Қаржы саласының білгірі
Ер мінезді, әр ісіне мығым, жауапкершілігі жоғары Айнұр Есмағанбетова мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек етіп келеді. Соңғы 22 жыл бойы қаржы саласын жетік меңгеріп, есеп-қисаптың ұңғыл-шұңғылына қаныққан ол – кәсіби біліктілігімен өзгелерден даралана білген. Әрине, экономикалық саясатты, салық жүйесін, қаржылық реформаны жүзеге асыруда кейіпкеріміз барынша ыждағаттылық танытады. Көктемнің шуақты мерекесі аясында мемлекеттік қызметте нәзік жандылардың орнын айқындай алған Айнұр Амантайқызы хақында қалам тербемекпіз.
Биыл еңселі елуді еңсеретін қаржы саласының білгірі алғашқы еңбек жолын Тереңөзек ауданы бойынша салық инспекциясынан бастайды. Алғашқы мамандығы бойынша Қызылорда қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында білім алған жас маман бойындағы қабілетті қаржы саласына қарай бейімдейді. Әрқашан жасаған жұмысынан жоғарғы нәтижені күтетін Айнұр Амантайқызы Сырдария ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман, салық төлеушілермен жұмыс, өндіру бойынша және ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтерін асқан жауапкершілікпен атқарады. Кейіннен, Каспий қоғамдық университетінде «Қаржы және несие» мамандығы бойынша білім алған оның салық саласындағы тегеурінді қызметі ел есінде. Ел қазынасын молайту жолында үздіксіз ізденісі жұмысының өнімді болуына үлкен септігін тигізді.
Қиындығы мол қызметте жүріп, Айнұр Амантайқызы отбасылық өмірді тыс қалдырмады. Ол 22 жасында тереңөзектік Қуанышбек Сәденовпен отау құрады. Ұлағатты ұстаз Патыма Алданованың келіні атанған аяулы жан отбасы мен қызметтің бабын қатар тапқаны баршаға аян. Жолдасы екеуі 4 перзент сүйіп, бақытты ғұмыр кешті.
– Мемлекеттік қызметтің әйел заты үшін көтерер жүгі ауыр. Оның үстіне есеп-қисапқа негізделген қаржы саласының күрделілігі адамды шыңдай түседі. Өзінен кейінгіге үлгі болу үшін білмеймін деуге хақымыз жоқ. Қашанда мемлекеттік қызметкер антына адал болуға міндетті. Өзіндік этикаға бағытталған қызмет жүйесі қатаң тәртіпті талап етеді. Тұтастай ауданның қаржысын заңдылыққа сәйкес бағдарлау, жоспарлау маңызды рөл ойнады. Негізінен, менің биік белестерді бағындыру жолымда ата-анам, отбасым, бауырларым бар көмегін аямады. Өкініштісі, осыдан 8 жыл бұрын жолдасым бақилыққа аттанып, балаларының қызығын көрмей кетті. Қазіргі уақытта екі ұлымыз үйленіп, 1 немере сүйіп отырған жайым бар, – дейді Айнұр Амантайқызы.
Айта кетейік, А.Есмағанбетова 2020-2023 жыл аралығында аудандық қаржы бөліміне жетекшілік етті. Өз ісінің білгірі басшылық жасаған ұжым 2022 жылы ауданда «Үздік ұжым» атанды. Ал көргені мол, тағылымы терең бөлім басшысы да, үздіктер қатарынан көрінді. Қазіргі уақытта жүрегі мейірімге толы ардақты жан аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқаруда. Өз кезегінде 20 жыл бойы Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында қызмет еткен Айнұр Маханбеталиева әріптесі жөнінде жылы лебізін білдірді.
– Айнұр әріптесіммен бірнеше жыл бірге қызмет жасаған болатынбыз. Үнемі жайдарлы қалпынан таймайтын оның бойында табандылық, өжеттілік басым. Салық саласында өзінің жылдар бойы жинақтаған білімінің арқасында толағай табыстарға қол жеткізді. Өзі жетекшілік еткен бөлімнің жылдық жоспарын межелі түрде орындап, кәсібилігімен басшылықтың зор алғысына ие болды. Әркез қаржы тақырыбында пікір алмасып отырамыз. Нағыз мамандар бір-біріне қолғабыс етіп, барынша бағыт-бағдар беріп отыратынына сенеміз. Замандасымның мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Сырдария ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қарасты салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Айнұр Маханбеталиева.
Қай қызметте болсын айқын көзқарасын танытатын Айнұр Амантайқызы көптеген марапатқа қол жеткізген. Оның кез келген марапаты қажырлы қызметіне берілген лайықты баға деп білеміз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ