Қазақстан – Татулық пен Достықтың отаны
Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен «Қазақстан – татулық пен достықтың Отаны» тақырыбында салтанатты іс-шара өтті. Іс-шара басында аудан басшысы аудандағы өзге ұлт өкілдері әзірлеген салт-дәстүрлер мен ұлттық тағамдар қамтылған көрмемен танысты.
Салтанатты іс-шарада аудан басшысы елдегі достық пейіл мен бауырмалдық – бейбіт күннің, татулықтың темірқазығындай ең басты құндылық екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессиясында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты білдіретінін, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз және мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қала беретінін атап өтті. Бүгінде елімізде ұлттардың тұтастығы мен халықтар достығының арқасында экономикамыз өркендеп, ілгері басып келеді. Дана халқымыз «Бірлігі мықты елдің рухы биік болады» деп айтқандай, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың бастамасымен бірлігі жарасқан Сыр өңірінде жасампаз жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысының қолдауымен өңіріміз қарқынды даму үстінде. Бүгінде аймақта 11 этномәдени бірлестік бар. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде «Қазақстан халқы ассамблеясы» орталығы жұмыс істейді. Өңірдегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау бағытында мәдени іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылуда. Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын көркейіп, экономикасы өрге басып келеді. Барлық маңызды бағыттар бойынша жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізудеміз. Осы жетістіктердің бәрінде аудан тұрғындарының татулық пен бірлікке бағытталған қажырлы еңбегі мен ақ ниеті бар. Бейбітшілік бесігін тербеткен ауданда бүгінде 11 түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрады. Этнос өкілдері әртүрлі салада жемісті еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді. Ауданда ұлттардың тілі мен дәстүрін ұлықтауды мақсат еткен арнайы бірлестіктер жұмысы жолға қойылған, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан басшысы татулық пен достықтың сақталуына үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдерін «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң корей ұлтының өкілі Татьяна Ким қазақ ұлтының қонақжайлылығына, қамқорлығына алғыс білдірді.
Салтанатты іс-шара барысында аудан көркемөнерпаздары мен өзге ұлт өкілдері концерттік бағдарлама ұсынды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі