Ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдау маңызды
Мемлекет басшысының Жолдауы – жарқын болашақтың негізі. Президент өз Жолдауында нақты әрі жүйелі істерді салмақтап, ел ертеңі үшін дәл қазір атқарылуы керек мәселелерді алға қойып берді.
Әрине, жыл сайынғы маңызды құжаттағыдай биылғы Жолдауда да білім саласы, жастар мен жасөспірімдер мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды. Олай болуы, әрине, орынды да. Себебі, ел ертеңі – білімді жас ұрпақпен өлшенетіні сөзсіз.
– Жолдау еліміздің алдағы әлеуметтік- экономикалық дамуының басым бағыттары нақтылап, жаңа міндеттерді айқындап берді. Әрбір сала бойынша халықтың ойында жүрген мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар берілді. Жолдауда еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі үшін білімді жетілдіру мәселесі толық айқындалды. Оның ішінде, жас ұрпақтың қауіпсіз және алаңсыз өмір сүруіне, үздіксіз білім алуына барлық жағдай жасау қажеттігі, білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту мәселесі, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыру сияқты аса маңызды мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында білім беру сапасын жаңғырту, жасөспірімдердің ертеңі үшін тәлімді тәрбие берілуі маңызды деп білеміз, – дейді білім саласының ардагері Гүлбар Әбілова.
Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков Мемлекет басшысының Жолдауын білім саласының қызметкерлері әркез қолдайтынын айтады.
– Еліміздің алдағы даму перспективалары мен атқарылуы тиіс жұмыстарын нақтылап берген Президент Жолдауын білім саласының қызметкерлері бір ауыздан қолдайды. Сапалы ортада білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – сапа. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру маңызды. Сондай-ақ, Президенттің бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы керек деуі де уақыт күттірмей толықтай шешімін табуы керек шаруа. Өз кезегінде ұстаздар қауымына жүктелетін мақсат пен міндеттер анық. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жаңа Әділетті Қазақстанның іргетасын бекітіп, өзгерістер мен жаңғыруларға жол ашады, халқымыздың отаншылдық рухын биіктетіп, игіліктерге бастайды. Ендігі мақсат – бүкіл ел болып жұмылып, Жолдауда көтерілген игі бастамаларды іске асыру, – деген аудандық білім бөлімінің басшысы елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосатын бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелей отырып, Жолдауды іске асыру үшін барлық білім мен тәжірибені жұмылдыру қажет деп есептейді.
Айта кетейік, Президент биылғы Жолдауын «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп атады. Маңызды құжатта ел экономикасын жаңғыртудың басым бағыттары сараланды. Әдеттегідей, білім беру саласы туралы сөз биылғы Жолдаудан да тыс қалмады. Мемлекет басшысы саладағы серпінді істерді атап өтіп, жасөспірімдер мен балалар болашағы және олардың алаңсыз білім алуына оңтайлы жағдай жасалуы қажет екенін айтты. Соның ішінде, Президент 2020 жылдан бері мұғалімдердің жалақысы екі есе өскенін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық мектеп салынатынын тілге тиек етті.
А.Мұханбетқали