Еңбек еленген күн
Республикадағы үздік ауылдардың бірі саналатын Нағи Ілиясов ауылының халқы «Алтын дән – 2024» мерекесін кең көлімде атап өтті. Анығын айтқанда, «Мағжан және К» ЖШС-нің ұйымдастыруымен молшылық тойы жүзеге асты. Салтанатты іс-шараға «Қазақстанның Еңбек Ері», Қызылорда облыстық күріш өндірушілермен және өңдеушілер қауымдастығының президенті Абзал Ералиев, «Мағжан және К» ЖШС-нің төрағасы Дархан Ералиев, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев, шаруашылықтың атқарушы директоры Еркебұлан Дарханұлы, диқандар мен ауыл тұрғындары, ардагерлер қатысты.
Биыл «Мағжан және К» ЖШС 4500 гектар жерге Сырдың басты дақылын еккен. Ерте көктемнен бастау алған егін науқаны ала жаздай тоқтаусыз жүргізілді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде қамба астыққа толды. 450 адамды жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық орта есеппен 68,5 центнер өнім алған. Осындай мерейлі сәтте «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев диқан қауымды молшылық мерекесімен құттықтады.
– Жыл сайын өлшеусіз еңбектің жемісін көріп келеміз. Аптап ыстықта шыдамдылық танытып, күріштің әрбір сұрыпына күтім жасаған сала мамандары бар мақтауға лайық. Ата-бабадан келе жатқан кәсіпті жастар көптеп меңгеріп, қажыр-қайратын танытуда. Дегенмен, біз аға буынның тәжірибесіне иек артамыз. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге барынша көңіл бөлінуде. Біз әр жылдары сан түрлі күріш дақылын орналастыруға мүдделіміз. Баршаңызды айтулы күнмен құттықтаймын, – деді Абзал Жұмашұлы.
Салтанатты іс-шарада дала еңбеккерлері құрмет төрінен көрінді. «Жыл үздіктері» марапатталып, оларға қаржылай сыйлық табысталды. Сонымен қатар «Мағжан және К» ЖШС-іне қарасты МТМ меңгерушісі Талғат Жүнісовке, механизатор Қарабай Башаровқа, сушы Қайрат Найзатаевқа жаңа автокөліктің кілті берілді.
– Ауыл шаруашылығы саласы – ұлттық экономиканың құрамдас бөлігі. Аграрлық өңірде ерекше серпіліс бар. Қазақ халқы «Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деп бекер айтпаған. Шаруашылық қызметкерлері дамылсыз еңбек етіп, орасан жетістікке қол жеткізуде. Үздіктер қатарынан көрінген әр маманның шаруашылықта өзіндік орны қалыптасқан. Жыл қорытындысы бойынша 3 маманға автокөлік беруге ұжым болып шешім қабылдадық. Әрине, еңбекті бағалаған абзал, – деді Дархан Жұмашұлы.
Дала еңбеккерлерінің торқалы тойында эстрада жұлдыздары ән айтып, би биледі. Аудан өнерпаздары да өнер көрсетті.
Балтабай ОРДАБЕКОВ