Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ауылдан сән салонын ашқан келіншек

Ауылдан сән салонын ашқан келіншек

Гүлнұр Асанова – Ақжарма ауылында ең алғаш шаштараз қызметін көрсетуді қолға алған кәсіпкер. Шебер қол иесі жастайынан өзінің қайшы мен тараққа икемі болғандықтан, шаштараздықты оқып, оны кәсіп көзіне айналдырған.

Ақжарма ауылының тумасы Гүлнұр 2005 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университет жанынан ашылған шаштараз курсынан өтіп, сертификат алған. Ол алғашқы тәжірибесін қаладағы «Ветерок» салонындағы мықты шеберлерден алды. Өзінің ептілігінің және жинаған тәжірибесінің арқасында балалардан бастап, әйел және ер шаштаразы біліктілігінен өтеді. Уақыт өте сүйікті ісінен ажырамаған Гүлнұр шыңдала түсіп, кәсіби маман атанады. Ауылда өз қыз­метін көрсету үшін арнайы жұмыс орны болма­ғандықтан, үйден қызмет көрсетеді.

Бүгінде өз ісінің маманы қыз-келіншектерге шаш үлгісін жасаудың хас шебері атанған. Ол заманауи үлгідегі шаш үлгісін жасаумен қатар, бет әрлеудің шебері.

Сұлулық салонын ауылдың орталығынан ашу мақсатында Гүлнұр Әнуарқызы биылғы жылдың жаз айынан бері ауыл кәсіпкері Рахымжан Ахмедияр кәсіпкерлік бағытқа арнап тұрғыз­ған ғимараттың бір бөлмесін жал­­дап жұмы­сын жүргізуде. Кәсібін өрге домалатып отырған шебер ауыл кәсіпкеріне қолдау білдір­гені үшін дән риза. Шаштараз қажетті құрал-жабдықтарын өз қаражатына алып, салонды жабдықтаған. Қажетті құралдардың арқасында әйел адамдарының шашын бояу қызметін, шаш жуу т.б. қызметін де ұсынуға мүмкіндік алды.

Кәсіпкер өзін өзі жұмыспен қамтып, ынтасы мен жігерінің арқасында ауылдың тұрғындарына қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.

– Екі қолға бір жұмыс табу мақсатында бала кезімдегі арманымды іске асыру үшін шаштараз курсынан өтіп, оны әрі қарай дамытып, қызмет көрсетіп келе жатқаныма он тоғыз жылға жуықтады. Ауылда қазір мемлекет тарапынан қолдау көріп, кәсібін жүргізіп отырған басқа да шаштараз бар. Өз ісімді қолға алу жолында көп іздендім. Арнайы ғимарат болмағандықтан, сөмкеме керек-жарағымды салып алып, үй-үйге барып, қызмет көрсеттім. Өз үйіме келіп, шашын алғызатындар да бар. Уақытпен санаспай еңбек етіп, ауыл тұрғындарының алғысына бөлендім, – дейді Гүлнұр шебер.

Шағын кәсіп иесі ашық мінезі мен көпшілдігі­нің арқасында өзінің тұрақты келушілерін де тапты. Жаны адал, еңбекті қалап тұратын қайсар жан кәсіпкерлігін кеңейту мақсатында әлде де үйренуден, ізденуден жалықпайтынын айтады. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қол­дау болса деген тілегін де жасырмады.

– Бір ауылда туып-өскен Гулнұр сіңіліме алғы­сым шексіз. Оның қолы шебер. Әрбір істеген ісін ұқыпты, тиянақты, үйлесімді етіп жасайды. Мінезі де өте жақсы. Ақкөңіл, ауылымыздың мақтанышы десем де болады. Іскер қыз. Қазір ауданға, қалаға шапқыламайтын болдық. Той-томалаққа бізді әдемілеп жіберетін шеберіміз бар. Әйелдің сұлулығын одан сайын көркемдеп жіберетін шеберіміздің жұмысына ризамыз, – дейді ауыл тұрғыны Эльмира Жағыпарова.

Ауыл тұрғындарына өз қызметін ұсынып отырған Гүлнұрға өмірлік серігі Ақылбек те зор қолдау білдірген. Азамат жұбайының сүйікті ісімен айналысуына, аяғынан тік тұрып кетуіне ісімен де, сөзімен де көмек берген. Ал әйел адам үшін ерінің қолдауы аса маңызды әрі кәсібінің алға жылжуына үлкен септігін тигізері сөзсіз.

Ауылдан сән салонын ашып, алдына мақсат қойған шағын кәсіптің иесі алдағы уақытта жанына көмекші алғысы келеді. Ауылдың қыз-келіншектерінің сұранысымен тырнақ сәндеу шеберін жұмыспен қамту жоспарында бар. Үйренемін, ізденемін дейтін жастарға бұл кәсіп бастап, табыс табуға мүмкіндік.

– Ауыл тұрғындарына өз қызметімді ұсынып, өзімді жұмыспен қамтып, табыс тауып отырмын. Әлде де алға қойған мақсатым бар. Үлкен қаладағыдай бар жағдайы жасалған салонға айналдырсам деймін. Ол үшін мемлекеттен қолдау күтемін. Біз секілді кәсіп иелеріне берілетін қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік берсе. Ауылда үлкен кісілерден бастап, жас жеткін­шектердің шашын аламын. Қызметіме көп ақы да сұрамаймын. Бастысы келушілерімнің көңілінен шығып, талғамына сай қызметімді көрсетсем болды, – дейді тәжірибелі шебер Гүлнұр Асанова.

Өз ісіне тиянақты, тұтынушылардың шашын талғамына сай алып беріп отыратын, әрі қосымша түрлі сұлулық қызметін ұсынатын шебер «сұраныс бар жерде шеберлер артық етпей­ді» дейді.

Ауылдан арнайы шаштараз салонының ашыл­ғанына бірнеше ай уақыт болса да ауыл тұрғындарына қуаныш сыйлап отырған Гүлнұр шебердің келушілері күн санап артуда. Әсіресе, мектеп оқушылары шашын алдыру үшін кезекке тұрады.

Бибісара ЖАНӘЛІ
01 қазан 2024 ж. 119 0