Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі

Қазақ халқы қыз тәрбиесіне ерекше мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым» деп бекер айтылмаса керек-ті. Осы ретте, аудандық жастар ресурстық орталығында «Үлгілі үйдің қыздары» атты семинар-тренинг өтті.

Орталық жанынан құрылған «ЕркеZHAN» қыздар клубы жетекшісі Жансая Байтәжиеваның ұйымдастыруымен өткен тренингке аграрлық-техникалық колледждің психологы Ақтолқын Асанова, оқушы қыздар мен аналары қатысты. Тренингтің негізгі мақсаты – қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, ана мен қыз баланың арасындағы қарым-қатынасты көрсету.

– «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле», демекші қыз баланың алдында қоғамның, елдің, ұлттың болашағы мен жауапкершілігі тұр. Халқымыз қызды кішкентай кезінен мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Ең бірініші қыз баланың бойына сыпайылық, кішіпейілділік, сұлулық, биязылық, ұяңдық сияқты қасиеттерді сіңіріп өсіреді, – дейді клуб жетекшісі Жансая Байтәжиева.

Тәрбиелік мәні зор іс-шарада түрлі сергіту сәті мен ойын ойнатылды. Сондай-ақ «ана мен қыз баланың арасындағы қарым-қатынастың қалай болуы керек?» деген сауалдарға өзара жауап алысып, пікірлерімен бөлісті.

– Қыз баланың абыройы оның ақыл-парасатына, инабаттылығына, сыпайылығына, тәрбиесіне байланысты. Қазіргі таңда қыз баланың тәрбиесі өзекті мәселеге айналып барады. Бұған дәлел күнделікті орын алып отырған түрлі оқиғалар. Бүгінде күйбең тірліктің арасында ата-ананың балаға көңіл бөлуге уақыты бола бермейді. Әке мен ұлдың, ана мен қыздың арасында тығыз қарым-қатынас болуы керек. Отбасында қыз анасына қарап бой түзейді, үлгі алады. Қыз бала анасына ойын бүкпесіз айтып, сырын бөлісе алуы керек. «Қызым үйде – қылығы түзде» дегендей анасы қызының араласатын ортасын, күнделікті киетін киіміне мән берген жөн, – дейді психолог А.Асанова.

Асыл дінімізде де қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қыз балалардың қадір-қасиеті жайында былай деген: «Қыздар – мейірімді, игі жандар. Бір қызы бар адамды Алла Тағала тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адам, солардың себебімен жәннатқа кіреді. Ал үш қызы бар немесе қыздары секілді кіші қарындастары бар адам, оларға қамқоршы болса, оның мойнынан жиһад пен садақаның жауапкершілігі түседі» дейді.

«Осындай тәрбиелік мәні зор тренингтер алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады» дейді клуб жетекшісі.


Таңшолпан Шанжарханова
20 қыркүйек 2024 ж. 207 0