Жастар кітап оқиды ма?
Жалпы, заманауи технологиялар қарыштап дамыған тұста кітап оқу үрдісі бәсеңдеп қалғаны жасырын емес. Шын мәнінде, кітап адамның рухани байлығын дамытып, ой өрісін кеңейтуге таптырмас құрал екені мәлім. Кітаптан бас алмай оқитын аға буынның қатары сирегенімен, рухани азықты жанына серік еткендер жетерлік.
Ал «жастар арасында кітап оқуға қызығушылық басым ба?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі уақытты ақылды гаджеттен бас алмайтын жастардың көпшілігі кітап оқуға деген құлшынысын төмен екендігін аңғартады. Негізінен, барлық жастағы аудиторияға арналған кітап жарық көруде. Дегенмен, сиясы кеппеген жаңа туындыларды оқитын жастар қатары аз. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, казіргі жастар техникалық және ақпараттық технология, гуманитарлық бағыттағы мамандықтарға түскендіктен, өз салалары бойынша әдебиеттерге ден қояды. Ал, әдеби бағыттағы шығармаларға қызығушылық төмендігі іс жүзінде дәлелдеген.
Жазушы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген болатын. Әрине, адами тұрғыдан кісілік болмысты қалыптастыруға зор мүмкіндік туғызатын кітапты жастарды оқытуға сан түрлі іс-шаралар жасалуда. Өткен жылы аудандық жастар ресустар жанынан «Кітап клубы» ашылған еді. Бүгінде орталықтың мамандары ақын-жазушылардың кітаптарын жинақтап, аудан жастарына кеңінен насихаттауда. Сонымен бірге көпшілікті кітап оқуға баулып жүрген Әділбек Исламбек ай сайын кітапсүйер оқырманға арнап, онлайн және оффлайн түрде жарыс ұйымдастыруда. 10 мыңға жуық адамға қатысатын жарыста ақшалай және бағалы сыйлық табысталады. Сонымен бірге кітап оқуға керекті ақыл-кеңес пен бірқатар мағлұматтар беріледі. Бұл ретте, жастардың ой танымын дамытатын жарыста XXI ғасырдың өскелең ұрпақтары сан алуан шығарманы оқуда. Бұл дегеніміз – жастарды бір-бірімен жарыстыру арқылы кітап оқуға қызықтыру болып табылады.
Өз кезегінде Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің кітапханашысы Жанат Ұзақбаева жастардың кітап оқуына байланысты пікірін білдірді.
– Шындығында жастар арасында кітап оқуға деген әуестік бәсеңдеп қалғаны айқын білінеді. Бұрындары біз жарысып, бір-бәрімізден қалмау үшін кітапхана есігін тоздыратын едік. Заман ағымына сай кітапқа деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Жастар электронды кітап оқу бейімделіп, кітапханаға келуді азайтқан. Ғаламтор желісінде ғылыми еңбектер көптеп жариялануына байланысты студенттер, оқушылар өзіне керек мәліметті кітапханадан іздеуге құлшыныс танытпайды. Олар үшін интернеттен қараған неғұрлым оңай көрінеді. Негізінен, жастарды кітапқа қызығушылығын арттыру мақсатында мектеп қабырғасында сан түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз. Жалпы мектеп кітапханасында 26000 дана кітап қоры бар. Әдеби, көркем-публицистикалық, тарихи секілді бірнеше жанрды құрайтын кітаптар қоры өскелең ұрпақтың ой-өрісін жетілдіруге, адами болмысын қалыптастыруға зор үлесін тигізеді деп білеміз, – дейді №37 мектеп-лицейінің кітапханашысы Жанат Ұзақбаева.
Бүгінгі күннің негізгі мәселесіне айналған кітапға оқуға деген жастардың құштарлығын ояту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілсе, тиісті нәтиже қол жеткізуге болатындығы мәлім. Жастарды бос іспен айналыспай, кітап оқуға шақырамыз.
Меруерт ӘБСАДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
журналистика мамандығының
1-курс студенті