Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

№85 газет

25 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Бала тәрбиесі отбасынан басталады

Адам баласы шыр етіп дүниеге келгеннен бастап қоғамның, өзі өсетін тіршілік ортасының мүшесі болады. Адам дүниеге келісімен өзі көріп отырған адамдардың іс-әрекетіне, қимылына, ас ішуіне, жүріс-тұрысына, сөйлеуіне, ойнауына, әңгімелесуіне таңдана қарап, өзі де сол көргендерді есту мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы – отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Баланың көп уақыты отбасымен бірге өтеді. Сондықтан да, ата-ана балаға үңіле қарап, үнемі бақылап және қадағалап отыруы керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Отбасындағы барлық адамдардың іс-әрекетіне, бала тәрбиесіне бірінші әсер ететін – орта. Бала сол ортаға қарап өседі. Сол үшін балаға отбасындағы тәрбиені қоғамдық ортаға байланыстыра отырып берген адам ұтады.

Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Ал психологиялық-педагогикалық тұрғыдан алғанда құндылықтар адамның жеке тұлға ретінде өз өміріне деген жауапкершілігін қалыптастыру, рухани әлемін байыту, әрбір адамның ерекшелігін түсіндіру, адамдар арасындағы жағымды қарым-қатынастардың маңыздылығын көрсету үшін қолданылады. Сондықтан әр ата-ана баланың отбасылық құндылықтарды толық меңгеруіне мүмкіндік жасағаны абзал. Отбасындағы құндылықтарды бағалай алмаса, адам ұлттық құндылықтарды да құрметтемей өтуі мүмкін. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қанатты сөз де осы ойдың дұрыстығын меңзейді.

Тәрбиенің қиындықтары көп. Сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана балаға саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, қай жерде жүргенін, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беру, оны әрі қарай дамыта білу керек. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі. «Балаңа бес жасқа дейін патшаңдай қара» дегеннің терең мәні бар. Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек. Баланың жақсылығын да, жамандығын да, жемісі мен жеңісін де көретін ата-анасы. Қай заманда болсын, ата-ананың басты арманы – баласының инабатты, ізетті, еңбексүйгіш, ержүрек, адал, қайырымды болуы. Соған өз балаларын тәрбиелейді. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету.

Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің қомақты үлесіміз болып табылады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, оның адамзат ұрпағына деген ықпалын өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Отбасының ең үлкен байлығы – бала. «Шешеге қарап ұл өсер, әкеге қарап қыз өсер» дейді қазақ халқы. Әке мен шешенің қай ісі де балаға тәрбие болып табылады. Қазақ отбасындағы тәрбиенің ең бірінші ережесі – әкесін сыйлау, анасын құрметтеу. Бұл – балаға берілетін ең бірінші баға. Ата-анасын сыйлап өткен бала өзгелерді де құрметтеуге үйренеді.

Халқымыздың даналығында «Баланы – жастан» деген сөз бар. Сондықтан тәрбиенің тал бесіктен басталатынын ескерсек, ата-бабадан келе жатқан ибалық пен инабаттылықты өзіміз түпкілікті түсініп, балаларымызға сол тәрбиенің нәрін сіңіре білсек, бұл қазіргі заманда бала тәрбиесіне қосқан біздің үлесіміз болып табылар еді. Ата-ана тәрбиесі – қазақ халқы үшін толассыз таусылмайтын қазына. Ата-бабаларымыз өзінің жүріп өткен сан ғасырлық өмір жолы арқылы ұрпағын тәрбиелейтін ұлттық педагогиканың сарқылмайтын мол қазынасын қалдырып отыр.

Бүгінгі таңда нағыз ұлтжанды, жүрегі қазақ деп соғатын азаматтарды тәрбиелеу үшін ата-ана тәрбиесі ең басты, ең маңызды, ең қажетті тәрбие болып саналуы тиіс.

«Адам тәрбиелеу, өзінің туған ұлы мен қызын тәрбиелеу – азаматтың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі, оның азаматтық борышы» – деп В.А.Сухомлинский айтқандай, бала тәрбиесі отбасынан басталатынын ата-ана әрдайым жадында ұстауы тиіс.

Еліміз егемендік алып, өз мәртебесі биіктей түскен шақта ең алғашқы алға қояр міндеттің бірі – бала тәрбиесі – егеменді еліміздің болашағын жалғастырушы ұрпақ тәрбиелеу. Ал сол жас ұрпаққа тәрбие беретін бүгінгі тәрбиеші – мамандар тәрбиелеу мен білім берудің жаңаша жетілдірілген әдіс-тәсілдерін іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында жаңашыл бағыттар қарастырып, оны өздерінің іс-тәжірбиесінде қолданып отырса, бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.

Ғалия БАХТИЯРОВА,
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері
03 қазан 2022 ж. 1 377 0