Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа кітап жарыққа шықты

Жаңа кітап жарыққа шықты

Жақсы кітап – жан азығы. Бүгінгідей ақпарат айдыны қолжетімді кезеңде азық болар кітапты тауып оқу да, кейінгі ұрпаққа мұра болар құнды дүние жазу да – игі мұрат. Ойлы оқырманның олжасына тағы бір кітап жарық көрді. Сөздің парқын білетін, ойы озық оқырманын анадайдан шақырып тұратын бұл кітаптың авторы – жергілікті азамат, өлкетанушы Жәнібек Маханбет.

«Аңыз негізі – ақиқат» тақырыбын арқау еткен кітаптың алғысөзін аудан әкімі Берік Сәрменбаев жазған.

«Ескіден жеткен есті сөзге зер салар болсақ, қасиетті Сыр өңірінің тағылымы мол тарихы тереңде екенін ұғамыз. Бұл өлке елімізге белгілі қайраткер-тұлғалардың кіндік қаны тамған қасиетті туған жері ғана емес, тар жол, тайғақ кешулерде, қиын-қыстау кезеңдерде ата-бабамызға атақоныс болған қастерлі мекен. Сондықтан осы өлкенің өткені мен бүгінін зерттеп, зерделеп жүрген азаматтардың еңбегі қай кезде де жоғары. Ұзақ жылдар Сырдария ауданының мәдениет саласында, оның ішінде аудандық тарихи өлкетану музейінде жемісті еңбек етіп, ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен Жәнібек Асанұлы Маханбет – өлке тарихының өзегі болған жәдігерлердің, киелі орындардың, тұғырлы тұлғалардың тарихын қағазға түсіріп жүрген азаматтардың бірі де бірегейі» деп бастайды аудан басшысы құнды кітап жайлы пайымды пікірін.

Кітапқа көптеген тарихи зерттеулер енгізілген. «Аңыз негізі – ақиқат» деп аталуы­­ның өзі бекер емес. Аңызға бергісіз оқиғаларды философиялық-психологиялық астармен өрбіткен және дәлелді дәйектерге сүйенген автор ауданның тарихын қарапайым тілмен суреттейді.
Түгел ұрпаққа тәлім болар құнды еңбек 5 бөлімнен тұрады. Әлқисса «Аңыз негізі – ақиқат» тақырыбындағы «Тарихи материалдар» бөлімімен бастау алады. Бұл бөлімде тарих пен тағылым, тұлғалар жайы, ескірмейтін естеліктер жайы сөз етіледі. Кітаптың бір ерекшелігі – кітапқа енген әрбір тақырып оқыр­манын шақырып, менмұндалап тұратындығында. Сонымен қатар әрбір әңгіме нақты мысалмен, аңыз әңгімемен әрленіп отырады. Тарихи дерекке, шынайы оқиғаға негізделген аңыздар әлбетте оқырманын қызықтырып, әрі қарай білуге құмарын оятады.

Екінші бөлім «Би-шешендер» деп аталған. Аты айтып тұрғандай екінші бөлімге Сыр елінен шыққан би-тұлғалардың есімі, өнегелі өмірі арқау болған. Айқожа шешен, Ағайынға тұтқа болған Тұрым би, Есмұрат бидің елшілдігі, Шерімбет ағашы деген тақырыптарға топтас­тырылған өнегелі әңгімелер, би-шешендердің ұтымды әзіл, ұтқыр жауапты көрсеткен аңыздарға негізделген.

Үшінші бөлім «Белгілі тұлғалар» деп аталады. Тілі жатық, оқуға сұранып тұратын әңгімелер топтасқан бұл бөлім кейіпкерлері де шындыққа негізделе отырып терілген. Шағын ғана әрі қызықты оқиғаға негізделген шығармаларды ә дегеннен таусып, бір деммен оқып шығуға болады.

Кезекті төртінші бөлім «Өнер саласы» деген тақырыпты арқау етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Жәнібек Маханбет өзі мәдениет саласының өкілі. Сыр өңірі мен Сырдария ауданының рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан өлкетанушының кеудесінде «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі жарқырайтынын айта кету орынды. Аталған бөлімге Сыр дүлділдерінің өмірі арқау болып, көпшілік біле бермейтін тұстар көркем сөзбен, жеңіл тілмен жазылып шыққан. Жалпы айтқанда кітаптың әр бөлімінен, әр тақырыбынан мән іздеп, терең білім алуға болады. Атын естіп жүрсек те, анық-қанығын біле бермейтін тұлғалар жайлы әңгімелер санаға ұтымды ой түйгізіп, шалқар шабытқа жетелейді. Осы бөлімде автор «Қолөнер – ұлттық құндылығымыз» тақырыбындағы ойтолғауын да беріпті. Онда өнер шеберлерінің ұлттық мұраны қастерлеп, уақыттың талабына сай түрлендіріп отырғаны туралы, Сыр елінің қолөнерші, ұста, мүсіншілері туралы сөз болып, жекелей аттары аталған. Бір тұста «Абай атамыз «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек болар. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген болатын» деп келтіріп, қазақ халқының қолөнері сан ғасырлық ақыл-ойдың тәжірибесі мен табиғатты түсіне білудің, шеберлік пен суреткерліктің құдіретті туындылары екеніне баса тоқталады. «Шебердің маңдай тері, ақыл парасаты, талғам түсінігі, түрлі ғылымдар саласындағы білімі, дүниетанымы өзіндік ерек­шелігімен қайталанбас қолтаңбасының көріні­сі» деп түйіндейді бір тұста автор.

Бесінші, соңғы бөлім «Сурет-тарих» деп аталған. Автордың суреттер галереясын беруі де тегіннен-тегін емес. Толық бір бөлімді қам­тыған тарихи суреттер бөлімі автордың Президент музейінің ашылу рәсіміндегі суретімен басталып, өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының сапалы суретімен жалғасын табады. Осылайша ойы озық оқырман кітаптың алғашқы бөлімдерінен түйген ойын осы суреттермен қорытындылағандай. Аталған бөлім автордың ауқымды көрмелерге қатысу сәтінен, мерейлі марапат төрінен сыр шертіп, жалғас табады. Кітап қаламгерлер Гүлсара Өтебаева мен Еркін Әбілдің орамды ойымен қорытындыланады. «Сыр талымен сырласқан» деген тақырыпты арқау еткен шағын ой-пікірмен құнды кітап түйінделеді.

Бұл еңбек үлкенге де, кішіге де терең ой салып, Сырдария ауданының тарихи тағылымды екенін айшықтай түседі. Тарихи материалдардың әрқайсысы мазмұн­дылығымен де құнды. Өлкетанушы, ҚР Мәде­ниет саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәнібек Асанұлының аудан­ның тарихи орындары мен тұлғалары туралы жазған зерттеу еңбектерімен ғылыми танымдық мақалалары енген кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Әлі сиясы кеппеген кітаптың редакторы Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы екенін айтып өту орынды. Ал кітаптың сапалы шығуына атсалысқан техникалық редактор – Гүлжан Есенбек. «ASU» баспа үйінде басылған кітап 200 данамен шығарылған. Айта кетейік, жақын­да ғана жарық көрген кітаптың тұсаукесері алдағы уақытта кең көлемді іс-шара ретінде өткізілетін болады.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
08 қазан 2024 ж. 89 0