Жауапкершілік – екінші есімі
Мемлекетке адал қызмет ету – нағыз ерлікпен тең. Мемлекеттік қызметкер болу екінің біріне бұйыра бермейтіні де содан. Нағыз елім деген елжанды, ұлтым дейтін ұлтжанды азаматтар ғана халықтың тұрмысын жақсартуға, елдің ертеңін жарқын етуге жұмыс жасайды. Халыққа шын жаны ашып, шынайы ниетпен жасалған еңбектің де жемісі өнімді болары сөзсіз.
«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген. Адал еңбек пен мықты жігердің арқасында көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген Ерлан Ахетов туралы ел-халықтан тек жақсы пікір мен мақтау естіп келеміз. Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында аудан экономикасын ұтымды басқарып, үйлестіріп отырған білікті басшымен пікірлесудің сәті түсті. Десек те мақалаға кейіпкеріміздің өз сөзін емес, көптің пікірін арқау еттік.
«Ел экономикасын өркендету жолында еңбек етіп келеді. Бөлім қызметінің алға басып, ұдайы биіктен көрінуінде де аянып қалған емес. Қызмет бабында жоғары тәжірибелі маман екенін дәлелдеп келеді. Үлкенмен де, кішімен де тіл табысып, кіммен болса да қарапайым сөйлесіп, айналасындағылардың көңілін көтеріп жүреді. Ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеттері, жылдам әрі дұрыс шешім шығаруы нағыз көшбасшылық қасиеттерін айқындайды. Өзі әр іске үлкен жауапкершілікпен қарайды, айналасындағылардан да соны талап етеді. Жұмыс барысынан тыс қоғамдық жұмыстарда да белсенді. «Жақсының жақсылығын айт» деген, әркез қайырымдылықпен айналысып, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға жәрдемдесіп жүретін жомарт жүрек иесі.» Бұл біздің емес, Ерлан Дәуітбекұлы туралы қызметтес әріптестерінің пікірі.
Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет. Ал мемлекеттік қызметкер – мемлекеттің айнасы. Еңбек жолы 2001 жылы Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппаратының салық инспекторы қызметінен басталған. Аудан орталығындағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы білім ордасын үздік тәмамдағаннан кейін Алматы құрылыс және менеджмент колледжіне оқуға түсіп, «Бухгалтер-заңгер» мамандығын алып шыққан. Әркез ізденіс пен биікке ұмтылуды жөн көретін ол білімін жалғастырып, Қызылорда инженерлік-экономикалық институтында «Экономист» мамандығын игеріп шыққан. Бала күнінен есеп пен қисапқа жүйрік бозбала қызметке араласқан тұстан бастап өз біліктілігін дәлелдеп, талай сыннан сүрінбей, абырой биігіне айқын мақсатымен жетіп келеді. Қандай жетістікке жетсе де бәрі білім мен ілімнің жемісі деп білетін Ерлан Ахетов әлі күнге дейін біліктілігін арттырып, тәжірибесін толықтырып отырады. Және «мен білемін» деген таяз ой мен өркеуделіктен аулақ азамат қарапайым мінезімен көпке сыйлы болып жүрген жайы бар. Әке мен ананың түзу тәрбиесін алып, адалдықтың туын бір сәт түсірмеген жан бүгінде өзі де үлкен, берекелі отбасын айрандай ұйытып отыр.
Ерлан Ахетов өзінің қызметімен ғана емес, тәлім-тәрбиесімен балаларына, шырайлы отбасымен көпке үлгі болып келеді. Қазіргі таңда алты бала тәрбиелеп, өсіріп отырған азамат – арқасүйер әке, ардақты жар. Жұбайы Айнұр – білім саласының білікті маманы. Балалардың алды жоғарғы оқу орнында білім алып жүр, үлгілі студент. Атап айтсақ, Дана – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінің студенті. Ал Жансаясы Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық университетінде білім алуда. Айша мен Ернұр – үздік оқушы. Егіз ұлдар Ердар мен Сардар – бес жаста.
Ерлан Дәуітбекұлы жиырма жылдан аса уақыт еңбек өтілінде түрлі мекемеде абыройлы қызмет еткен. Басты бағыт – есеп-қисап саласы. Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппаратының маманы, Сырдария ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің жетекші маманы, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маман-бас есепшісі, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясы талдау бөлімінің бас маман-тексерушісі, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы сияқты лауазымды қызметтер атқарып, тәжірибесін толықтыра білген. Әр жылдары аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы лауазымдарын атқарған Ерлан Ахетов аудан әкімінің орынбасары қызметін де абыроймен атқарып, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек сіңірген. Орталық сайлау комиссиясында да өзіндік қолтаңбасы қалған. 2021 жылы қаржы саласына қайта оралып, бүгінгі таңда аудандық экономика және қаржы бөлімін ұтымды үйлестіріп басқарып келеді. Ауданның бар қаржысын игеріп, аудан хал-ахуалының күретамырына айналған мекемеде 21 қызметкер әділ басшымен бірлікте жұмыс жасауда.
Ерлан Дәуітбекұлының әр жылдардағы жемісті еңбегі басшылық тараптан елеусіз қалмай, арнайы марапаттарға да ие болып жүргенін айта кету орынды. Оның ішінде «Қазақстан қаржы, жоспарлау, банк жүйесіне 90 жыл» мерейтойлық төсбелгісі, «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдары кеудесінде жарқырайды. Одан бөлек ҚР Қаржы министрінің, облыс, аудан әкімдерінің, Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хаттары мен арнайы құттықтаулар білікті басшы, абыройлы маманның беделінен хабар беріп тұр. 2014 жылы «Үздік қаржыгер» номинациясын жеңіп алғаны және бар. Қаржы-экономика жүйесінің құрылғанына 100 жыл толуына орай 2021 жылы шыққан «Ғасыр белесінде» атты кітапқа енгенін де атап өту қажет.
Өмір де, қызмет пен билік те сыншысыз болмайтыны анық. Талай жылғы қызметте түрлі жандармен қызметтес болып, өз ұстанымымен әркез өз биігінде қалған азамат жас та болса, бас болып, көпке үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Аудан экономикасын дамытып ел экономикасының жандануына үлес қосып, мерейлі еңбек етіп жүрген мәртебелі маманды кәсіби мерекесімен құттықтап, шабыт, табыс, амандық тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ