Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » «ШАТТЫҚ» ШАШТАРАЗЫНЫҢ ШАПАҒАТЫ

«ШАТТЫҚ» ШАШТАРАЗЫНЫҢ ШАПАҒАТЫ


Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында жетінші міндет «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп аталады. Бұл бөлімде білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығы туралы кеңінен айтылған. Сондай-ақ Елбасы «Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек» деп атқарушы билікке нақты тапсырма берді. Биыл аймағымызда кәсіпкерліктің қолдау жылы жарияланды. Бұрыннан жеке кәсібі барлар мен жаңадан кәсіп бастаушыларға ерекше қолдау болмақ. Әсіресе бұл жағымды жаңалық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздарға берілген үлкен мүмкіндік. Осындай қолдауды жақсы қабылдап, қазіргі шағын кәсібін кеңейтуді мақсат етіп отырған жеке кәсіп иесі, шаштараз Айжан Емжарованың халыққа көрсетіп отырған қызметі мақалаға арқау болды.
Кент орталығындағы Айжан Емжарованың шаштаразына әйелдер қауымынан сұраныс жоғары. Жас та болса іскерлік пен шеберлікті қатар қоятын шебер өз жұмысына ұқыпты. Айжан Әлібекқызы биыл ауданда кәсіпкерлікті қолдаудың тың жобасы басталғанынан хабардар. Себебі бұл бағдарламаның қазіргі кәсібіне шын мәнінде шапағаты тиетініне сенімді.
Кентке қарасты №131 орта мектепті 2002 жылы бітірген Айжан Қызылорда медициналық колледжінде оқиды. Фармацевт мамандығын алғаннан соң еңбек жолын аудандық ауруханадан бастайды. Бір жылдай сонда медбике болып, кейін кенттегі «Жанар и К» дәріханасына ауысады. Дәріханада екі жылдай тәжірибе жинақтап, қайта денсаулық саласына аудандық емханада фармацевт болады. Қызметін жетік меңгеріп қалған Айжан өз мамандығы бойынша Астанада «Гиппократ» дәріханасында еңбек етеді. Дегенмен бала кезіндегі әдемілікке құштарлық, әйелдердің шашын сәндеп қию, түрлі шаш үлгісін жасауға қызығушылық оны біржолата мамандығын ауыстыруға итермелейді. Қы­зылорда қаласындағы «Анар» сұлулық салонында бір ай оқу курсынан өтіп, тәжірибелі шеберлерден сабақ алады. Айжанның арманы орындалып, осы салонда бес ай бойы кәсіпті үйреніп, өзі де шебер атанады. Сонан соң кәсіби маман ретінде шыңдалған шебер өз кәсібін ашуға бел байлайды.
Өмірлік серігі Әкімжан Айжанға қолдау білдіріп, сол жылдары ауыл әкімшілігі тарапынан хабарланған кәсіпкерлікті қолдау туралы ұсыныс кәсіпті бастауының алғашқы баспалдағы болады. Қайтарымсыз қаражат кәсіп бастаушыларға берілген үлкен мүмкіндік. 2015 жылы сол мүмкіндікті берген «Ақниет» әлеуметтік әріптестік бағдарламасы арқылы алғашқы қаражатқа қол жеткізеді. Қазіргі нарыққа көп қаражат болмасада 350 мың теңге шаштаразға қажетті құрал-жабдықтарды алуға жеткілікті болады. Әдепкіде өзінің отбасы тұратын ауылында тұрғын үйі жанынан бір бөлмені шаштаразға айналдырып, ауыл тұрғындарына қызмет ете бастайды.
– Шын мәнінде, сүйікті ісіммен айналысуға «Ақниеттің» бергені зор көмек болды. Қайтарымсыз қаражат аяғымнан тік тұрып, кәсіпті бастауыма себеп болды, - дейді Айжан бізбен әңгімесінде. Ал, қазір соңғы 2 жылдан бері кент орталығынан бір бөлмені жалға алып, өз келушілердің сұранысына сай қызмет етуде. Замандасымыздың кәсі­бін көпке үлгі етіп, оның жетістіктерін жұрт­шылыққа жеткізуді мақсат еткендіктен осы кәсіппен айналысқандағы жетістіктері туралы сұрадық.
– Менің әуесқойлық қабілетім кәсіби маман атануыма, қайтсем де білікті шеберлерден үйренуім қажет деген мақсатқа ұласты. Осы күнге дейін ақылы негізде қосымша маникюр мен кірпік ұзартуды оқып үйрендім. Енді бет әрлеу мен қас бояудың қыр-сырын кәсіби тұрғыда меңгерсем деген ойым бар. Қазір қыз-келіншектерге сұлу көрінудің небір түрлері шыққанын айтудың өзі артық. Барлығы да қызметтің сапалы болғанын қалайды, - дейді жас шебер.
Иә, шын мәнінде өзіне осы аз уақыт ішінде тұрақты келушілерді жинап үлгерген Айжанның қызметіне сұраныс бар. Тіпті аптаның демалыс күндері аяғынан тік тұрып үзіліссіз жұмыс істеуге тура келеді. Себебі қыз-келіншектер әрдайым әдемі болуды қаласа, сол әдемілікті өз қолымен жасау Айжан үшін бақыт.
– Қазір қалыңдықтар қаладағы қымбат салондар қызметіне баруды қаламайды. Бұл бір жағынан дұрыс та шығар. Себебі ондай қызметті өзім сияқты шеберлер осында – жасап жатыр. Қызметіміздің бағасы да тиімді. Жасаған жұмысымызға қыз-келіншектер ризашылығын білдіріп жатады. Сондықтан қандай қиындықтар кездессе де оны жеңудің жолын іздеуден жалықпаймын, – дейді Айжан.
Айжанның шағын шаштаразы өзі жалға алған көп қабатты пәтердің бөлмесі. Әрине, жалға алған соң оның ішкі жағдайы белгілі. Жыл сайын жөндеу көрмесе де бөлмені өз күшімен жеңіл-желпі жөндеп алады. Ал Айжанның арманы жеке меншік сұлулық салонына қол жеткізу. Ол үшін күнделікті табыс жеткіліксіз болғандықтан, мемлекет тарапынан қолдау болса, кәсібін кеңейтуді ойлайды. Алдына осындай мақсат қойған шағын кәсіптің иесі өзін ғана емес қосымша көмекшілерді жұмыспен қамтымақ. Себебі сұраныс бар жерде шеберлер артықтық етпейді. Оның үстіне Айжан былтырдан бері ұлу терапиясын қолға алды.
Өз мамандығын сүйікті ісіне айырбастаған Айжан бүгінде кәсібінен береке тауып отырған сүйікті жар, 3 перзенттің аяулы анасы. Оның отбасы мен кәсібін үйлестіріп, заманға сай ілесіп, үйреніп, білуден жалықпайтын, ізденгіштік қасиеті шын мәнінде өз кәсібін бастаушыларға үлгі болары сөзсіз.

Б.ЖАНӘЛІ

21 ақпан 2018 ж. 988 0