Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақынның жаңа кітабы

Ақынның жаңа кітабы

Біздер, Әбіштің де, Раяның да курстастары соңғы екі-үш күнде бір-бірімізден сүйінші сұрап, осы қуанышпен бөлісудеміз. «Журфак деген бір ел бар» деп әндеткің келеді, себебі өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қаз МУ-дің журналистика факультетіне түскен студенттердің бір-біріне деген достық пейілі қанша жыл өтсе де, қанша шақырымдар араларын бөліп тұрса да, әлі күнге суымай жалғасып келеді. Бұл – бір ерекше бауырмалдық, айрықша ағайынгершілік, ешкімде жоқ достық.

Қазақтың бүгінгі белгілі ақыны, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, журналист әрі аудармашы Әбубәкір Смайыловты сол студент кезден танимын. Армиядан келген Әбішке арнап, достары дастарқан жайып, жерлестерін шақырды. Солардың ішінде біздің курстан Рая, мен, Амантай, орыс тобынан Гуля болдық. Кейіннен Әбіш біздің курстың ең әдемі қызы Рая Абдулламен шаңырақ құрды. Ол тойды да кездескен сайын еске аламыз, 1986 жылдың 14 желтоқсанында Алматыдағы «Бригантина» кафесінде думандатып өткен еді. Әбіштің курстас­тары да бүгінде мықты журналист, арқалы ақын, қаламы жүйрік жазушыларға айналған. Солардың қатарында марқұм қазақтың бард ақыны Табылды Досымов, Серік Аббас-Шах, Арман Сқабылұлы, Әділбек Қаба, тағы басқалары бар.

Әбішпен екеуміз жерлеспіз, туыстығымыз да бар. Сонау бір жылдары Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы «Айдарлы», «Аманкелді», «Бесарық», «Қоғалыкөл» және «Жетікөл» деген бес ауылы біздің Тереңөзек ауданымен қосылатын болды. Мен ол кезде аудандық газетте тілші боп жұмыс істеймін. Жұмысшы топпен күнде екі ауданның арасын жол қылған, ұйқысыз, күлкісіз күндер еді. Сондай бір сапарда «Жетікөл» ауылындағы орта мектепке келдік. Мектепке кіргеннен бастап, қабырғадағы «Біздің мақтаныштарымыз» деген тақтаға көзім түсті. Онда бірнеше адаммен қатар, Әбубәкір Смайыловтың да суреті тұр екен. Ол кезде Әбіш – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. Ауылдастарының Әбішке деген құрметіне риза боп қайттым.

Уақыт зырылдап өте берді. Мен Астанаға 2000 жылдардың басында келдім. Келген соң осындағы курстастарымызбен жақын араласа бас­тадым. Солардың қатарында Рая мен Әбіш те бар еді. Балжан курстасым екеуміз жатақханада тұрамыз, Рая қонаққа шақырады, улап-шулап барып қайтамыз. Сонда Әбіш пен Рая бізді күліп қарсы алып, шығарып салатын. Студенттік шақтарды еске алатын жақсы кездер еді.

Бүгін міне, Әбіштің көптен күткен жаңа жыр жинағы шықты деп қуанып отырмыз. Үйде оның «Жүректегі ақынның жазбалары» деген 2005 жылы жарық көрген кітабы бар. Әр барған сайын «Әбіш-ау, осылай жүре бересің бе, шығарсай кітабыңды, қатыссай бәйгелерге, сені, сенің жырларыңды жұрт сағынып жүр» деп айтып кететінмін. Соңғы жылдары әлем классиктерінің шығармаларын тәржімалауға кірісіп кетті. Соның ішінде бес жүз беттен тұратын Эрих Мария Ремарктің «Салтанат қақпасы» атты кітап та оқырманнан жақсы бағасын алды. Аударма – өте қиын да күрделі сала және адамның бүкіл уақытын алады. Оны өзім де жақсы білемін.

Әбіш Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы жылдарында Қорғаныс министр­лігінің Баспасөз хатшысы болып істеді. Ол әскери журналис­тиканың бас­тауында тұрған санаулы мамандардың бірі. Қазір Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде студенттерге әскери журналистикадан дәріс оқып жүр.

Әбіш өзі көп жыл әдеби ортадан саяқ жүрді. Ол тіпті ешқандай әлеуметтік желіде де жоқ. Бірақ, оның өлеңдері өз курстастарының, туған-туыстарының қолдауымен оқырмандарға жетіп жатыр. Оның азаматтық поэзиясының шоқтығы биік. Мұны жақында Астана қаласында Ұлттық кітапханада өткен «Құс жолында біреу жүр жоқ қараған» атты жаңа кітабының таныстырылымына қатысқандар да атап өтті.

Әбіштің тілі – құнарлы, шұрайлы, қазақтың көне сөздеріне өте бай. Оның өлеңдерін оқырман іздеп жүріп, құмартып оқитыны да содан шығар. Ақын деген өте күрделі және қиын тұлға. Ақынға жар болу – оңай тірлік емес. Бұл ретте менің досым Рая, о бастан-ақ кімге жүрегін сеніп тапсырғанын және ол жолдың соқтықпалы, соқпақсыз болмайтынын да жақсы білген сияқты. «Әрбір мықты еркектің артында не оның анасы, не жары тұрады» деген тәмсіл бар ғой. Олай болса, Әбіштің өзі де мықты, оның тапқан сүйікті жары да мықты.

Сан қырлы талантты азамат Ә.Смайыловтың жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Сырдария ауданының тумасы, қазақтың бүгінгі белгілі ақыны, кезінде Фариза Оңғарсынова мен Есенғали Раушановтың ықыласына бөленген, үлкендерден жақсы лебіз естіген Әбубәкір Смайыловтың жаңа кітабы құтты болсын, жазар көбейсін. Шығар­машылық табыс тілеймін.

Дәметкүл ҚҰМАҚБАЙ,
Астана қаласы

30 қараша 2024 ж. 35 0