Тайға мінгендер
Ілгеріде кеңес үкіметінің кезінде дәл осы егін жинау науқанында совхоздар мемлекетке жоспарлы астықты «Заготзерно» деп аталатын мекемеге өткізетін. Шаруашылықтар күні-түні тынбай бір-бірімен жарысып, бес күндіктің қорытынды жүлдесі үшін таласып жататын. Жеңімпаз совхоздың директоры абыройға бөленіп, ауыспалы қызыл тумен қоса қомақты ақшамен марапатталатын. Социалистік жарыстың бес күндік жүлдесінен озат бригадир, комбайнер, жаткист, күрішшілерге бөлініп арасында біз сияқты мамандарға да тиіп қалатын. Тереңөзек ауданының совхоз директорларын сырт көздер әрқайсысы «бір райком» деп атайды екен.
Ол кезде шынымен әрқайсысы аудан басқаруға тұратын совхоз директорларының көшін Алдаберген Бисенов, Шамахан Құндызбаев, Жаңабай Азаматов, Әділ Атахаев, Нұрылда Нақыпов ағаларымыз басқаратын. Бермен келе Қонысбек Қазантаевтың жас кадрлары XVIII партсъез совхозының директоры Отызбай Исабаев, XXI партсъезд совхозының директоры Сейілбек Шаухамановтар жүлдені кезек-кезек алып, үлкендерге орын бермей қойыпты. Бірде Қазақ ССР-ның 50 жылдығы совхозының директоры Алдекең Шағанның директоры Шамахан Құндызбаевқа қоңырау шалып, «Ай Шаха, мына тайға мінгендер қайтеді-әй, жан-жағымыздан шаңдатып болды ғой» деп күлген көрінеді. Соңғы қорытынды бес күндікте астық өткізуден екі шаруашылық түн жарымына дейін тең болып келіп XXI партсъезд совхозы түн ауа алдыға шығып жеңімпаз атанып кетіпті. Екі жас директор бір-бірімен түйедей құрдас болып әзілдері де жарасып жүреді екен. Сөйтсе сол күні қырманда Сейілбек ағамыз бас электрик Баку нағашымды оңаша шақырып алып, «18-дің қырманының светін қалайда бір-екі сағатқа сөндір» деп тапсырма береді. Тапсырма алған Бәкең, астында мотоцикл, қарсыластарының қырманына баратын тоқтың бағанасына сым лақтырып, жарқ еткізіп, тапсырманы орындаған. Тоқтың қай жерден үзілгенін ауданның электриктері табамын дегенше, 21-дегілер бар астығын өткізіп, суырылып жеңімпаз атаныпты. Кейін болған жағдай Отызбай құрдасының құлағына жеткенде, Сәкеңнен сөз қалған ба «Жеңімпазға дауа жоқ, жеңілген адам не айтпайды» деп құрдасын қатырған екен.
Ол кезде ауылды совхоз директорлары басқаратын. Бар қаражат соларда, тіпті ауылға кадр тағайындағанда да аудан басшысы директормен ақылдасатын. Ал барлық ауданның билігі аудан басшысының қолында болатын. Арғы беттің бір мықты совхозының айтқыш директоры бюрода әбден «таяқ жеп» шыққан күні былай деген екен «О, кең Құдай... дарияның арғы бетіне шықсам, менен ақылды адам жоқ. Бәрі менің ауызыма қарайды. Ал дарияның бергі бетіне шықсам, менен ақымақ адам жоқ» деп күйінген екен.
Иә, ол кезде де ақылды қолында дүниесі бар адам айтатын. Жарықтық ата-бабаларымыз «Дүние мәңгілік емес, әр дәуірдің тұсында өз халқы, өз патшасы болады» деген. Олардан қалған сөздер әлі құндылығын жоғалтқан жоқ. Кешегі күндер – бүгінгі тарих.
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі