Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Кемелденудің таптырмас құралы

Кемелденудің таптырмас құралы

Жалпы, қазіргі қоғамда адамдар арасында кітап оқуға деген қызығушылық төмендеп бара жатқандығын көпшілік алға тартады. Жазушы Мұхтар Әуезов «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деген екен. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, кітап оқу барысында адамның миы өзгереді және дамиды деген дәлел бар. Бұл ретте, күнделікті кітап оқуға арналған пайдалы кеңестер жиынтығын тізбектеп көрген едік.

Көп оқырман кітапты қашан, қалай және қанша уақыт оқудың амалын таппай жүреді. Осы ретте, екі жылдан бері еліміз бойынша кітап оқудан жарыс ұйымдастырып келе жатқан Әділбек Исламбек әр адамның өзіндік кітап оқу жылдамдығы бар екенін алға тартады. Негізінен, әрбір оқырман тәулігіне 30 бет кітап оқуға бір сағатын арнаса, аптасына бір кітапты тауысыды. Осы жүйе арқылы үздіксіз уақытын оқуға арнаған адам бір жылда 60 кітаптың мазмұнына қанығады.

Шын мәнінде, кітап оқығанда жалығып кету, ұйқы басу тікелей асқазанның қызметіне байланысты болып табылады. Адам бойындағы күш тамақты қорытуға жұмсалғанда ұйқы басып, кітап оқуға белсенділік бәсеңдейді. Сондықтан кітапты ашқарында оқыған тиімді. Ғалымдар кітап оқығанда суды көбірек ішу керектігі жөнінде кеңес береді. Сонымен бірге кітап оқу барысы көзбен, жүйкемен, қан тамырларымен байланысатыны анықталған. Кітап оқыған адамның нейрондық тізбесі қартайғанша үзілмей, ұмытшақтықтан арылады екен.

Ендігі кезекте көздің кітаппен өзара қатынасуын қарастырамыз. Кез келген кітаптағы ақпарат миға көз арқылы жетеді. Негізінен, көздің өзіндік ақпаратты қабылдайтын жадысы бар. Көз жадысында қабылданған ақпарат 10-15 жылға дейін сақталатындығы дәлелденген. Көздің жадысын жақсар­тудың бірден-бір амалы – кітап оқу екені даусыз.

«Оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын ояту үшін нес­теу керек»? секілді бірнеше заңды сауал туындайтыны рас. Ең алдымен қызығушылықты арттыру үшін арнайы оқырман клубтарының мүшесі болу, кітапханаға жиі бару, оқымысты жандармен сұхбат құру өз септігін тигізеді. Оқып отырған кітап пайда әкеліп, ерекше эмоция сыйлаған жағдайда мидың қызығушылығы оянады. Қолыңыздағы кітаптың 18 бетін оқыған кезде жалығып кеткен жағдайда мәтінді оқуды тоқтату керек. Мұндайда шығарманы аз-аздан түсіну арқылы кітапқа деген қызығушылықты арттыруға болады.

Ғалымдар дерегінше, кітапты жылдам оқуға қатысты көптеген дәлел бар. Жер бетіндегі адамның 95 пайызы мәтінді баяу оқиды. Негізінен, жылдам оқу барысында көздің шаршауы аз кездеседі. Дәстүрлі оқуда мәтін мазмұнын түсіну деңгейі 60 пайыз, жылдам оқуда 80 пайызды құрайды. 20 мың­­нан астам кітабы бар Ленин 1 минутта 1 бет оқуға дағдыланған. Ал бұрынғы АҚШ президенті Франклин Рузвельт 1-2 сағатта қалың кітапты тә­мам­дап отырған. Өз кезегінде нейро­био­логтардың зерттеуінше, адам не­ғұр­­лым кітапты жылдам оқыса, со­ғұр­лым ол адамның түйсігі мен ойлау қа­­білеті жоғарылайтыны дәлелдеген. Айта кетейік, баяу оқу кезінде көпшілік кі­тапта жазылғанның тек 20 пайызын тү­сіне алады. Керісінше, жылдам оқуда ту­ын­дының 90 пайызын ұғуға мүмкіндігі зор.

Кітап оқуға уақыты тапшы жандарға саммари оқуға кеңес береміз. Саммари дегеніңіз – кітаптың қысқаша мазмұндамасы. Толық кітаптың ең негізгі бөлігі, идеясы таңдалып алынады. Уақыт үнемдеген оқырман 1 ай оқуға тиісті кітапты 1 күнді оқып шығуына болады. Аталмыш саммари кітаптар бір тақырып айналасында жазылған бірнеше шығарманың негізінде дайындалады.

Бұл ретте, оқырман арасында тараған цундоку дерті жайында ақпарат келтірейік. Ондай дерттегі жандар кітап сатып алады, алайда мүлдем оқымайды немесе кейін оқуға қалдырады. Негізінен, әйелдер қауымы ер азаматтарға қарағанда кітапты 68 пайызға артық сатып алады екен. Қызықты ақпарат қатарында дүниежүзінде сатылатын кітаптың жартысынан көбін 45 жастан асқан жандар өз меншігіне алады. Самарқан қаласында кітап пішіндегі әуежай салынған. Германияда ескі телефон дөңгершектері кітап алматыстыратын орынға айналған. Йель университетінің ғалымдары кітап оқу өмірді 2 жылға ұзартатындығын зерттеп шыққан. Негізінен, кітап пен көздің ара қашықтығы 30-40 см-дан кем болмауы тиіс.

Біз келтірген жоғарыдағы құнды деректер кітап оқытудың майталманы Әділбек Исламбектің қажырлы еңбегінің арқасында жинақталған. Ақылды гаджеттер жаулаған заманда электронды кітапхананы қалыптастыру жолы қарастырылған. Кез келген уақытта кемелденуге жол ашатын пайдалы дүниелер көп. Оның ішінде, тұрақты түрде кітап оқудың өзіндік рөлі зор.

Бірер жыл бұрын ауданымызда оқушылар арасында «Кітап оқы да, тұлға бол!» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Оны ақын Нұрмат Мансұр мен жас депутат Ақтөре Ибрагимұлы ұйымдастырып, жалпы құны 2 млн теңгеге жуықтайтын жобаны жүйелі жүзеге асырды. Талабы да оңай әрі мазмұнды болған байқауды көпшілік жоғары бағалады. Кітап оқып, түсінігін айтқан оқушылар 30-ға жуық велосипед мініп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Байқауды ұйымдастырушылар жоба арқылы жастарға кітап оқу мәдениетін насихаттауды басты мақсат еткенін айтады. Бұл да кемелдікке жетудің бір жолы. Себебі, сол байқаудан кейін кітап оқуды тұрақты әдетке айналдырған оқушылар қатары артты.


Балтабай ОРДАБЕКОВ

Фото: kz.otyrar.kz
05 қыркүйек 2023 ж. 138 0