Өнерді төрге оздырған
«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші бала күнінен әнші болуды армандаған Гүлжанат Сырғабаева бүгінде мәдениет саласында қалтқысыз еңбек етіп келеді. Ауыл мәдениетінің көшін алға оздырып жүрген білікті маман Қалжан ахун ауылдық клубына сүйемелдеуші болып орналасып, өзінің еңбекқорлығының арқасында қазіргі таңда әдіскер болып қызмет етіп жүр.
Сырдария ауданының тумасы Гүлжанат Бағдатқызы бала күнгі арманының орындалу жолында 9-шы сыныпты аяқтаған соң М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің «музыкалық білім» бөліміне оқуға түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, білімін жетілдіру барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жалғастырады. Ең алғашқы еңбек жолын «Ақ көгершін» балабақшасында музыка жетекшісі болып бастайды. 13 жылдан бері Қалжан ахун ауылдық клубында мәдениеттің дамуына үлесін қосуда.
– Өмірлік жолыңды дұрыс табу үшін ең алдымен адам өзін, өз бейімін тану қажет. «Мамандығым – мақтанышым» демекші, қалаған мамандығын дұрыс таңдай білген жан сол саланың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білуі тиіс. Әрине, өз ісінің шебері, маманы болуы үшін әрқашан ізденіс үстінде болып, өзіңді дамыта білуің қажет. Өнер әлемінде еркін қалықтай білу үшін де талантты болумен қатар еңбектену керек. Әрбір адам қызмет жолында мамандығын қалтқысыз сүйсе, еңбегінің жемісін көрері сөзсіз. Қазіргі кездегі басты мақсатым ауылдағы талантты, өнерлі жеткіншектердің өнер жолында жоғарғы жетістіктерге жетуіне өзіндік үлесімді қосу. Мәдениет саласында жұмыс жасау – мен үшін үлкен бақыт, – дейді кейіпкеріміз.
Сызылтып салған әні халықтың құлақ құрышын қандырып, көрерменнің көзайымына айналған өнерлі жан ұжымдастар арасында сыйлы. Қай кезде де қызметіне, өнеріне адал маман берекелі шаңырағында аяулы жар, асыл ана. Қызметімен қатар отбасын да бірге алып жүрген Гүлжанат Сырғабаева 2010 жылы Қалжан ахундық Жалғас Маханбетовпен отау құрып, бүгінде 4 баланың анасы. Әрқашанда отбасындағы береке бірлік екі жанның бір-бірін түсіне білуі, тыңдай алуы деп біледі.
Мақтаулы маман таудай талабы мен тәжірибесінің арқасында мәдениет саласында көптеген жетістікке жетіп келеді. Атап айтар болсақ, Ы.Жақаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық ән байқауда Алғыс хатпен, А.Құнабайұлының 175 жылдық мерейтойында «Абай әндері» байқауында «Маржан» атаулы жүлдесіне ие болды. Мұнан бөлек, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық өнер фестивалінде І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, Әшімхан Оспановтың 70 жылдығына арналған «Өмірі – өнер, ғұмыры – ғибрат» атты облыстық үздік клуб қызметкерлері байқауына қатысып ІІІ орынға ие болды. Өнерімен өрге жүзген білікті әдіскердің шәкірттері де біраз жарыстардан топ жарып келеді. Республикалық «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығының «Біз өмірдің нұрымыз» атты өнер байқауында Гүлсезім Жорабекова ІІ орын және ұстазы «Үздік ұстаз» дипломын иеленді. Мұнан бөлек, Орынбек Син «Үкілі үміт» халықаралық өнер фестивалінде І орын және «Ерлігің ел есінде» атты аудандық патриоттық ән байқауында ІІІ орыннан көрінді.
– Әріптесім Гүлжанат ән айтумен қатар әдіскерлік бағытында көптеген іс-шараларды ұйымдастырып, сонымен бірге жүргізушілік қабілетімен де ерекшеленеді. Болашаққа деген арманы асқақ, мақсаты айқын. Тек күнделікті іс-шараларды ұйымдастырып қана қоймай тың идеяларды жүзеге асыра алатын білікті маман. Қай кезде де өнер айдынына қанат сермеген жас өнерпаздарға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады, – дейді әріптесі, мәдени ұйымдастырушы Г.Иманқұл.
Гүлжанат Сырғабаева секілді мәдениет саласында аянбай қызмет етіп келе жатқан білікті мамандардың арқасында ауыл мәдениеті өркендеп қарыштай бермек.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА