Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Матаға сурет салу кәсібін бастаған

Матаға сурет салу кәсібін бастаған

Қазіргі таңда халық сұранысына сай кәсіп бастау – кәсіпкерліктің ең ұтымды әрі табысты жолы. Десек те ең бастысы – кәсібіне деген қызығушылықпен келіп, істің нәтижелі әрі сапалы болуы. Бүгінде берекелі Бесарықта кәсіпкерлік саласы түрлі бағытта дамып келеді. Тыңнан түрен салған бизнес иелері жергілікті халыққа тиімді кәсіп ашуға дағдыланған.

Заман талабына сай жаңа технологиямен өз кәсібін дөңгелетіп отырған Жарқын Сапарғалиұлы матаға сурет басып шығару өнерін кәсіпке айналдырған. Істің ебін тапқан кәсіпкер бастапқыда түрлі салада бақ сынаған. Негізгі мамандығы – техник-механик. Алғашқыда механизатор, көлік жүргізушісі болған ол жеке мекемеден қолдан бұйым жасауды үйреніп, тәжирибе жинай отырып осы кәсіпті қол етеді. Кейін өзінің қаражатына бизнесіне қажетті шағын құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін одан әрі жандандырады.

«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, кәсіптің көзін тапқан бесаспап шебер матаға сурет басып шығарумен қатар, ағашқа түрлі өрнек салып, бұйымдар жасайды. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деп дәл осы кісіге қарата айтылғандай.

– «Кәсіпкерлік – дара қызмет. «Қалауын тапса қар жанар» демекші, осы істі кәсіпке айналдырғаныма екі жылдай болды. Алғашында өзім сатып алған құрал­дармен ағаштан бұйымдар жасап жүрдім. Халықтың сұранысы күннен-күнге артқан кезде құралдарды жаңар­тып, қосымша жабдықтар алу қажет екенін аңғар­дым. Кәсіпкерлік мақсатта жеңілдетілген несие беретін мекемелердің жұмысымен танысып, ыңғайлы қаржы ұйымын іздедім. Осы орайда, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының талаптары көңі­лім­нен шықты. Және де қажетті құжатты жинақтап, тиісті қаржыны алуға көп уақыт кетпеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайызбен 15 млн теңге алдым. Бұл қаржыға сурет шығаратын, матаға сурет басатын және лазерлік станоктар алдым. «Кәсіп түбі – береке», алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтіп, үйренемін деген жастарды үйретіп, жұмыс көзімен қамтамасыз еткім келеді, – дейді жеке кәсіпкер Жарқын Сапарғалиұлы.

Кәсіптің көзін тапқан іскер жанның өнімдері тек облыс бойынша емес, еліміздің басқа қалаларында да жоғары сұранысқа ие. Ұлытау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қаласының тұрғындары өнімге тапсырыс беруде. Матаға салған суреттері мен ағаштан жасалған шежіре жазылған тақтайша, сағат, сувинир бұйымдарына тұтынушылар әлеуметтік желі арқылы көріп, онлайн тапсырыс береді екен. Ал матаға салт-дәстүрге сай сурет түрі таңдалады.

Кез келген істі бастаған сәтте тек қаражат көзі ғана емес, қасыңда сенім білдіретін отбасыңның қолдауы маңызды. Жарқын Сапарғалиұлының жары Айнұр Алиева да қолынан өнер тамған шебер тігінші. Оның да негізгі мамандығы – қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінде Қызылорда қаласындағы мектепте тәрбиеші болып жұмыс істейді. Тәрбиешілікпен қатар үй шаруасын да қатар алып жүрген, өзі қалаған іспен қосымша айналысатын ұстаз-ана Айнұр Алиеваның хоббиі – тігіншілік. Әрқашан ізденіс үстінде жүретін жанның бір қыры – тігін тігіп, кәсіппен айналысу.

– Тігін тігу менің бала кезімнен келе жатқан сүйікті ісім. Карантиннің кезінде үйде құр отырмау үшін тігін тігудің қыр-сырын үйреніп, тәжірибемді жетілдірдім. Үйде кішкентай тігін машинам бар еді, сонымен бастап кеттім. Кейіннен жеңілдетілген несиеге сапалы, заманауи тігін машинасын алып, кәсібімізді дөңгелетіп жатырмыз. Жылдан жылға қолымнан шыққан қыз жасаулары мен тойтабаққа және сыйлыққа арналған ескерткіш бұйымдарды сұраушылардың қатары артуда. Айына сувинир бұйымдардың 300 данасына дейін жасайтын кезім болады. Шүкір, бүгінде тапсырыс тек еліміздің азаматтарынан ғана емес, шет елден де түсіп жатыр. Жақында ғана Ресейге өнімдерімді жібердім. Алдағы уақытта жасап жатқан кәсіпті одан әрі кеңейткім келеді, – дейді шебер Айнұр Алиева.

Бір-бірін сөзсіз түсінетін ерлі-зайыптылар кәсіпкерлік саласында бірге жетістікке жетіп, ауылдың өсіп-өркен­деуіне өз үлесін қосуға мүдделі. Бұл жолда жарасымды отбасы тынбай еңбек етіп келеді. Берекелі бақ қонып, құт-береке дарыған ерлі-зайыпты Жарқын мен Айнұр 4 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы. Алға қойған мақсаты айқын қос шебер алдағы уақытта қолөнерді отбасылық кәсіпке айналдырып, болашақта балаларын да осы кәсіп түріне үйреткісі келеді.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
05 қараша 2024 ж. 120 0