Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өсімдіктерді қорғау саласының талаптары

Өсімдіктерді қорғау саласының талаптары

Өсiмдiктердi қорғау саласы – өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң зиянды және ерекше қауiптi зиянды организмдерден ысырабын болғызбау мақсатымен фитосанитариялық мониторинг әдiстерiн, фитосанитариялық iс-шараларды әзiрлеуге және практикада қолдануға бағытталған қызмет саласы. Осы қызмет саласын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 3 шілдедегі №331-ІІ «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңы қабылданды.

Бұл Заң өсiмдiктердi зиянкестерден, арамшөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау саласындағы қызметтi жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық, ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды және егiн өнiмiн, оның сапасын сақтау мен Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық iс-шараларды жүзеге асыру кезiнде адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердi болғызбауға бағытталған. Өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерi:

1) мемлекеттің азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;

2) қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету;

3) фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзу кезiнде пестицидтердiң адамдардың денсаулығына зиянды әсерiнiң, ауыл шаруашылық өнiмi, қоршаған орта ластануының алдын алу және оларды болдырмау болып табылады.

Өсімдіктерді қорғау саласының талаптарын орындау мақсатында биылғы жылы аудан көлемінде біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы республикалық бюджет есебінен 3500 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде азиялық шегірткеге қарсы әуе арқылы 3000 гектар, жер агрегаты арқылы 400 гектар жер өңделсе, ал италиялық прусқа қарсы 100 гектар жер агрегаты арқылы өңделді.

Сонымен қатар аудандағы барлық ауылшаруашылық тауар өндіріушілер өз қаражаты есебінен күріштің арамшөптеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізіп, химиялық өңдеу жұмыстарына гербитокс, топшот, солито, рейнбоу гербицидтерін қолданды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдаға № 15-02/584 бұйрығына сәйкес аудан көлеміндегі барлық жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік фитосанитариялық бақылау обьектілерімен байланысты және өсімдіктерді қорғау саласының талаптарын орындау мақсатында өз аумақтарында фитосанитариялық мониторинг пен фитосанитариялық iс-шараларды жүргiзуге және зиян тигізудің экономикалық шегінен көп зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдер анықталған жағдайда фитосанитариялық есеп жүргізіп, уәкілетті органға тапсырып отырады.

Сырдария ауданы бойынша өсімдіктерді қорғау саласының талаптарына бақылау жасау үшін аудандық аумақтық инспекцияда өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі инспекторы қызмет атқарады.

Е.Дарибаев,
Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының бас маман - өсімдіктерді қорғау және карантині
жөніндегі мемлекеттік инспекторы

26 қараша 2024 ж. 38 0