Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Білікті Бағдәулет – ұжым мақтанышы

Білікті Бағдәулет – ұжым мақтанышы

«Ұжым мақтанышы» айдары бойынша бүгінгі жазбамды аудандық газеттің автокөлік жүргізушісі Бағдәулет Иманғалиевке арнамақпын. Бағдәулетті өз ісінің білікті маманы әрі жауапкершілігі жоғары, қай істі де жанашырлықпен атқаратын адал азамат деп айта аламын. Маған оның тапсырмаларды уақытылы әрі сапалы орындайтыны ұнайды.

2019 жылдың соңғы тоқсанында аудандық газет редакциясына қызметке тағайындалғанымда мекемеге тиесілі қызметтік автокөліктің сапасы сын көтермейтін хәлде болғанын жасырмаймын. Автокөліктің алдыңғы орындығы жоқ еді, сондай-ақ терезе тазалайтын құрылғысы, оң жақ қапталдағы айнасы сынып қалған және тазалығы да көңілдегідей емес еді. Бұл олқылықтарға көліктің сөніп қала беретінін, яғни редакциядан әкімдікке жиналысқа барғанша (арасы 500 метр) үш-төрт рет тоқтап қалатынын қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, көлік күнделікті жұмысқа жарамсыз болатын әрі сол кездегі жүргізушінің мұның бәрін ретке келтіруге білімі мен тәжірибесі жетпейтін. Осы ретте көлікті жөндеуді білмейтін, бар құрылғыны жарата алмайтын, тіпті оның тазалығын қамтамасыз етуді ауыр жұмыс көретін маман көп өтпей өз өтінішімен жұмыстан босатылғанын айта кетейін. Сөйтіп, бізге жаңа жүргізуші іздеуге тура келді.

Тұрақты жұмыс – әр азамат үшін маңызды. «Редакцияға көлік жүргізушісі қажет екен» деген ақпаратты естіген жергілікті азаматтар менің қабылдауымен келе бастады. Әдеттегідей орынбасарыммен немесе бас маманмен бірге қабылдаймын, талаптарды түсіндіремін, сұрақтар қоямын. Ең бастысы арақ-шарап ішпейтін жүргізуші қажет деген принципте болдым. Өйткені, көлік – мекеменің мүлкі, ал мен ішетін азаматқа мекеменің мүлкін сеніп тапсырғым келмейтін әрі көлікті ішіп тізгіндеуге жан-дүниеммен қарсымын. Бұл сынақтан қабылдауға келген алты азамат сүрінді, кейін бір апта өткен соң Бағдәулет есімді азамат жұмыс іздеп келді. Ол бұрын көлік тізгіндеген тәжірибесінің барын айтып, жүргізушіге қойылатын міндеттер мен талаптарды жетік білетінін атап өтті. Әңгімелесу барысында Бағдәулеттің өзін ұстауы, сөз саптауы және көліктің тілін білетін қарым-қабілеті ұнады. Содан белгілі бір уақытты құрайтын сынақ мерзімге жұмысқа қабылданды.

Жаңа жүргізуші жұмысқа кіріскен күні-ақ көлікке қажетті қосалқы бөлшектерді ақ параққа тізіп, жазып берді. Бары мен жоғын түгендеп, қосалқы бөлшектер келсе, бір аптада көлікті жөндеп шығаруға болатынын айтты. Сөйтіп, серіктестікке ұсыныс беріп, барлық қажетті заттар алынды, қызу жұмысқа кіріскен Бағдәулет аз уақытта көлікті сөніп қала беретін ауруынан айықтырып, жұмысқа қосты. Міне, содан бері көлік аудандық газет редакциясының игілігіне жарап тұр.

Бағдәулет көліктің таза болғанын ұнатады. Қашан көрсеңіз де тазалап, жинап, ретке келтіріп жүреді. Бұл өзіңе де, өзгеге де ыңғайлы екенін біледі. Сондай-ақ ол көліктің бұзылайын деп тұрған жерін күні бұрын айтып, дабыл қағады. Бір сөзбен айтқанда, мекеменің жұмысын бірінші кезекке қояды. Мен көлікті Бағдәулет тізгіндесе еш алаңдамаймын. Себебі, білікті жүргізушіге сенемін. Бағдәулеттің тағы бір жақсы қыры өзгелерге көмектескенді хош көреді. Оны жұмысқа іздеп көп азамат келетінін аңғарамын. Бәрі көліктерін жөндетіп алады. Білікті азаматтан ақыл-кеңес сұрайды. Ол білгенін айтып, көмектесуден жалыққан емес.

Айтпақшы, Бағдәулет аудандық ауруханада ұзақ жылдар еңбек еткен. Осы ретте өткенде өзі айтып берген қызық оқиғаны тоқталғанды жөн көрдім. Осыдан бірнеше жыл бұрын ол шұғыл тапсырмамен айы-күні жақын аяғы ауыр келіншекті қала орталығына қызметтік көлікпен алып барыпты. «Дәрігер екеуміздің шықпаған жанымыз, қатты қиналдық-ау» деген Бағдәулет көлікті тізгіндеудің қиындығын сол күні терең ұққанын бүгінде күліп еске алады. Уақыт тығыз, әр секунд есептеулі сәт. Жас әйел жолда босанып қалуы да мүмкін. «Тақтайдай тегіс жолда» көлік әр секірген сайын маңдайдан тер бұрқ ете қалады. Сөйтіп, аяғы ауыр келіншекті мінгізген аурухана көлігі қалаға да кіріпті. Дәрігердің кеңесімен, жүргізушінің шеберлігімен діттеген жеріне аман-есен жеткен жас ана шекесі торсықтай ер баланы өмірге әкеліпті. Бүгінде сол сәби мектеп оқушысы шығар. Бәлкім, есімі Жолдыбай, Жолсерік, Жолдасбек болуы да ықтимал. Айтпағым бұл емес, сол күнгі көлік жүргізушінің жұмысқа деген жауапкершілігі, шыдамдылығы, төзімділігі... Мұны бастан өткерген адам ғана түсінеді.

Қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағасы Бағдәулет Бұхарбайұлы отбасында жақсы әке, асыл жар. Ол әркез ұл-қыздарының жетістіктерін айтып, ұрпақтарымен мақтанып жүреді. Жақында оның үлкен қызы мектеп бітірді, бұйырса биыл студент атанып, ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтамақ. Біз де жас түлектің биіктерден көрінуіне шын жүректен тілектеспіз!

Білікті Бағдәулет – ұжым мақтанышы. Ол абыройға еңбекпен, ұқыптылықпен жетті. Қыста мұздай темірді ұстап, жазда ыстық көлікті тізгіндеп, жыл он екі ай бойы тыным таппайтын азаматтардың алтын қолын кейде сүйіп алғың-ақ келеді. Өйткені, олардың еңбегі адал. Жүргізушілерге алғыс айтуымыз қажет.



27 тамыз 2020 ж. 404 0