Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі

Ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі

Жанат Шайзадаева. Бұл есім «Ақ әжелер» ансамблінің әр жетістігінде зор құрметпен аталады, айтылады. Өйткені бұл кісі ансамбльдің негізін қалашылардың бірі де бірегейі, өнерлі әжелердің басын бір арнаға тоғыстырушы, ұйымдастырушы. «Әжелер ән салады, жұртшылық тамсанады» кітабының жарыққа шығуына Жанат Кеңесқызының сіңірген еңбегі мол. Кітаптың негізгі мазмұнын құруға да, әжелермен кездесіп, сұхбаттасуымызға да жағдай жасады.

Жанат Шайзадаеваның өнер, мәдениет саласын­дағы еңбегін танып, білгенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Соңғы 25-30 жылдың төңірегінде бұл кісінің қатысуынсыз Н.Ілиясов ауылында бірде-бір іс-шара өтпейді. Қашан көрсеңіз де мәдени-көпшілік іс-шаралардың басы-қасында жүреді. Апта сайын байқауларға барып, топ жарып, ауылға жүлделі оралады. Ай сайын әжелерді ертіп, ансамбль мүшелерімен бірге ауылға, ауданға келген қонақтарды әсем әнімен күтіп алып, шығарып салады. Жыл са­йын өткен кезеңді ой елегінен өткізіп, жарқын жетістіктерге шүкір етеді. Міне, биыл «Ақ әжелер» ансамблінің құрылғанына да 15 жыл толыпты... Бұл – ерекше жыл, есеп беретін кезең. Ансамбльдің жетекшісі Жанат Кеңесқызы үлкен тебіреніс үстінде жүр. Бәрін ойлайды, барлығын көңіл сүзгісінен өткізіп, жүрегімен толғанады. Сондай шабытты да шуақты күндердің бірінде ойына кітап шығару идеясы келді. Бұл өзі басында оңай жұмыс сияқты еді. Бірақ қолдаушы табу керек, мәліметтерді жинақтау қажет, кітап жазатын адамды нақтылауы тиіс және сапалы, мазмұнды еңбекті жарыққа шығару да маңызды. Тәуекел еткен ансамбль жетекшісі іске кірісіп кетті. Бұл бастамаға Абзал, Дархан Ералиев ағалары қолдау көрсететінін айтқанда төбесі көкке екі елі жетпей қуанды. Кейін ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов пен ауылдық мәдениет үйінің директоры Нұрбол Тұранов сәттілік тілеп, қолдау білдірді. Мұнан соң бізге қолқа салып, ауылдың, әжелердің өтінішін арқалап келді. Бұл кезде біз аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың тапсырмасымен өлкетанушы Жәнібек Маханбеттің авторлық кітабын баспаға ұсынуға әзірлеп жатқанбыз. Алғашында қос жұмыстың тізгінін бірдей ұстауға жүрексініп, кейінге шегердік. Арада уақыт өтті. Бірер айдан соң Жанат Шайзадаева өнерлі әжелердің аманатын арқалап қайтадан келді. Осылайша біз қолға қалам алып, кітапты жазуды бастап кеттік. Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Оқыған жұрт Жанат Шайзадаеваның ансамбльдің негізін қалаушылардың бірі де бірегейі ғана емес, жақында тұсауы кесілетін кітаптың идея авторы екенін де білсе деген ой біздікі.

Енді кейіпкеріміздің өмір жолына, еңбек жолына тоқталайық. 1976 жылы 8 сәуірде Шіркейлі ауылында дүниеге келген Жанат Шайзадаеваның әкесі Кеңес Шайзадаев сегіз қырлы, бір сырлы жан-жақты азамат болған. Терме айтатын қасиетімен көпті тәнті еткен ол заманында заңғар ақын Замаддин Ибадуллаевпен де айтысып, өнерден құралақан емес екенін дәлелдеген. Мұнан бөлек ат әбзелдерін жасайтын шебер ұста болыпты. Мектепте қарауыл, жұмысшы болған еңбек адамы тағдырдың жазуымен 57 жасында қайтыс бол­ған. Ал анасы Аманкүл Мәкенқызы 10 балалы Батыр ана. 10 баланы жеткізу қашан оңай болыпты? Атақты Қадыр ақынның «Он баласы бар ана» атты өлеңі 10 баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген осынау абзал анаға қарата жазылғандай. Сол жырында ақын: «Он баласы бар ананы бүгінде, Он есе артық сыйлау керек басқадан!» деп тебірене жазады. Сол айтқандай 8 қыз, 2 ұлды өсірген алтын құрсақты анаға деген құрметіміз ерекше, лайым рухы шат болғай!

№129 Қызыл Ту орта мектебін 1992 жылы тәмамдаған Жанат Кеңесқызы сол жылы Жезқазғандағы мәдениет училищесіне құжат тапсырады. Негізі бастапқыда медициналық колледжде оқысы келіпті. Бірақ адамның айтқаны бола ма?! Бұл кісінің маңдайына Жаратқан Ием өнердің өкілі болатынын сол кезде-ақ жазып қойғандай. «Сабақты ине сәтімен» демекші оқу бітірген өрімдей қыз әуелі тұрмыстағы әпкесі Нәбираның бөпесін бағуға барады. Ол кезде Алма әпкесі де Жезқазғанда еді. Қос әпкесін жағалап, маңдай тіреп, арқа сүйеп барған ол әпкелерінің ақыл-кеңесімен оқуға құжат тапсырып, Жезқазған мәдениет училищесін 1995 жылы бітіріп шығады. Бәрі күні кешегідей есте сақтаулы...

– Оқу орнында өте белсенді студент болдым, мәдени-көпшілік іс-шараларға тұрақты түрде қатысатын едім. Содан да болар оқуымды ойдағыдай бітіріп, дипломымды қолыма алып, ауылға келдім. Ол кезде маған дайын тұрған жұмыс жоқ еді. Аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Ұлмекен Жаналиева апай Әуез мектебінің домбыра пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасуыма қолдау білдірді. 2005-2007 жылдары «Балдырған» балабақшасында әуез жетекшісі қызметін атқардым. 2008 жылы ауылдық мәдениет үйінде сүйемелдеуші болып орналастым. Сол жылы ғой «Ақ әжелер» ансамблінің негізі қаланып, құрылғаны. Ол кезде ауылдық мәдениет үйінің директоры Күлаш Құдабаева апай еді. Ауданнан әжелер ансамблі құрылсын деген тапсырма беріліп, сол тапсырманы орындау маған жүктелді. Оның үстіне Үміткүл, Гауһар апайлардың айтқан ұсынысы да түрткі болды. Содан әр әжеге жеке хабарласып, үйіне барып сөйлесіп, тізім қалыптастырдым. Сол күннен бастап қызу жұмыс басталды. Еңбегіміз еш кеткен жоқ. Ауылдың жетістігінде, тарихында ансамбль құрметпен аталады, әжелердің де өзіндік орны бар, құрметті төрі бар, – дейді Жанат Шайзадаева.

Құрамында 12 ақ жаулықты өнерпазы бар ансамбль құрылған жылы халық әні «Ой сәулем», «Шилі өзен», Ө.Бәйділдаевтың «Туған ел», Ш.Қалдаяқовтың әндерінен Попури орындап, көрермендер көзайымына айналды. Уақыт өте ансамбльдің репертуары толыға түсіп, олар орындаған әндер халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысуға жолдама алды. Әнді жеке дауыста орындайтын К.Әлшоразова, Г.Төлегенқызы, Р.Қарақызы халық әні «Айқаракөз», Б.Байкенжиевтың әні «Ақ баян» және жергілікті сазгер Ж.Шайзадаеваның «Гүлденген кеңшарым» атты әндері өз тыңдармандарын тауып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ең маңыздысы әжелердің шабыты жылдан жылға ашылып, биік белестерді бағындырып келеді. «Мың қосшыға – бір басшы» дегендей ансамбль мүшелерінің барлығы жетекшілері Жанат Шайзадаеваның айтқанын екі етпейді. Дайындыққа уақытылы келеді, өнер көрсетуді зор қуаныш санайды, жауапкершілікті терең сезінеді. Бекем бірлік пен көркем тірлік әжелерді жарқын жетістіктерге жетелеуде.

– Ауыл көлеміндегі мәдени іс-шаралардың сәнін келтіріп жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің құрылғанына да 15 жыл болды. Үнемі өз репертуарымызды жаңартуға ізденіп келеміз. Халық әндерін орындауға, жергілікті композиторлардың әндерін орындауға басымдық береміз. Жанды дауыста ән салатын әжелеріміз нағыз «Өнер десе ішкен асын жерге қоятын» тамаша өнерпаздар. «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форумда ансамбль Е.Хасанғалиевтың «Ауылым» әнін және «Нағи батыр қаласы» әнін орындап, көптің қошеметіне бөленді. Мұнан басқа да көптеген республикалық, облыстық деңгейде өтетін мәдени іс-шараларда өнер көрсетіп келеміз. Ансамбль орындаған әндер талай рет байқаулардың жүлдегері атанды. Жеке орындаудағы «Гүлденген кеңшарым», халық әндері «Ариайдай», «Ақ тамақ», «Ахау керім» әндері де байқаудан жүлдесіз қайтқан емес. Елбасының Сыр еліне сапары кезінде де құрметті мейманды қарсы алып, керемет ән айтып, Елбасының ықыласына да бөленді, – дейді ансамбльдің жетекшісі Жанат Шайзадаева.

Кейіпкеріміздің жеке жетістігі де аз емес. Облыстық деңгейдегі сценаристер байқауының бас жүлде иегері атанған. Республикалық, облыстық, аудандық өнер байқауларының бір емес бірнеше рет жеңімпазы болған. Ж.Шайзадаева жетістігінің басым көпшілігін «Ақ әжелер» ансамблімен байланыстырады.

– Ұлттық арнаның «Жаңа күн» бағдар­ламасында қонақта болдық. Бағдарлама барысында «Гүлденген кеңшарым», «Нағи батыр қаласы» әнін шырқадық. Қайбір жылы карантин кезінде де тыным тапқан жоқпыз. Онлайн байқауларға қатысып, Бакуде өткен байқаудың бас жүлдесін иелендік. Жыл басында КТК телеарнасының шақыруымен Раушан, Гауһар, Манат, Сәрсенкүл, Жұлдызай апайларымен бірге Алматыға барып келдік. «Кел шырқайық» бағдарламасы барысында «Ахау керім» әнін шырқап, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің паш етіп, тұсаукесер рәсімін өткіздік. Мұнан соң ардагерлерге арналған республикалық деңгейдегі «Шуақты шақ» конкурсына қатыстық. Ол Түркістан­да болды. Оған Гауһар, Күлбаһарам, Раушан, Боранкүл, Айымкүл апалар қатысып, жүлделі ІІ орынмен марапатталдық. Жетістігі­міздің бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Әжелердің әрқайсысы бір-бір кітап жазатындай өнерлі, парасатты, білімді тұлғалар. Өмір жастары ұзақ болсын, – деп түйіндеді Ж.Шайзадаева.

Өнер өлкесінде, мәдениет саласында өзіндік орны бар Жанат Кеңесқызы отбасында аяулы жар, ардақты ана, асыл әже. Отбасының тірегі Асқар Бисенбаевпен 1997 жылы шаңырақ көтерген ол 2 ұл, 1 қыздың анасы. Үлкен ұлы Мағжанның қос дипломы бар, бүгінде ауыл мектебінде медаға болып еңбек етуде. Бекжан Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқу­да, қазірдің өзінде кино саласында жұмыс істеп жүр. Үйдің кенжесі Зере 8-сыныптың озат оқушысы. Ұлы Мағжан мен келіні Азизадан Тоғжан мен Марғұлан есімді қос немере сүйіп отыр. Өнерде де, өмірде де өз орнын тауып, үлгілі жолын қалыптастыра білген кейіпкерімізді өнегелі де өнерлі ана деп айтуға толық негіз бар. Өнер қонып, бақ-береке дарыған отбасының ырысты ынтымағы арта берсін деп тілейміз!

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
(«Әжелер ән салады, жұртшылық
тамсанады» кітабынан алынды)
19 қазан 2024 ж. 185 1

Earl от Кеше, 09:49
Hi there Trying to find a keepsake that will genuinely enchant? Our Enchanted Shining Rose™ brings together beauty and magic in one stunning piece. With its gentle light and shimmering rose adorned with tiny twinkling lights, it’s a gift that lights up any room—and any heart. Gift something unforgettable. Great for birthdays, anniversaries, or any occasion or to simply show you care. Limited-Time Offer: Now 50% OFF with free shipping at https://shiningrose.biz Cheers, Earl