Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақын Қатира Жәленованың «Сезімнің нәзік сырлары» атты шығармашылық кеші өтті

Ақын Қатира Жәленованың «Сезімнің нәзік сырлары» атты шығармашылық кеші өтті

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова 70 жасқа толды. Осыған орай Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрында мерейтой иесінің «Сезімнің нәзік сырлары» атты шығармашылық кеші ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысқан кешке ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, журналист-сықақшы Көпен Әмірбек, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәмшия Жұбатова, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Байхонов және Қазақстан Жазушылар одағының секретариат меңгерушісі Қайырниса Жұмашова шақырылды.

Шара барысында аймақ басшысы мерейтой иесін туған күнімен құттықтап, ілтипатын көрсетті.

Өңіріміздегі ақын қыздардың көшбасында тұрған Қатира Сыздыққызы - өзінің өміршең шығармаларымен Сыр елінің рухани-мәдени өміріне зор үлес қосып, туған жердің атын алысқа танытқан талант иесі. Ақынның «Аңсаған менің әнімсің»,«Ақ гүлдер» аталатын жыр жинақтары мен ән мәтіндері өлеңсүйер қауымның сүйікті шығармаларына айналды. Сондай-ақ, ақын өлеңдері орыс тіліндегі жинақтарда жарық көріп, өзінің де аударма ісімен айналысқаны баршаға мәлім. Қазақтың аяулы ақын қызын мерейлі мерекесімен құттықтап, осы тойға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы
Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулеттің өзі бастап, халқымызға танымал өнер өкілдерінің ат басын бұрып келуі де Қатира апайдың поэзиядағы өзіндік орнын танытса керек.
Құрметті Қатира Сыздыққызы,өзімнің атымнан және Сыр елінің жырсүйер жұртшылығы атынан Сізді бүгінгі мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Біз Сізді, шығармашылығыңызды әрқашан биік бағалаймыз, - деді облыс әкімі.
Мұнан соң, өңір басшысы мерейтой иесін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттап, дәстүрге сай иығына бешпент жауып, құрметін көрсетті.
Қалалық жастар театрының әртістері сахналанған қойылым қойып, кешке келгендердің көңілін көтерді. Ақын Ұлықбек Есдәулет бастаған делегат Қатира Сыздыққызын мерейлі жасымен құттықтап, ақжарма тілектерін айтты. Сондай-ақ, шара барысында аймақтың бірқатар ақын-жазушыларына Қазақстан Жазушылар одағының куәлігі салтанатты түрде тапсырылды.

Айта кетейік, Қатира Жәленова 1951 жылы Шиелі ауданы, Ақмая ауылында дүниеге келген. 1978 жылы «Қызғалдық көктем» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Әр жылдары ақынның туындылары жинақ болып басылған. Тағы бір топ өлеңдері «Разбег», «Мадонны Турана» атты орыс тіліндегі антологияға енді.

Тәжік ақыны Г.Сүлейменованың «Қырық бұрым» өлеңдер жинағын қазақ тіліне тәжімалап, «Алақандағы ұя» әңгімесі әлемнің бес тіліне аударылған.

Облыс әкімінің екі мәрте стипендианты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты.
©Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
14 қараша 2021 ж. 813 0