Ерекше қауіпті зиянды организмдермен күрес
Біздің облысымызда ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерінің екі түрі кездеседі. Олар азиялық шегіртке және италиялық прус. Азиялық шегіртке аймағымыздың ну қамысты шабындықтары мен күріш егістіктерінде көп тараған. Ал италиялық прус құмды, далалық шөлейт жерлерде көптеп кездеседі. Екі ерекше қауіпті зиянкестерге қарсы зерттеу жұмыстарын "Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы" РММ Сырдария аудандық филиалы атқарады. Аталған ерекше қауіпті зиянкестер Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен аса қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілген. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлері мен мал жайылымдықтарын аса қауіпті шегіртке зиянкесінен қорғау шаралары (зерттеу, химиялық өңдеу жұмыстары, улы химикаттар) ҚР "Өсімдіктерді қорғау туралы" Заңының талаптарына байланысты Республикалық бюджет есебінен қарастырылған.
Қазірті таңда азиялық шегіртке және италиялық прустың дернәсіл кезеңіңе қарсы мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда италиялық прусқа қарсы 75500 гектар жерге, ал азиялық шегірткеге 70000 гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.Осы зерттеулердің нәтижесінде үстіміздегі жылы азиялық шегірткеге қарсы 3400 гектар, ал италиялық прусқа 100 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп болжам жасалып отыр.
Бүгінгі күнге Республикалық бюджет есебінен ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы қолданылатын пестицидтер (улы химикаттар) толығымен алынды. Осыған байланысты аудан көлемінде ерекше қауіпті шегіртке зиянкестерімен карантиндік нысандарға қарсы фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, сапалы, тиімді жүргізу шараларын орындау мақсатында аудандық штаб құрылған.
Алдағы уақытта, аудан аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, ерекше қауіпті зиянды организмдергеқарсы мониторинг және химиялық өңдеу жұмыстарына аудандық аумақтық инспекция тарапынан қатаң бақылау жасалады.
Аудан көлеміндегі барлық бал ара шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға ескере кететін жайт ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары кезінде бал араларын қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз етуін сұраймыз.
Е.ДӘРІБАЕВ,
Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының бас маман - өсімдіктерді қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы
Фото: ашық дереккөзден