Мақсат - қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Өңіріміз астықты аймақ болғандықтар егінге зиян келтіретін аса қауіпті организмдермен күресу өзекті мәселе екені анық. Олар егіннің шығуына кері әсерін тигізіп, көптеген шығындарға ұшыратады. Осы орайда көпшіліктің сұранысына орай, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының басшысы М.Наурызбаевпен жедел сұхбат құрған едік.
– Марат Батырханұлы, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына тоқталып өтсеңіз?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы №894 қаулысымен «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген болатын. Осы бағдарлама аясында фитосанитариялық қауіпсіздік саласы жөнінде бірқатар мәселе көтеріліп, фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында фитосанитариялық талаптар, мемлекеттік қызметтер көрсету тәртібі, карантиндік және аса қауіпті зиянды организмдермен күресу әдістері мен тәсілдемелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу жолымен қолайлы фитосанитариялық ахуалды сақтауға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін ынталандыру жөніндегі шаралар кешені әзірленуде.
– Облыс аумағында карантиндік аймақтар бар ма?
– Қызылорда облысы әкімдігінің 2019 жылғы 14 тамыздағы «Қызылорда облысының аумағында карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу туралы» Қызылорда облысы әкімдігінің «2013 жылғы 23 қазандағы №334 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» №37 қаулысына сәйкес, Қызылорда облысы аумағында 4 карантиндік объекті белгіленген. Олар: жатаған (қызғылт) кекіре, арам сояулар, калифорниялық қалқаншалы сымыр, қауын шыбыны. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан үйірлі және саяқ шегірткелердің экономикалық зиянды шегінен жоғары саны бар. Сонымен қатар жоғары фитосанитариялық қауіп төндіретін карантиндік объектілерге қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар ғана қаржыландыру жоспарлануда.
– Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қалай субсидияланады?
– Қалған аса қауіпті зиянды организмдер зиянды астықтың сұр көбелегі, гессен шыбыны, астық қоңыздары, мақта көбелегі, өрмекші кене, саршұнақтар, тышқан тәрізді кеміргіштер, колорадо қоңызы, дәнді дақылдардың аурулары (тат ауруы, септориоз), зиянды организмдер шалғын көбелегі, бидай трипсі, жағалау шыбыны, карадрина және карантиндік объектілер (оңтүстік америкалық қызанақ күйесі, жеміс ағаштарының бактериялық күйігі, қауын шыбыны, мемлекеттік босалқы жердегі карантиндік арамшөптерді қоспағанда) бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатып алынған препараттардың құнының 50% мөлшерін субсидиялау қарастырылуда. Осыған орай, алдағы уақытта жеке және заңды тұлғалар жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жұмыс жасауы тиіс.
– Аудандағы ахуалды да атап өтсеңіз?
– Аудан аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қабылданған бағдарламаларына сәйкес 2019 жылы аудан көлемінде анықталған ерекше қауіпті шегіртке зиянкесіне қарсы 7320 гектар жер, карантиндік объектілерге қарсы қауын шыбыны, кекіре, сарышырмауық, калифорниялық қалқанша сымырына барлығы 323 гектар жерге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, химиялық өңдеуден өтті. Үстіміздегі жылы да осы мақсатқа қаржы бөлінеді және ауданда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің егістіктерін зиянкестерден, арам шөптерден қорғау жұмыстары жалғасатын болады.
Сұхбаттасқан Е.БЕРКІНБАЕВ