Құрметке лайық еңбек адамы
Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болатыны хақ. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында қолайсыз жағдайлардың бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Қоғамның сан түрлі саласында адал еңбек етіп, сол бағыттың алға жылжып, елдің дамуы жолында үлес қосып жүрген жандардың еңбегі қашан да өлшеусіз.
Өкініштісі сол, бүгінде еңбегі еленбей жүрген еңбек адамы аз емес. Осыған байланысты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Биыл да Президент Жолдауының басым бөлігі әлеуметтік қолдау саласына арналды. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тұрғындарының әл-ауқатын көтеру мәселесін үнемі жіті назарда ұстап келеді. Сонымен қатар келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған игі қадам деп айтуға толықтай негіз бар.
Шындығында, инфрақұрылым мен экономиканы дамыту жөнінде сөз қозғағанда ең бірінші кезекте білікті мамандардың жетіспеушілігі мәселесіне тап келетініміз өтірік емес. Барлық салада қазір осындай көрініс десек те болады. Сол себепті де Мемлекет басшысының бұл бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп, елімізге қажетті деген кадрларды даярлауға арналып отыр.
Мәселен осыдан бес жыл бұрын жастарға колледжде білім алу үшін көптеген грант бөлінген болатын. Бірақ бұл мәселені толыққанды шеше алды деп айта алмаймыз. Шындығына келсек, жұмысшы мамандықтарына жастардың басым көпшілігінің қызығушылығы бола бермейді. Оның басты себебінің бірі – жұмысшы мамандықтардың беделінің айтарлықтай жоғары болмауына байланысты. Тіпті грант саны мен шәкіртақының өсуінің өзі колледжде оқуға ынта білдірушілердің қатарын көбейткен жоқ. Сондықтан бұл Жолдауында Президент жұмысшы мамандықтарын қолдау туралы айтты. Тіпті алдағы уақытта осы саланың үздіктеріне арналған арнайы мемлекеттік наградалар енгізілмек.
«Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек» деді Президент.
Жұмысшы мамандықтарына қызығушылықтың төмен болуына тағы бір себеп – жалақының аздығы. Мысалы, осыған дейін мұғалімдердің жалақысы төмен болғаны барлығына белгілі. Соның салдарынан аталған мамандыққа көп жағдайда ұлттық бірыңғай тестілеуде төмен балл алған, нақты айтқанда үлгерімі төмендеу түлектер келетін. Кейін аталған салада түбегейлі реформа жүргізіліп, жалақы мөлшерін бірнеше есеге өсірген сәтте жағдай мүлдем өзгере бастады. Бүгінгі күні мұғалім мамандығына түсіп жатқан талапкерлердің орташа жинайтын балы 100-ден асып жығылады. Ал ең бастысы көпшілік жастардың бұл мамандыққа деген қызығушылығы артып, оқуға түскісі келетіндердің қатары едәуір көбейді. Сондықтан кез келген мамандықтың жастар тарапынан қызығушылық тудыруы үшін, ең алдымен, оның жалақысын көтеру керек деген ой қалыптасады.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, биыл жазда өңірлерде дәнекерлеуші, кран машинисі, су жолы қызметкері, слесарь секілді қажет мамандардың жетіспейтіні анықталған. Себебі сол – олардың жалақысы өте аз. Сол себепті аталған мамандықтарға көпшілігі барғысы келмейді.
«Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деді Мемлекет басшысы Жолдауда.
Қорытындалай келе, ел Президентінің бұл бастамасы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеріп қана қоймай, сонымен қоса еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне, экономикасына, халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартуға айтарлықтай ықпалын тигізбек. Сол себепті адал, ерен еңбекті, сол қызметті жүзеге асырған маман иелерінің қызметін бағалап, құрметпен қарауымыз қажет.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
Фото: egemen.kz