Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спортшылармен кездесті

Спортшылармен кездесті

Бүгін Сырдария аудандық мәслихатының депутаты А.Ибрагимұлы спорт саласының өкілдерімен кездесті.

Кездесуде Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Жолдауынан туындаған мақсат-міндеттер туралы айтылды.

– Өздеріңізге белгілі, Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауын жариялап, тікелей эфир арқылы бәріміз бірге тыңдадық. Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуының басым бағыттары кеңінен сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалды. Жалпы, әр Жолдау – алға деген қарқынды ұмтылысымызға серпіліс сыйлады. Бұл Жолдау еліміздің болашақ бағдарын қамтыған ауқымы кең, мазмұны терең Жолдау болды. Осы ретте Президент лауазымына кіріскен күннен бастап Қасым-Жомарт Кемелұлы ауқымды стратегиялық реформаларды қолға алғанын жақсы білесіздер. Биылғы Жолдау – сол реформалардың заңды жалғасы десек артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының экономика, саясат пен идеология саласын қатар реформалауға бағытталған стратегиялық бағдары Жолдаудан туындаған мақсат-міндетті орындау арқылы жүзеге асады, – деді А.Ибрагимұлы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда Атом электр станциясын салу мәселесіне кеңінен тоқталғаны айтылды.

– Жалпы қоғамда АЭС салу мәселесі осы кезге дейін жан-жақты талқыланып келе жатқан болатын. Мемлекет басшысы Жолдауда осы тағдыршешті мәселеге де арнайы тоқталып, 6 қазан күні АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы мәлімдеді. Ал түпкілікті шешімді халықтың өзі қабылдайды. Бұл – Мемлекет басшысының берік ұстанымы. Осы шаралар – «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасының нақты нәтижесі. Бұл елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келе жатқанын көрсетеді, – деп түйіндеді кездесуді Сырдария аудандық мәслихатының депутаты А.Ибрагимұлы.

«Тт» ақпарат
09 қыркүйек 2024 ж. 239 0