Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Адал кәсіп абыройға жетелейді

Адал кәсіп абыройға жетелейді

«Ет – етке, сорпа – бетке» дейтін қазақ үшін соғымның, қызылдың жайы бөлек. Маңдай тепшіп сорпа ішпесе, қазан толтыра ет аспаса, аштық сезімін еріксіз сезінетін халық үшін ұлттық астың қадірі жоғары. Бұл – берекесі тасып, бірлігі нығайған ұлтымыздың көнеден келе жатқан берік дәстүрі.

Кәсіпкер Жалғас Ахметов жылқы етін қазақтарға ғана емес, шетел­діктерге де ұсынып жүр. Шағын аудандағы үй жанынан ашылған ет дүкенінің жұмысын жандандырып жүрген кәсіпкер өнімін Ресейге, Кавказ облыстарына, Түркияға жіберіп отырады.

– Шетелдік тұтынушыларымыз баршылық. Бұған дейін бірнеше мәрте жеткізу қызметін пайдаланып, Сырдың шүйгін шөбін жеген жылқы етін сұраныс бойынша жөнелттік. Қазір онлайн-сауда жақсы жолға қойылған. Тек қауіпсіздікті, заңдылық аясын алға қойсаң болғаны. Сырт елден біздің өнімді қандастарымыз ғана емес, сол жердің жергілікті тұрғындары да жиі сұрайды. Бастапқыда әлеуметтік желі арқылы арнайы чаттарда жарнама бердік. Кейін халық бір-бірінен естіп, үлкен нарыққа бағыт алдық. Аудан тұрғындарынан бөлек Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Петропавл, жер-жерден тұтынушылар көптеп хабарласады. Жақында Түркияның Стамбул қаласына қазы жөнелтеміз. Ол жақпен бір танысым арқылы байланыс орнатып отырмын. Түрік бауырлар қазақтың қазысын сүйіп жейді, – дейді кәсіпкер.

Өзі саудагер, өзі қасапшы Жалғас бұл отбасылық кәсіп екенін айтады. Оған анасы мен жұбайы үнемі қолдау көрсетіп, көмек қолын созады. Базар бағасы күнделікті құбылып тұрған кезеңде тұрақты бағаны ұстап отыруға тырысатын кәсіпкер «халықтың қалтасын ойлап, түсім аса көп болмаса да, бағаны көтермеуге тырысудамыз» дейді.

«Қызылорданың еті тәтті» дегенді өзге қаладағы таныстарымнан жиі естігенмін. Сондықтан да Сыр елінен барған базарлықты өткізіп алғысы келмейтін көпшілік Қызылорданың арнайы жәрмеңкелерінде де қызылдан көбірек сатып алуға тырысады. Және Жалғас секілді кәсіпкерлер арқылы шүйгін шөппен, таза ауамен қоректенген жануар еті тіпті шекара асуына да себеп сол. Бүгінде жеке тұрғын жайының бір бөлмесін кәсіпкерлік нысан ретінде пайдаланып отырған кейіпкеріміз жақында мемлекеттік бағдарлама арқылы көмек те алған.

– Кәсіпті бастау кімге де болсын оңайға соқпайды. Қажетті құрал-жабдық бар, жабдықталар орын бар, түрлі техникалар және қажет. Айналымға түсу үшін біраз тер, қаржы жұмсадық. Десек те ең бастысы – істің нәтижелі болуы. Қазіргідей сұраныстың артуымен жұмыстың жүйеленіп, еңбектің еселеніп жатқанын айтуға болады, – дейді Жалғас Ахметов.

Кейіпкеріміз бастапқыда түрлі салада бақ сынаған. Алғашқыда дене шынықтыру пәнінен студенттерге дәріс берген ол кейін әртүрлі жұмыс істеп, еңбекте ысылған, шымырлана түскен. Кейін осы кәсіпті қол еткен. Кейіпкеріміздің айтуынша, жеке кәсібіне үлкен қызығушылықпен келген. Жалғас бүгінде жеке жайында жылқы ұстап, бордақылайды. Малдың күтімін жасап, мезгілдік дәрісін ектіріп, баптайды. Бұл оңай шаруа емес. Бірақ адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда жетістікке жетері анық.

Халыққа таза, табиғи өнім ұсыну үшін барын салатын кәсіпкер қазіргі таңда екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Өзі әрі қасапшы, әрі малшы, әрі сатушы. Ақтілеу жақындары мен көмекшілерінің арқасында бүгінде кәсібін жолға қойып, жандандырып отырғанын айта кету орынды.

Бүгінде отбасылы, 4 қыздың әкесі атанған кәсіпкер туралы аудан тұрғындарынан ұдайы жақсы пікір естиміз. Қазіргі таңда мектепте оқитын қыздарының жарқын болашағы үшін кәсіп етіп жүрген кейіпкеріміздің ісі берекелі, табысы адал.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
01 қазан 2024 ж. 113 0