Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Меморган басшылары Президент Жолдауын іске асыру жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс - Бектенов

Меморган басшылары Президент Жолдауын іске асыру жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс - Бектенов

Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Президент Жолдауын іске асыру жоспарындағы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай тапсырманы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов берді, деп жазады KAZINFORM.

- Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі іс-шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. Үкіметтің алдына экономикаға, агросекторға және логистика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты міндеттер қойылды. Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз, - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуіміз қажет.

- Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары алға қойылған міндеттерге сай келеді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жоспардағы іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс. Барлық қаржыландыру мәселесін шұғыл шешу қажет, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, отырыста Министрлер кабинеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын мақұлдаған еді.


15 қыркүйек 2025 ж. 62 0