Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАС ЖОЛ ИНСПЕКТОРЛАР жарысы

ЖАС ЖОЛ ИНСПЕКТОРЛАР жарысы


Жол-патрульдік полицейлеріне қолғабыс етіп жүрген жол қозғалысының жас инспекторлар жасағы осыдан 45 жыл бұрын құрылды. КСРО ІІМ Мемлекеттік көлік инспекциясының бастамасымен 1973 жылы полицейлердің жас көмекшілері жасағын құру жөнінде қаулы қабылданып, жол қозғалысы жас инспекторларының алғашқы слеті Мәскеу қаласында өтті.
Жақында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицей ғимаратында жас жол қозғалысы инспекторларының аудандық сайысы өтті. Барлық ауылдық-округтерден 15 команда қатысқан сайыс жоғары дәрежеде өтті. Сайыс ҚР Әнұранымен ашылып, әрі қарай Ғ.Байтасов атындағы жас инспекторлар жасағының 17 слетінің жеңімпаздары №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің жас инспекторларының саптық өнер көрсетуімен жалғасын тапты.
Өткізілген жарыстың түпкі мақсаты 2011 жылдың қарашасында қанды қол қарақшы, лаңкестің жарылғыш затты іске қосуға әрекеттенгенін көріп, қылмыскер Мақсат Қариевті құшақтай құлап, жарылып кеткен Тараз қаласының жол инспекторы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналды. Елінің бейбіт өмірі үшін жанын қиған батырды, «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың өшпес рухына тағзым ету, сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен жол-көлік оқиғаларынан жарақаттанудың алдын-алу мәселелеріне мүдделі ведомстволардың, ұйымдардың және жұртшылықтың назарын аудару болды. Іс-шара оқушыларды жолда жүру ережелерін қатаң сақтау мен үйретуге, отаншылдыққа, патриоттыққа, адалдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейтіні хақ. Сайысқа облыстық білім басқармасының бас маманы Азамат Молдабайұлы, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Руслан Ғабитұлы, «Ізет» қоғамдық қорының үйлестірушісі Жасұлан Сәдуақасұлы мен сала қызметкерлері және команда жетекшілері қатысты.
Сайыста жол тәртібінің жас инспекторлары 8 кезең бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, саптық байқау, жол қозғалысы ережелерінің білгірлері, үгіт бригадалар байқауы, қауіпсіз дөңгелек, жас санитар, эрудиттер турнирі, жас бағыттаушы, т.б. Жарысқа қатысушылардың әділ бағасын беретін қазылар алқасына өз өнерлерін көрсеткен әр командаға баға беру оңайға түскен жоқ, олай дейтініміз сайдың тасындай болып дайындалып келген әр мектептің командалары намысты қолдан бермеу үшін бар күштерін салды.
Әр мектептен келген жас инспектор байқауға белсене қатысты. Дегенмен, жарыстың аты жарыс, жүзден жүйрік мыңнан озық болып алға шыққан командалар өз мақсаттарына жетті. Жүлделі бірінші орын №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей командасына бұйырса, екінші орынды №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің намысын қорғаған сайыпқырандар қанжығасына байлады. Жүлделі үшінші орынды №137 орта мектептің жас инспекторлар командасы абыроймен арқалап қайтты. Сайыс қорытындысында жас инспекторларға «Алғыс хат» пен кубок, бағалы сыйлық табысталды. Аталмыш жарыста жеңімпаз атанған №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей командасы аудан намысын алдағы уақытта облыста қорғайтын болады.

Айдана ҚАЛИЕВА
31 мамыр 2018 ж. 2 507 0