдан өткен республикалық турнирде «Үздік ойыншы» атанып, ІІ орынмен марапатталды. Жантөре – көркем сөз оқу шеберлігін шыңдап жүрген үздік оқушымыз. Ол аудандық кітапхана ұйымдастырған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты онлайн байқауда бас жүлде алды. Өнерлі оқушымыз Нұрайым Аралбай сурет байқауынан ІІІ орын алды. Бастауыш сынып оқушылары да түрлі сайыстардың жеңімпазы атанып, қуанышқа кенелтуде. Шәкәрім Камалиев – мектебіміздің атын республикаға шығарып жүрген өнерпаз. Оны ұстазы Б.Үсенов домбыраға үйретіп, күй орындаудың шебері атандырды. Онлайн байқауларынан қалыс қалмай үнемі қатысып, бағын сынап жүрген шәкіртіміз Шымкент қаласы әкімінің дипломымен марапатталды. Сондай-ақ «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Күй керуені» байқауында бас жүлде иегері атанды, – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самат Жұмаділ.
Сонымен қатар Елжас Хамитов, Жания Нұрланқызы, Нұрбибі Сұлтанбекова, Талшын Төребекова, Қазбек Седікәрімов – ұстаздарының мақтаныштары. Ал оқушыларын шығармашылыққа баулып, өздері де байқауларға қатысып, жүлдегер атанып жүрген Мұрат Бөдеев, Жанат Нұржан, Эльвира Мықбасова, Ақжарқын Есназарова – әріптестері арасында үздік атанған ұстаздар.
237 оқушыны білім нәрімен сусындатып отырған білім ордасының ұстаздарына шығармашылық жетістіктер тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ