Он саусағынан өнер тамған
Қазіргі таңда гипспен жұмыс жасау дамып келе жатқан қолөнер түрі. Халық сұранысына байланысты кәсіптің көзін тапқандар жетерлік. Кез келген жаста кәсіп бастауға ешкім шектеу қойған емес. «Кәсіп нан сұрамайды, ол өзі тамақтандырады»деген, нағилық Аянат Қуанышқызы гипстен түрлі кәде-сый, заманауи үлгідегі тойтабақ, түрлі қобдиша, қыз-келіншектерге арналған жиынтық жасауды табыс көзіне айналдырған.
Аянат – ғасырлық тарихы бар білім ордасы №132 Түймебай Айтбаев атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы. Мектебінің мақтанышы білім алумен қатар қолөнермен айналысатын ең жас кәсіпкер десек те болады.
– Бала күнімнен анам қолөнерге үйретті. Анам да негізгі жұмысынан бөлек қолөнермен айналысады. Қолөнерге деген қызығушылығымды кәсіпке айналдыруды жөн көрдім. Содан соң ғаламтордан гипстен түрлі бұйым жасау жолын үйреніп, өз бетімше жасай бастадым. Бүгінде жеке парақшаға дайын өнімдерді салу арқылы тапсырыс қабылдап отырмын. Ең алғашқы тапсырысым 50 дана қобдиша болған. Кәсіпті бастағаныма алты ай болса да ауыл тұрғындарынан басқа аудан, еліміздің әр аймағынан да тапсырыс беретіндер көп. Көбіне той жасайтын кісілер заманауи үлгідегі тойтабақтарға тапсырыс жасап жатады. Ең көп жасаған тапсырысым – 250 дана қобдиша. Айналысып жатқан қолөнер кәсібі төзімділікті, сабырлықты, әсемдікті қажет етеді. Тапсырыс берген әрбір адамның талғамына сай дүние жасау үлкен жауапкершілік. Сондықтан әр кезде ізденіс үстінде жүремін. Мен ең бірінші оқушы екенімді, білім алу керек екендігін естен шығарған емеспін. Болашақта дәрігер болғым келеді. Және де бастаған кәсібімді одан әрі қарай дамытамын деген ойдамын, – дейді жас кәсіпкер.
Өз ісінің шебері Аянат Қуанышқызы түрлі қолөнер байқауларына қатысып, өзі жасаған жұмыстарын насихаттап жүр. Атап айтқанда, «Мамандықтар әлемін ашамыз» республикалық форумының аудандық кезеңінде «Менің кәсібім – менің бизнесім» номинациясы бойынша ІІ орын, «Дәстүр TREND» атты аспаздар мен қолөнершілер сайысында ІІІ орын, «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің республикалық форумының аудандық кезеңінде «Үздік арт-нысан» номинациясы бойынша гипстен, смоладан жасалған бұйымдарды таныстырып І орын, облыстан ІІІ орын иеленді.
Жасап жатқан кәсібіңе отбасының қолдауы аса қажет. Аянаттың кәсібіне қолдау білдіріп, демеу болып отырған – әкесі Қуаныш Смайлов пен анасы Алуа Мәлібекова. Тапсырыстарды уақытылы орындауға бауырлары да көмек көрсетеді.
Т.Шанжарханова