Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

№93 газет

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жақсының сыр-сипаты жарқырай береді

Жақсының сыр-сипаты жарқырай береді

Қызылорда қаласынан шығып, Сырдария ауданының орталы­ғы Тереңөзек кентіне жеткенше жолдың екі беті көмкерілген көгал әрі таза. Әне-міне дегенше Тереңөзекке де жетіп қаласың. Үлкен күрежолдан оңға бұрылатын негізгі көшеде үлкен портрет ілулі тұр. ол – Қонысбек Қазантаевтың жарқын бейнесі. Бұл суретті көрісімен көңілің көтеріледі, ауданның бағыты жолға қойылып, мақсаттары орындалып жатқандай көрінеді. Жолдың екі бетінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, талдар өсіп жайқалып тұр. Кенттің көшелері таза, күл-қоқыс көрінбейді, өткінші-жүргіншілердің көше бойына сап түзеген тал­дардың көлеңкесін саялап, өз шаруасымен кетіп бара жат­қанын көресің.
Сырдария – облыстағы іргелі ауданның бірі, егін шаруашылығымен қоса төрт түлік мал өсіріліп, облыс экономикасына қо­мақты үлес қосып келе жатқан өңір. Сыр­дария ауданы дегенде Нағи Ілиясов атын­дағы ауылдан айналып өте алмайсың. Келбеті көрікті, өсіп-өркендеген бұл елді мекеннің аты шарықтап алысқа кет­кен. Осы ауылдың атын асқақтатқан – сөз жоқ, Сыр елінің біртуар ұлы, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің еңбегі, маңдай тері.
Жалпы саралап алып қарасаңыз, Сырдария ауданының қай ауылы болмасын өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Оларды бірін асырып, бірін кем көруге болмайды, себебі, сол ауылдарды туған жеріне жаны ашитын, қажырлы, қайырымды азаматтар басқарып отыр. Оның үстіне ауданға әкім болып іскер, тәжірибелі, бес ауданды, қаланы басқарған Мұрат Нәлхожаұлы Ергешбаев келді. Біз мұны жақсы үстіне жақсы, нұр үстіне нұр десек, артық айт­қандық болмас. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дер» демекші, тәуелсіздік алған 30 жылда азаматтарымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен, алғырлықпен ұлтымызды, жерімізді мәңгілік сақтап қалу үшін жүйелі, жемісті жұмыстар атқарып келе жатқанына сүйсінеміз.
Жастарға жол көрсетіп, ақыл беріп отыр­ған ауданның ардагерлер кеңесін Хайролла Әбенұлы ағамыз басқарып отыр. Бұл абыройлы ұйым аудан ардагерлерін есепке алып, «Ардагер» сайтына енгізіп қойған. «Қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деп халық бекер айтпаса керек. Қазыналы қарттарға құрмет пен қамқорлық аудан көлемінде тұрақты түрде жасалған. Ауданда қазіргі кезде 4196 ардагер жастарға барынша бағыт-бағдар беріп, түзу жолды көрсетуде. Ауданның еңбектеген баладан еңкейген қариясына дейін заманымызға сай өздерінің шама-шарқына қарай қызмет етуде. Бұлардың барлығы жайдан-жай айтылып отырған жоқ, себебі, атқарылып жатқан жұмыстар тайға таңба басқандай көрініп тұр. Бүгінгілер бұрынғы өткен, осы ауданда еңбек еткен ағаларымыз бен аналарымыздың салып кеткен сара жолымен келеді.
Мен де өз кезеңімде автокөлік саласында қызмет етіп жүріп, осы ауданның сов­хоздарында ауылшаруашылық өнімдерін жинауға бір кісідей үлес қостым. Күріш жинау науқанында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жүріп, бір уыс дәнді төкпей-шашпай қамбаға құйдық. Сол кездегі ауданның басшылыры – Қонысбек Қазантаев, Нәлқожа Ергешбаев, Елеу Көшербаев, Сейілбек Шау­­хаманов, совхоздың директорлары Алдаберген Бисенов, Шамахан Құндызбаев ағаларымызбен бірге жүріп, егін жинауға қатыстық. Олардың аттарының халық жадында ұмытылмай қалу себебі қоғамға адал қызмет етті, еткен еңбектерін міндетсініп сатқан жоқ. Сондай жақсы кісілерден үлгі алдық, іскерлікті, адамгершілікті, мейі­рім­ді, қайрымдылықты үйреніп өстік. Сол жылдардағы еңбектің нәтижесінде «Ең­бек ардагері» медалімен, «ҚР құрметті автокөлікші» төсбелгісімен марапатталдым. Сырдария ауданында еңбек еткен жыл­дарымды ұмытпаймын.
«Жақсы адамның жақсылығы жұғады» демекші, менің де туған жеріме жасаған еңбегім бағаланды, «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атандым.
Ендігі жерде елі­­міз аман, жұртымыз тыныш болсын, ауру-сырқаудан аман бо­лайық ағайын, демекпін.

Жүзбай ТАҢРЫҚБАЕВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
01 қыркүйек 2021 ж. 417 0