Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Кемелденудің негізгі жолы қандай?

Кемелденудің негізгі жолы қандай?

Жаһанданудың жалыны шарпып, ақпараттық технологияға жұтылып бара жатқан тұста кітап оқу мәдениеті бәсеңдемегені дұрыс. Адамның өмір сүру дағдысы өзгергенімен, ұлттық құндылықтан ажырамау керек. Әрине, күйбең тіршіліктің ауанынан болар, рухани азықтан алшақтаған көпшілік кітап оқуға уақыт таба бермейді. Кезекті рет оқырман қауымға «Самға» баспасынан жарыққа шыққан дінтанушы Қайрат Жолды­байұлының «Кемел адам» кітабын оқуға ұсынбақпыз.

Негізінен, 7 бөлімнен, 376 беттен тұратын кітап кісілік болмысты айқындап, адами қасиетті даралауға арналған. Жан-жақты жетілген идеал­ды адамның бойындағы кемелдену сатысынан өту деңгейі сараланады. Автор кемел адам ретінде рухани бай, мінезі көркем, білімі терең, байсалды, айналасына қарым-қатынасы жақсы, дені сау, қаржылай тәуелсіз тұлға екенін айқындайды. Оқуға тілі жатық, сөзі көркем мазмұнды әрбір туындының астарында ерекше мән жатыр. Жетістікке жету жолында кездесетін кез келген кедергіні жеңу үшін мотивациялық бағыт-бағдар бері­леді.

– Қазіргі таңда кітап дүкені сөрелерінде тұлғалық дамуға қатысты шетелдік туындылар самсап тұр. Біршамасы қазақ тіліне аударылған. Тұлғалық дамуға бағытталған дәрістер мен ментор, коучтар да көбейді. Бұл, әрине, қуанарлық құбылыс. Алайда солардың бәрін 100 пайыз дұрыс деу қиын. Бұл бағыттағы шетелдік кітаптарда айтылған, жазылған дүниелердің кей тұстары ұлттық ойлау жүйемізге, ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымызға, тіпті діни сенімімізге қайшы келіп жатады, – дейді Қайрат Жолдыбайұлы.

Расында, автор кітап жазу барысында ұлттық құндылықты ең бірінші орынға қойған. Қазақ ойшылдарының даналық сөздерін негізге ала отырып, оқырманды жан-жақты тәрбиелеуге көңіл бөледі. Алғашқы бөлімде кемелденудің кедергілері түсіндірілсе, екінші бөлімде тән саулығына аса мән беріледі. Кітапта уақытты тиімді пайдалану және жоспарлау тәсілі, қаржылық сауатты жетілдіру, эмоциялық зердеге байланысты тұжырым кеңінен жазылады.

«Өмірімді өзгертсем, жақсы адамға айналсам» деп ниеттенген талай адамның өмір жолына шолу жасаған автор кертартпа мінезден арылу қағидасын тереңнен баяндайды. Адам­ның өзіне деген сенімсіздігі салдарынан туындайтын кедергіні жою амалдары айқындалады. Мұндайда туа бітті пайда болатын мінезді өзгертуге бағытталған бірнеше амал қарастырылады. Мұндайда білім алып, адам өзін жетілдіріп отыру маңызды. Тәуекел ету, харекет ету, өзгеден үлгі алу, уайымнан арылу, қайғыға берілмеу, тәубеге келу секілді адамда кездесетін табиғи іс-әрекетті қалып­тастыру тізбектеледі.

Мотивациялық кітапта адамның ең басты байлығы – денсаулық хақын­да көптеген мысал келтіріледі. Адам денсаулығының жақсы болуы үшін күйзеліске түспеу, таза ауада серуендеу, сауатты тамақтану, көтеріңкі көңіл-күйде жүру, дұрыс ұйықтау, үнемі қозғалыста болу тәртібі жазылады. Дене қозғалыста болып, табиғи өнім тұтынған адам жиі сырқаттанбайды. Адам бойындағы энер­гияның жетіспеушілігі салдарынан денсаулықтан кінәрат табылады. Құндылығы мол кітапта автор дұрыс тамақтануға қатысты бірнеше кеңес келтіреді. Шын мәнінде, 8 сағаттан көп ұйықтайтын адамдардың өмірі аз ұйықтайтындарға қара­ғанда 15 пайызға қысқа болатындығы дәлел­денген.

Бүгінде кез келген адам адалынан табыс тауып, қаржысын молайтуды көздейді. Мұндайда қаржылық сауаттылықты жетілдіру кімге болсын керек. Автор еңбекпен тапқан қаржының сауатты, тиімді жұмсалу жолдарына тоқталады. «Ақша табу – үлкен еңбек, оны сақтай білу кемеңгерлік, ал тапқаныңды орнымен жұмсау – өнер» деп философ Луций Сенека айтқан болатын. Кез келген адам үнемдеу әдіс-тәсіліне баса назар аударуы керек.

Адамның эмоциялық зердесіне байланысты кітапта көптеген мағлұматқа қанығасыз. Уақытты тиімді пайдалану бойынша зерттеулер жүргізілген. Анығын айтқанда, сұранысқа ие кітаптың оқырманы көп.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: aikyn.kz
10 желтоқсан 2024 ж. 70 0