Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ

ТЕКТІЛІК ФЕНОМЕНІ


Фенимор Купердің Чингачгугін білесіз бе? Білмесеңіз айтайын, Чингачгук могикан тайпасының соңғы билеушісі, ең ақырғы адамы. Ол еліне басқыншылықпен енген француздар мен ағылшындардың соғысы мен гурон тайпасының езгісіне қарсы күресті. Ақсүйектер тұқымынан шыққан Чингачгуктың жалғыз баласы бар-тын. Тегіне тартып туған ұл да адами құндылықтарды дәріптейтін.
Парасаттылығы мен пайымы ағылшындар мен француздарды да тәнті еткен. Купердің баяндауы солай. Қанша текті болғанмен Чингачгук баласынан ерте айырылып, тегін жалғастырар ұрпақсыз қалды. Алайда, оның тектілігі әлі күнге айтылып жүр, жаңғырып жүр. Азғантай философиялық ойды неге айтты деген боларсыз, бүгінгі нысанамызға іліккен тақырып тектілік жайында болмақ...
«Тектілік адам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық, т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді». Интернет осылай дейді. Шынында тектіліктің аксиомасы осы.
Көп жерде қазақ халқының тектілігі жөнінде сайрай жөнелеміз. Қаннан қанға, әкеден балаға берілетін тектіліктің қалыптасуы мен оның нық орнауына кім себепкер? Қазақ елінің негізін қалаған әз Жәнібек хан заманынан қара үзіп шыққан шипагер, ғұлама Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын сарайына шақыртып, қандай ауруды емдей алмайтынын сұрайды. Сонда емші тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиындығын алға тартады. Хан: «Оның алдын алуға бола ма?» – деп сұрайды. Билеушінің екінші сауалына: «Болады, жеті атаға дейін туыс адамдар бір-бірінен қыз алыспау керек», – деп жауап берген екен. Аты аңызға айналған емшінің мына сөзі ханның жарлық шығаруына сеп болыпты. Жәнібек ханнан бастау алар жеті атаға толмай үйленбеу күні бүгінге дейін жетті. Біз содан тектіміз. М.Қозыбаев «Жауды шаптым ту байлап» еңбегінде: «Тоқсан тоғыз қырылып, тоқсан тоғыз тірілген ол халықтың асыл тұқымын қалай сақтау заңын игерді. Жеті атаға дейін өзара қан араластыруға болмайтынын барша түрік тайпаларының ішінде ең алдымен түсінді», – деп Жәнібектің қазақ халқының тазалығы мен тектілігін қалыптастырудағы рөлін ашып көрсеткен.
Төл әдебиетімізді парақтасақ, ұлттық философиямызда адамның өлімі ұрпақсыз қалумен бейнеленеді. «Пәленшенің тұқымы осымен бітті», «Түгеншенің ұрпағы жоқ» деген өлімнен де ауыр қасірет еді. Ұлы адам да пенде. Мәселен, тектілігі мен аузының дуалылығы әлі күнге санамыздан өшпеген (тірі болсақ өшпейтін) Ш.Уәлиханов, М.Шоқай, Д.Қонаев, А.Байтұрсынұлы сынды тұлғалардың ұрпақсыз өтуінің сырын әлі түсінген жоқпыз. Ұлылардың ұлсыз өтуіне не себеп? Тектілердің тұяқсыз кетуінің сыры неде? Кемшін дүние. «Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ». Осы пәлсапаның астарында тектілік құбылысының ашылмай қалған құбылысы жасырылғандай. Тектіден тұқым алу оңай емес. Содан шықса керек, адам санасынан тыс қасиет дарыған тектілердің соңына ұрпақ ермейді деген тәмсіл бар.
«Аяз би» ертегісін оқыған біледі, хан уәзірлері тапқан жаманға өз тегін яғни тектілігін сынатады. Аяз би ханға қарадан шыққанын айтып салады. Жеті атасынан бері хан болдым деген билеушінің мұны күтпегені ақиқат. Себебі патшаның қара басынан басқа тегінде хандық жоқ-тын. Билеушінің әкесі он тоғыз әйелді ұл таппай, жарық дүниеге қыз әкелгені үшін өлтіре беріпті. Кілең қызды босанғандардың соңғысы болып билеушінің шешесі тәуіптерден қыз табарын біліп, наубайшымен келісімге келеді. Сол уақытта наубайшы қатынының аяғы ауыр еді. Екі тарап бала айырбастап, хан тұқымы осылайша ұлды болды. Хан мән-жайға қаныққан соң мініп жүрген жылқысын сынатыпты. Асыл тұқымды, жалына жел жармасқан сәйгүліктен туған жылқыны мінген Аяз бидің көңілі қалыпты. Жылқысының асылдығына сенетін, оның асыл тұқымдыдан туғанын білетін хан жаманның сандырағына сенбейді. Алайда, Аяз би жылқыны судан өткізіп көрмей ме, қанша жерден сәйгүлік болғанмен судан шыққанда артқы аяғын сілкіп шығыпты. Бұл жылқының қасиеті емес-тін. Сиырдікі. Себебі, құлын жетім қалып, сиырдың сүтін емген еді. Хан жаманның тапқырлығына тәнті болып, тағын береді. Айтылған мысалдар тектіліктің атақ пен дәрежеге қарамайтынын, тектіліктің қанмен, сүтпен, тәрбиемен берілетінін аңғартады.
Тектілік хақында баяндап келсек, қазақтың тұлғаларының дені текті тұқымнан шыққан. Мәселен, Шоқан, Ыбырай, Абай. Абайдың шыққан жері – Құнанбай әулеті. Бірде Құнанбай: «Әй, Абай! Мақтағыш болсаң, алдымен мені – Құнанбайды мақта! Өзімнен асырып мен сені тудырдым. Ал, сен мықты болсаң, өзіңнен асырып ұл тудыр. Содан кейін мақтанарсың, шырағым» деген еді. Бұл сөздің астарында Майқы бидің: «Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» – деген сөзі жатыр. Қай заманда да қазақтың зиялы, білімді, ел тізгінін ұстаған тұлғалары белді, дәулетті отбасында дүниеге келіп, сол отбасында өскен. Бұдан тек пен дәулеттің арасында көзге көріне қоймас бір байланыстың бары аңғарылады. Сөзімізге Н.Шайекеновтың сөзі арқау болады: «Табиғаттағы эволюцияның себебі – биологиялық тұқым қуалаушылық. Ал, қоғамдағы эволюциялық сабақтастықтың тетігі – мұра қалдыру құқығы. Меншікке ие болғаннан кейін адам өзі жинақтаған игілікті өзінен кейінге қалдыруды қамдай бастайды. Ол енді мұра жайында ойланады. Тарихи тұрғыдан қарағанда мұның өзі болашақ жайында ойлау деген сөз. Меншік иесі бар жерде адамның түп-тегі туралы ұғым бар! Олай болатыны – тек меншік қана өзіңнің түп-тегіңді қадірлеуге үйретеді. Шәркейін сүйреткен салтаңбай тектілік дегенді ойлап қайтсін». Содан болар халқымыз «дәулет сауаптан болса қайырлы» деген ұстанымда болып, арам мен асылды араластырмағанды текті деп есептеген.
«Алма сабағынан алысқа түспейді», «түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы», «тектен нәр алған тозбайды», «шұғаның қиқымы да шұға», «тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы», «тегінде бар тектілік», «тектілік тұқым қуады», «текті жердің тұлпар ұлы», «тегі мықты», «тегі таза», «тегіне тартқан», «асылдың қиығы», «тектінің тұяғы», «жақсының көзі», «асылдың сынығы». Бұл қазақ танымындағы тектілікке қатысты сөздер. «Жаманнан жақсы туса – теңі болмас, жақсыдан жаман туса – емі болмас» дейді тағы ұлттық философия. Ал, бұл философия сақталып тұр ма?
Бүгінде «жүзге бөлінгеннің – жүзі, руға бөлінгеннің – өзі күйсін» дейтіндер көбейді. Жаһандану дәуірінің қақпасын ашқандардың дені солай деп сайрап жүр. Қанында бар қасиеттен жеріну қай халықты оңдырыпты?
Мына жерге тағы бір мысалды кірістірейік, авар жазушысы, ақын Расул Ғамзатов Америкаға барған ғой, сол елде қандасын кезіктіріпті. Екеуі біршама сөйлесіп, біраз мәселенің басын қайырған ғой. Әрине, аудармашының көмегімен. Расул авар тілінде, әлгі ағылшын тілінде. Сол кісі суретші болса керек. Желік қуып, америкалық арманын орындауға бола мұхит асыпты. Содан Расул елге қайтар сәтінде әлгі кісінің аманатымен авар қызының портреті мен сәлемдемесін елдегі қарт анасына апарып бермек болады. Апарып та береді. Алайда суретшінің анасы сәлемдемені қабыл алмайды. Не себеп дейсіз ғой? Анасы баласының қай тілде сөйлескенін сұрапты. Ағылшын тілінде, аудармашының көмегімен тілдескенін естігенде, ондай баласының жоқтығын, оның өлгенін айтқан екен. Демек өткенінен, дінінен, ділінен, тілінен ажыраған ұрпаққа тектіліктің не қажеті бар?
Еуропа халқы сықылды мәдениетті болар, бірақ тексіз боп өспей ме? Ал, ру, жүз – қазақтың тектілігін сақтайтын құбылыс. Біле білгенге, рушылдық уақытындағы атқарушы биліктің рөлінде болды. Соның нәтижесінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел қалыптасты. Тектілік пе? Жеті атаға дейін қыз алыс¬пау, қан араласпау үрдісін қалыптастырды. Тектілік пе? Қазір қалыптасқан мәдениетті қоғамда өзге ру түгіл өзге ұлтқа баласын беріп жатыр. Қазақты қазақ болудан ада етуде. Тектілік пе?
Ойымызды қорытындыласақ, тіршілікте бірде-бір өсімдіктің тамырсыз өспейтіні, өркен жаймайтыны сияқты, адам баласы да өзінің ата-бабаларымен көзге көрінбейтін тамырлар арқылы жалғасқан. Жазушы Тұрсын Жұртбай бір сөзінде: «Бекзадалықтың, мырзалықтың, шексіз өктемдіктің, бақ-дәулеттің ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, өздерін ерекше жаратылған тұқым есебінде марапаттайтын «қаракөктің» баламасы өзге ұлтта да ұшырасады. Шыңғысханның ата-бабасының нұрдан жаралуы, Еуропадағы асыл тектілердің «голубая кровь» деп аталуы соған саяды. «Қаракөк үзілмеген тұқымның» билігі мәңгілік үстемдікке айналған. Әсіресе, ру-ру болып тіршілік құрып, өмір сүретін көшпелі жұрт үшін бұл қатып қалған қағида» ,- деген еді.
Тегі асылдың – ұрпағы кемел.

Д.САДЫҚ
10 маусым 2018 ж. 1 461 0