Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

Бүгін – Мұқағали Мақатаевтың туған күні

9 ақпан – ақиық ақын, аудармашы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ғасыр ақыны» атағының иегері Мұқағали Мақатаевтың туған күні.

Ол 1931 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында туған. Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келген. 1932-33 жылдардағы ашаршылық, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс... Тағдырдың ащы дәмін ерте татқан ақын С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген соң, Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады.

1952-1969 жылдары Қарасаз бастауыш мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі, Қазақ радиосының дикторы, Шалкөдеде "Қызыл отау" меңгерушісі, Нарынқол аудандық «Советтік шекара» (қазіргі «Хантәңірі») газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарында әдеби қызметкер, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің кеңесшісі қызметтерін атқарған.

Мұқағалидың ақындық жолы «Советтік шекара» газетінде 1949 жылы алғаш жарияланған «Қырманға», «Қойшы бала-Әкітай» өлеңдерімен басталады. Кейіннен «Інімнің ойы», «Шебер» өлеңдері «Жастық жыры» атты жинаққа енді. Сонымен қатар оның «Ақ қайың әні», «Аққулар ұйықтағанда», «Арман», «Шолпан», «Райымбек! Райымбек!», «Қашқын», «Моцарт. Жан азасы» атты поэма толғаулары мен 650-ден астам лирикалық өлеңдері бар. Ол аударма саласында да бақ сынап, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударған. Оның өлеңдеріне Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Бейбіт Оралұлы, Алтынбек Қоразбаев сынды көптеген сазгерлер ән жазды.

Ақындықты жанына серік етіп, Қазақ поэзиясының символына айналған Мұқағали Мақатаев 1976 жылы дүниеден озды.

09 ақпан 2022 ж. 380 0