Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Офицердің анасы

Офицердің анасы

Ана үшін перзентінің сенімді ақтап, елге адал қызмет етуінен ас­қан ба­қыт та, байлық та жоқ. Бұл – әрбір ананың асыл арманы. Осы ретте текті әулеттің қазынасына айналған абзал аналар біздің қа­сиетті Сыр өңірінде көп екені белгілі. Сондай ардақты аналардың бірі де бірегейі – еңбек ардагері Бахыткүл Салхадинова.

Ардагерлік кезеңге абыроймен жетіп, өсірген ұл-қызы­ның рақатын көрген аналарды үлкен-кіші әркез үлгі тұтады. Ал Бахыткүл Тайбағарқызы асыл жарымен бірге адал еңбекті ту етіп, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп, бәрін өсіріп-жетілдіріп, қанаттандырды. Осындай үлгілі жан Жаңа жыл мерекесі қарсаңында зор қуанышқа кенелді.

Бұл жолы ақ жаулықты анаға Қызылорда облыстық Полиция департаменті жанындағы ардагерлер кеңесінің шешімімен «Офицердің анасы» төсбелгісі берілді. Бұл төсбелгі қызметін адал атқарған, уақытпен санаспай ел дамуы үшін жемісті еңбек еткен, өз антына адал болған азаматтардың аналарына беріледі. Осы ретте Б.Тайбағарқызын аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, сала ардагерлері Б.Ілиясов, Ғ.Әлекеев, Қ.Сүлейменов арнайы құттықтады.

– Елімізде бір отбасынан түлеп ұшқан офицерлер көп. Олардың ата-аналарына құрмет көрсету – біздің па­рызымыз. Бахыткүл анамыздың қос перзенті аудандық полиция бөлімінде қызмет етсе, олардың бауыры Дос ҰҚК шекара қызметінде қызмет етіп, ел шекарасын күзетуге барын салды. Сондықтан асыл жанға «Офицердің анасы» төс­белгісінің берілуі өте орынды, – деді М.Нағымұлы.

Бүгінде ұл-қызынан 39 немере, 20 шөбере сүйіп отырған ардақты ана құрмет көрсеткен құқық қорғау органдарының ардагерлеріне алғыс айтты.

– Саналы ғұмырымда балаларымның жетістікке жет­кеніне куә болып келемін. Тұңғышым Мүзәрап – мемлекеттік қызметші, ол С.Сейфуллин ауылы әкімі аппаратында бас маман қызметін атқарады. Одан кейінгі қызым Райкүл – медбике, ал Мейрамкүл, Қалдыгүл, Дүйсенкүл, Айгүл – өзім секілді ұл-қыз тәрбиелеп отырған аналар, бір-бір әулеттің келіндері. Өз кезегінде құқық қорғау және қорғаныс саласында еңбек еткен ұлдарым зейнетке шығып, қазір әр салада қызмет атқарып жүр. Балаларымның жемісті еңбегінің арқасында осындай мәртебеге ие болып жатырмын, – деді ардақты ана.

Жасы сексенге жақындап қалған ардагер ананы мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтаймыз.


Балтабай АЯБЕКҰЛЫ
23 желтоқсан 2023 ж. 303 0