Тәжірибелі әдіскер
Ауданымыздың мәдени-рухани өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген мәдениет саласының майталман мамандары жетерлік. «Қай елдің мәдениеті дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген. Жауапкершілігі мол салада қажырлы еңбек етіп, өскелең ұрпаққа жеткізу жолында игілікті іс атқарып жүрген мамандардың еңбегі ұшан теңіз. Сондай жанның бірі мәдениет саласының білікті маманы, ауылдық клубтың әдіскері – Гүлшара Сарбасова.
Ауыл мәдениетінің дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген майталман маман 1968 жылы Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында дүниеге келіп, №32 орта мектепте білім алады. Бала кезінен өнерге жақын болған жан мектеп бітірген соң Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түсіп, «мәдени-ағарту қызметкері» мамандығы бойынша тәмәмдайды. Әркез ізденіс үстінде жүретін маман Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің «Мәдени-тынығу» қызметі мамандығы бойынша білімін жетілдірді.
– Ауылдағы клуб үйінде өтетін іс-шараларға барғанымда сонда жұмыс жасайтын өнер адамдарына қызығатынмын. Бұл да менің мәдениет саласында қызмет етуіме, мамандық таңдағанда қателеспеуіме өз септігін тигізді десем болады. Оқу бітірген соң Жалағаш аудандық мәдениет бөлімінде 1989-1992 жылы аралығында автоклуб меңгерушісі болып алғашқы қызметімді бастадым. Сонан соң, 1993-1995 жылдары Сырдария ауданынан шалғайда орналасқан Қоғалыкөл ауылында балабақшада тәрбиеші болдым. 2014 жылдан бері ауылдық клуб үйінде әдіскер қызметінде жұмыс атқарып келемін, – дейді еңбегімен еленген Гүлшара Сарбасова.
Бүгінде «Көркем сөз» үйірмесі жетекшісінің қызметін қатар жасап келе жатқан әдіскердің ауыл мәдениетіне қосқан үлесі, жеткен жетістігі баршылық. Атап айтқанда, «Үздік әдіскер» облыстық байқауының аудандық іріктеуіне қатысып, «Алғыс хатпен», «Қазақстан үміті» Республикалық шығармашылық бірлестігінің «Алғыс хатпен», «Үздік сценарий-2019» облыстық байқауында «Алғыс хатпен», Қазақстан республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Егемендік – айбыным» атты аудандық сценарий жазу байқауында үздік өнер көрсеткені үшін ІІ дәрежелі «Дипломмен» марапатталды. Сонымен қатар ауыл балаларының шығармашылығын шыңдау барысында халықаралық «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты жасөспірімдер мен балалар шығармашылық байқауына да өнерлі өрендерді қатыстырған. Мұнан бөлек «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткізілген республикалық «Дала сазы» байқауына шәкірт дайындап, жас дарындардың шеберлігін шыңдауға үлес қосқан. Тәжірибелі маманнан тәлім алған ауыл балалары республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі байқауларда өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүр. Кәсіби маманның әрбір атқарған ісіне, мәдениет саласына қосқан үлесіне, нәтижеге бағытталған жұмысына, жас жеткіншектердің талантын шыңдауға қосқан үлесіне ауыл халқының айтар алғысы шексіз.
Ауылдық клубтың әдіскері Гүлшара Сарбасова – жұмысында білікті маман болса, отбасында аяулы жар, ардақты ана. Жолдасы Марат Омаров егіс даласында 35 жылдан бері күріш егіп, мол өнім алып жүрген ауыл дың белді диқаны. Жұбайымен 4 бала тәрбиелеген абзал жан бүгінде 3 немеренің әжесі. Ауылдың бетке ұстар отбасылырының бірі «Дана ене, дара келін» атты байқаудың жеңімпазы атанғанын да айта кеткеніміз жөн.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА