Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЖАЙДАРМАНШЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ

ЖАЙДАРМАНШЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ


Бүгінгі таңда республика көлемінде әзілкештер сайыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Аймағымыздың намысын қорғап жүрген командалар қатары толысып, кәсібилік жағынан өсім байқалады. Осындай дәрежеге ұмтылған ауыл жастары елді-мекендерден жиі кездестіріп жатамыз. Осы орайда жақында Ақжарма ауылдық клубында ауылдық округ әкімі аппараты мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Сырдария ауданының 90 жылдығына орай «Жайдарман» әзілкештер мен көңілді тапқырлар сайысы өткізілді.
Сайысқа «Амангелді жастары», «Қоғалыкөл жастары», «Нағи sity», «Тереңөзек құрамасы», «Менің сүйікті командам», «Келесі аялдама», «АҚШ құрамасы», «Ақжарма жас­тары», «Ағайындылар», «Жайдарлы жігіттер», «Дено», «Жас star», «Жалағаш жастары» командалары қатысып, бақтарын сынады. Аталмыш командаларға әділ бағасын берген қазылар алқасы құрамында бұрынғы жайдарманшылар Ақыл Іскендіров, Еркін Қырғызбаев, Рустем Алтыбаев, Алмат Бағдатов, Ақжарма ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ерлан Ешмұратовтар болды. Жарыстың жақсы өтуіне «Ақжарма и К» шаруашылығы және жекелеген ауыл азаматтары демеушілік жасады.
Қызықты да, тартымды өткен жарыс өз деңгейінде халық көңілінен шықты. Ауылдағы мәселелерді әзілмен жеткізіп, сан түрлі көріністер қойылды. Сайыс қорытындысында І орынды «Аманкелді жастары», ІІ орынды «Қоғалыкөл жастары», ІІІ орынды «Дено» командасы иеленді. «Үздік ойыншы» номинациясымен «Қоғалыкөл жастары» командасының ойыншысы Думан Мағжан марапатталды. Барлық жеңімпаз командалар мен қатысушыларға арнайы кубок пен «Алғыс хаттар» табыс етілді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
27 наурыз 2018 ж. 1 419 0