Шапшаң шаштараз
Аудан орталығында тұрғындарға қызмет көрсететін бірнеше шаштараз жұмыс жасайды. Күнделікті көпшіліктің сұранысына сай аталған кәсіп түрін меңгерген адамдар жеткілікті. Олардың қатарында уақытпен санаспай, тұтынушылардың талғамына сай жұмыс жасайтын кәсіпкер Асқар Орынбаев та бар.
Кейіпкерім осыдан жиырма бес жыл бұрын алғаш рет батагөй ақсақал, ҰОС-ның ардагері Яхия Тасыровтың шашын алып береді. Қария кәсіпкерлікке бет бұрған жас жігітке ақ батасын беріп, жұмысына сәттілік тілейді. Сол күннен бастап Асқар Мырзалыұлы шаш қиюдың қыр-сырына қанығады. Мыңдаған адамға қызмет көрсетіп, өзі қалаған кәсіпті жетік меңгереді. Бүгінде өз кәсібінің шебері түрлі шаш үлгісін жасауды да үйренген. Ол келушілердің көңілінен шығуға тырысады. Кейіннен шаштараз мамандығын оқып алған кәсіпкер 2007 жылы Нұр-Сұлтан қаласында еңбек етеді. Еліміздің бас қаласында жүріп, шаштараз шеберлерімен тәжірибе алмасады. Кейін ауданда күніне бес-он адамға қызмет көрсететін шаштараз салонында өз кәсібін жандандырады. Қазіргі таңда кенттегі «Айдана» сұлулық салонында қызмет көрсетуде.
Кәсіпкер заман талабына сай жыл сайын жастардың шаш үлгісін өзгертіп отыруы әрбір шаштараздың жұмысын жетілдіретінін айтады. «Андеркат» деп аталатын шаш үлгісі көпшілік арасында сұранысқа ие екен. Жергілікті тұрғындар арасында шаштаразға тұрақты келетіндер қатары көп. Себебі, күнделікті адамдардың кескін-келбетіне қарай шаш үлгісін шаштараз өзі жасап береді. Адамның қалауына қарай жұмыс жасау тәсілін өзгерту тек кәсіби маманға тән қасиет. Шаштаразға қажетті құралдар қайшы, тарақ, шаш кептіргіш, шаш алатын машинка сапалы және талапқа сай болуы шарт.
Кәсіби маманның жұмысымен танысу барысында ерекше рөл атақаратын құрал-жабдықтардың қызметіне қанықтық. Мысалы, «геркулес» тарағы бір мезетте барлық қызмет түрін жасауға таптырмас құрал. Бірде тарақты жұмыс барысында шаштараз сындырып алады. Дәл осындай тараққа еліміздегі бірнеше қаламен, тіпті, ТМД елдеріне де іздеу салады. Ақырғысында бір жыл дегенде Украина елінен алдыртады. Ал «moser», «сlass 45», «оster 616», «рromoser» деп аталатын машинкалардың атқаратын қызметін шаштараз Асқар жұмыс істеу барысында таныстырды.
Кәсіби маманмен сұхбат барысында өз кәсібінің қыр-сырын жан-жақты айтты.
– Күн сайын шаш алдыртуға сан түрлі мінезді адам келеді. Бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес, төзімділік пен шыдамдылық керек. Сондай-ақ ыждағаттылық пен ептілік маңызды рөл атқарады. Өзім отбасында 4 ағайындымын. Менің туғаныма үш ай болған кезде екі әпкем мені көтеремін деп бір қолымды шығарып алады. Әлі күнге қолым дұрыс бітпей, орнына түспей қалған. Өзімнің ептілігімнің арқасында жұмыс барысында қиындықты сезбеймін, – дейді кәсіби шаштараз.
Бүгінде Асқар Мырзалыұлы жары Айнұрмен екі ұл тәрбиелеп отыр. Ол өз қызметін мақтан тұтады. Өйткені Асқардың қызметіне жүгінетін азаматтар Қызылорда қаласы мен ауданға қарасты елді-мекендерден келеді.
Өз ісінің шебері бос уақытында гитара аспабында ойнағанды ұнатады. Сонымен бірге шашқа салынатын суреттер технологиясын игерумен машықтанады. Осындай ел көңілінен шыққан еңбекқор шаштараздың кәсібіне береке берсін демекпіз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ