Ауыл тарихына қосылған құнды жәдігер
Жақында «Сыр қағанаты» баспаханасынан «Асқар ауылының қара шаңырақ мектебі» атты жаңа кітап жарыққа шықты. Кітаптың авторлары ауыл мектебінің ұстаздары Бану Ахмет пен Әділ Ахмет.
«Асқар ауылының қара шаңырақ мектебі»деп аталған туындыда Сырдария ауданындағы ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов атындағы №135 орта мектебінің тарихы баяндалған. Сонымен қатар киелі білім ордасына еңбегі сіңген ұлағатты ұстаздар мен мектеп басшылары, мектеп мақтаныштары мен қайраткер тұлғалар, мектептен түлеп ұшқан ұстаздар мен жас түлектер туралы жазылған.
Жалпы Асқар ауылы мен мектеп тарихы жайлы тартымды деректер келтірілген кітап қалың оқырманға, келешек жас ұрпаққа арналған.
316 бетке қатталған үлкен кітаптың мұқабасында туған ауылдың перзенті, көркем сөздің хас шебері, сатира сардары, ақын Асқар Тоқмағамбетовтың суреті, мектептің сыртқы көрінісі, мектеп алдына ақынға қойылған бюст пен ауылдың сызбасы көрсетілген сурет кітаптың ажарын ашып тұр.
Кітапты қолымызға алғанда алдымен алғы сөзге бірден көзіміз түсіп, бір деммен оқып шықтық. Онда авторлардың осы кітапты жазуға кіріскенде жүрек тебіренісі «Туған елің болмаса, тумай-ақ қойсын Күн мен ай» деген халық даналығында айтылған сөзімен басталады. Шын мәнінде, туған ауыл жердің жәннаты болып сезілетіні, әлемнің қай түкпірінде жүрсең де кіндік қаның тамған туған жердің топырағы ыстық екені кітап жазуға негіз болғаны айтылады. Құтты мекеннің тарихы ешқашан сарқылмайды. Сондықтан авторлар ұстаздық жолда жүріп, бірі қырық жылға жуық, екіншісі он екі жылдан бері білім мен тәрбие ордасында еңбек етіп, құнды деректер іздеп, тауып, аталған кітапты жазып шыққандығы айтылған.
Кітап негізінен ауыл мектебінің тарихына арналғандықтан 1940 жылға дейінгі және 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезіндегі мектеп пен байырғы мұғалімдер еңбегі зерделенген. Осынау ізденістің нәтижесінде авторлар ауыл тарихын да бірнеше бөлімдерге бөліп, оқырман жүрегіне жолдаған. Әрине, құнды дүниенің жарыққа шығуы үшін ізденіс пен мол қаражат қажет. Кітаптың алғашқы бетінде осындай рухани қазынаның өз уақытында жарыққа шығуына демеушілік жасаған ауыл азаматы «Берекет» шаруа қожалығының төрағасы Азамат Сқақовқа және белсенді ұйымдастырушылық әрекеттері үшін мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы Кенжегүл Раманқұлова мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнар Тәжімұратоваға авторлар тарапынан алғыс айтылған.
Кітаптың алғашқы бөлімі «Ауыл тарихының алтын қазынасы» деп аталады. Онда ауыл түлегі, Сырдария аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновтің, ауыл әкімі Ғабдолла Алданазаровтың, №135 А.Тоқмағамбетов атындағы мектептің директоры Нұрлан Құрманәлиевтің ауыл тарихы мен мектеп тарихы туралы айтқан мәліметтері негізінде жазылған мақаласы берілген.
– Кітапқа арқау болған Асқар Тоқмағамбетов атындағы ауыл мен №135 орта мектебінің тарихы келер ұрпақ үшін де, қазіргі замандастарымыз үшін де құнды, мәнін жоймас дүние. Бұл кітапты оқыған адам ауылдың тарихымен танысады, тұлғалардың еңбегін түсінеді. Осы ретте өткен тарихымызды білмей, бүгінімізді танымай, ертеңгі күніміздің басын ашып айтуымыз өте қиын екенінің маңыздылығы тағы да арта түседі. «Асқар ауылының қара шаңырақ мектебі» жинағын ел Тәуелсіздігіне тарту болған үлкен сыйлық десе де болады, – дейді Ержан Ертарғынұлы.
Тума талантты, табиғи дарынды Асқар Тоқмағамбетовтің өмірі мен ақынға берілген бағалы ойлар кітапта көлемді етіп берілген.
1905 жылы 19 қыркүйекте бұрынғы ХҮІІІ партия съезі атындағы кеңшарда дүниеге келген Асқар Тоқмағамбетов алғашқы білімді ауыл молдасынан алған. Кейін Ташкенттегі политехникумда оқып, Мәскеу журналистер институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», облыстық «Ленин жолы» газетінде және «Ара» журналында қызмет еткен. Үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және І дәрежелі Отан соғысы тағы басқа көптеген наградаларын иеленген. Қазақылығы басым, текті, дара туған данагөй, ақиқат пен шындықты жырлаған ақын қайшылығы мол, күрделі ғасырда ғұмыр кешті. Қазақтың атақты жазушылары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаевтың бағалы ойлары Асқар Тоқмағамбетовтың шынайы бейнесінен көрініс береді.
Асқар ақынның перзенттері Ғанибек, Еркін, Аякөздің де өмірдеректері де кітаптың мазмұнын аша түскен.
Кітап мазмұны одан әрі ауылдың тарихына ұласады. Еліне елеулі, халқына қалаулы тұлғалары жайында, Асқар ақынның ақын бауырлары туралы мәліметтер жинақталып берілген. Бұл бөлімде бақытын еңбектен тапқан азаматтар туралы, естен кетпес естеліктер айтылады. Ауылдағы жер-су атаулары да жан-жақты зерттеліп, анықтамасы берілген.
Киелі топырақта туып өскен зиялы азаматтар қоғам қайраткері Иса Тоқтыбаев, ұстаз және журналист Әлішер Тоқмағамбетов Әділет министрі Бекайдар Жүсіпов, Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім Ұлмекен Рысбекова, Сыр медицинасына еңбегі сіңген дәрігер Ернияз Омаров, білім саласының үздігі Әли Мүсілімов пен ақын Қайырбек Асановтың және т.б. өмірі мен еңбек жолы ұрпаққа осы кітап арқылы жетіп отыр.
Кітаптың негізгі бөлімі «Асқар ауылының №135 қара шаңырақ мектебінің тарихы» деп аталып, мектеп 1984 жылдан бастап Асқар Тоқмағамбетов атымен аталып келетіні жазылады. Білім ордасын басқарған мектеп директорлары мен алғашқы ұстаздардың есімі ардақталады.
Кітаптың авторы Бану Ахметтің «Ел тілегі» газетінде жарияланған «Туады екен Ақын елдің бағына» атты мақаласы мен «Ақын – елдің айбары» атты өлеңі, Асқар ақынның 100 жылдығына жазылған Арнау кітаптың негізгі бөлімін қорытындылайды.
Авторлардың шығармашылық ізденісі «Суреттер сыр шертеді» бөліміне берілген түрлі-түсті суреттерден құрастырылған фотоальбоммен аяқталады.
Келешек ұрпаққа мұра болып қатталған жәдігер ешуақытта сарқылмайтын дастанға айналып, оқырманына жол тартты. Құтты болсын, кітапсүйер қауым!
Бибісара ЖАНӘЛІ