Қарымды қаржыгер

Халыққа қаржы мәселесі бойынша қызмет көрсету біліктілік пен асқан жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Жауапты саланың ыстығы мен суығына төселген Айнұр Ғалымқызы аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Кейіпкеріміздің бұл салаға деген қызығушылығы сонау бала күнінен басталған. Оның қаржы мамандығын таңдауы да бекерден бекер емес. Себебі, білікті маманның отбасы қаржы саласында талай жылдар бойы абыройлы қызмет етіп, өзіндік қолтаңбасын қалдырған жандар. Қаржы маманы болуды бала күнінен армандап, болашағын сол саладан көрген оның осы мамандықты таңдауына қаржыгер ағалары сеп болған. Нақты қаржыгер боламын деген сенімділігі мен алдына қойған мақсатының арқасында Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Заң» факультетіне оқуға түсіп, «Қаржы және қаржы құқығы» мамандығы бойынша білім алады. Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Қызылорда гуманитарлық заң колледжінде оқытушы болып бастаған. 2008 жылдан бастап Сырдария аудандық экономика және қаржы бөліміне жұмысқа орналасады. Сол жылдан бастап күні бүгінге дейін бөлімде заңгер-кеңесші, жетекші маман, бас инспектор, бас маман сынды жауапты қызметтерді атқарып, мол тәжірибе жинақтады.
– Қаржыгер болуды бала кезімнен армандап, қызығушылығым басым болды. Болашағымды тек осы саладан ғана көре алдым. Бүгінде осы салада ел экономикасының дамуы жолында қызмет етіп келемін. Қай саланы алып қарасақ та қаржымен тікелей тығыз байланысты. Еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, сауда-саттық, экспорт, импорт, қаржы мәселелері валютаға келіп тірелетіндіктен теңгеміздің тұралап қалмауы – мемлекет назарындағы басты әрі маңызды мәселе. Қаржы мәселесімен жұмыс істеу жауапкершілікті талап етеді. Бұл салада асқан қырағылық пен ұқыптылық қажет. Себебі бюджет түсімі мен қаражаттың дұрыс игерілуі мемлекет үшін өте маңызды. Бүгінде аудандық қаржы бөлімі аудан бюджетін қалыптастыруға, мемлекеттік қаржыны және коммуналдық меншікті басқаруға, мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен басымдықтарын айқындауға атсалысады. Өз кезегінде аудандық экономика және қаржы бөлімінің біліктілігі мен парасаты тең түсіп, жастарға өнегесімен үлгі болған, білгендерін үйретіп, жол көрсеткен Ғалым Садықов, Мағрипа Жүсіпбекова, Ғалым Акбаров, Ерлан Ахетов, Бақыт Шаудиров сынды аға буын өкілдерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Саладағы ұстаздарымның арқасында біраз тәжірибе жинадым, – дейді Айнұр Ғалымова.
Білікті маман ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші, даму индикаторы, «Amanat» партиясының жол картасының орындалу қамтамасыз ету бойынша 5 жылдық жоспар құрып, бюджеттік мәселесін, шығындардың мақсатты және уақытылы игерілуін, кірістердің жоспарға сай орындалуын қадағалайтын жауапты қызметті атқарады. Бойындағы адамгершілік қасиеті мен жұмысқа деген жауапкершілігін ұжымдас әріптестері жоғары бағалайды. Саладағы атқарып жатқан көп жылғы ілкімді істері мен нәтижелі жұмысының арқасында бүгінгі күні бірлігі жарасқан іргелі ұжымның білікті маманына айналды. Айнұр Ғалымқызының талай жылғы еткен еселі еңбегінің нәтижесінде жеткен жетістіктері де жоқ емес. Аудан үшін атқарып жатқан жұмыстары мен қажырлы еңбегі әркез бағаланып келеді. Әрқашан мемлекет мүддесі мен абыройын жоғары қоятын кейіпкеріміз тек білікті маман ғана емес, сонымен қоса берекелі шаңырақтың түтінін түтетіп отырған көпбалалы ана, аяулы жар, ибалы келін. Отбасын барлығынан биік қоятын кейіпкеріміз келіндік қызметін атқарып, балаларына аналық махаббаты мен тәрбиесін беріп, жұбайының көңілін тауып отбасының ұйытқысы болып отыр.
Өз кезегінде кәсіби мереке қарсаңында кейіпкерімізге жемісті еңбек, кәсіби табыс, қаржы ісіндегі тұрақтылық пен табыс тілейміз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ