Партиялық билеттер табысталды
«АMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табыстау салтанаты өтті. Іс-шараға «АMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының төрағасы Ержан Әжікенов арнайы қатысып, партия мүшелеріне партияның тарихы, жетістіктері, жобалары мен алдағы мақсат-міндеттері туралы айтты.
– Өздеріңізге белгілі, «АMANAT» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Ауданымызда да нақты жұмыстар жүргізілуде. Біз сайлау алдында халыққа берген уәделеріміздің орындалуын тұрақты назарда ұстап келеміз. Партияның әрбір мүшесі бұл іске атсалысуы қажет деп есептейміз. Өйткені, елдің дамуы жолында мемлекеттің де, партияның да мақсат-мүддесі бір. Сіздер жақсы білесіздер, қазіргі кезеңде елімізде Президенттің бастамасымен мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, ел экономикасын дамытуды күшейтудің алғышарты ретінде саяси жобалар да жүйелі жүзеге асуда. Бұл бағытта біздің жұмысы бір жүйеге түскен. Мәслихаттың 12 депутатының 11-і «АMANAT» партиясынан сайланған болса, 1 депутат «АУЫЛ» партиясының өкілі. Бүгінде 3 депутаттық мандат бос тұр, 8 желтоқсан күні 2 мандат бойынша сайлау өтіп, Айдарлы, Жетікөл және Аманкелді ауылдарының халқы өз таңдауларын жасайды. Біз өз кандидаттарымызды ұсынғанбыз. Бүгін біздің жақтастарымыздың, әріптестеріміздің саны тағы да артады. Сіздерге партиялық билетті табыстау арқылы бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді Ержан Ертарғынұлы.
Басқосуда «АMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы сөз сөйлеп, партияның жаңа мүшелерін бірлесе жұмыс істеуге шақырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.