Жерлесіміз – «Тұран» сыйлығының иегері
Облыс орталығында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Облыс әкімі Сыр елінің мәдениет қызметкерлері мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, марапат табыс етті.
– Ел Президенті Қ.Тоқаев «Ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын. Бүгін Өздеріңізге ақжолтай жаңалықпен келдік. «Сырдың елі – жырдың елі» атанған қасиетті мекеннің абыройын асырып, бақ-беделін сақтауға үлес қосушы мәдениет және өнер, әдебиет өкілдерінің сан жылдан бергі тілегі – облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығын табыстайтын боламыз. Жүлде қоры 500 мың теңгені құрайтын облыс әкімінің сыйлығы әдебиет пен өнер өкілдерінің шығармашылығын шыңдауға септігін тигізетініне сенімдімін. Он жылдан астам уақыттан соң арасы үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғадық. Талай дарын мен талант түлеген Сыр өңірінде мұндай сыйлық пен марапаттың болуы – заңдылық, – деді аймақ басшысы.
Өңір басшысы аймақ мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген өнер майталмандары мен ардагерлерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады. Сондай-ақ 20 өнер иесіне 500 мың теңгелік сертификаты бар «Тұран» сыйлығын табыс етті. Мұнан бөлек, аймақтың бірқатар мәдениет саласының қызметкері Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Аймақтың мәдениет ұйымдарындағы 8 өнер ұжымына 40 домбыра тарту етілді.
«Тұран» сыйлығымен марапатталғандардың арасында сырдариялық ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Нұрмұхамед Әбілқасымов бар.
– Білімді құмарланып терең қаздым,
Түбіне түскендеймін кемел наздың.
Аяқ-қолым ырқыма көнбеген соң,
Аузыма ағаш тістеп, өлең жаздым, – деп жырлаған ақын өзіндік өлең мәнерімен көпшіліктің құрметіне бөленген. Оның түйдек-түйдек жырлары кімді де болса селт еткізбей қоймайды. Оның «Тағдырымның жанары», «Тасжарған» өлеңдер жинағы жарық көрген.
Нұрмұхамед Әбілқасымов – қазақтың қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісінің иегері, «Шабыт» жастар фестивалінің дипломанты, «Алтын қауырсын» номинациясының лауреаты, «Жаншуақ» қоғамдық сыйлығының иегері. Сондай-ақ шахматтан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыс жеңімпазы, облыс әкімінің стипендиаты, «Лукойл» компаниясының грант иегері. Тағдыр қанша тартқыласа да табаны таймаған, өмірге соншалықты құштар, рухы биік азаматтың жігері, қиындыққа мойымайтын қайсарлығы өз алдына бөлек тақырып. Өңірдің, еліміздің мәдениеті мен өнеріне, поэзиясына өзіндік үлес қосып жүрген жерлесімізді кезекті жетістігімен құттықтаймыз!
Атаулы күнге арналған салтанатты іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
Е.БЕРКІНБАЕВ