Ауданда оқыс оқиға тіркелген жоқ
Батылдық пен жүректілікті талап ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Батылдықты жанына ту еткен мамандардың арқасында қаншама адам оқыс оқиғалардан, тілсіз жау мен қиын жағдайлардан аман қалды. Оранған отқа, қарғын суға түсіп, адам өміріне араша болатын жауапты маман иелері үнемі өмір мен өлім арасында арпалысып жүретіні мәлім. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері суға түсу маусымы кезінде ел қауіпсіздігі үшін кірпік қақпай, өрт маусымында қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осыған байланысты Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Қанат Шарафадиновпен құрған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
– Қанат Шарафаддинұлы, суға түсу маусымы аяқталды. Осы ретте өткен және биылғы жылдың нәтижесі туралы айтып өтсеңіз...
– Ағымдағы жылы Сырдария ауданында судағы қайғылы жағдайлар орын алған жоқ. Ал облысымызда ағымдағы жылы жалпы 21 азамат, оның ішінде 11 бала су маусымы кезінде қаза тапты. Облыстың су айдындарында, әсіресе, Сырдария өзенінде жылда азаматтардың әртүрлі себептермен бақытсыз жағдайларға ұшырауы, оның ішінде жаз айларында суға шомылу кезеңінде олардың санының өсетіні өздеріңізге мәлім. Судағы зардап шеккен азаматтардың, балалардың суда қаза болуына Сырдария өзені мен каналдардың кез келген әрі зерттелмеген ағысы жылдам, терең, жағалары тік жар жерлеріне, судың салқындығын ескермей, спирттік ішімдік ішіп суға түсу, сонымен қатар, жүзе білмегендігі және ата-аналарының балаларын бақылауынсыз қалдыруы себеп болып отыр.
– Суға түсу маусымында қайғылы жағдайларды болдырмау үшін су айдындарында қандай ережелерді сақтаған жөн?
– Суға түсу маусымында қайғылы жағдайларды болдырмау үшін суда қарапайым өзін-өзі ұстау ережесін қатаң сақтау керек. Атап айтқанда, тыйым салынған орындарда шомылуға, суда балаларды қараусыз қалдыруға, қоршау белгілерінен асуға, көпірлерден, бөгеттерден, қайықтардан суға секіруге және сүңгуге, таныс емес жерлерде шомылуға, мас күйінде шомылуға болмайды. Осы аталған қарапайым ғана ережелерді ұстанған адам қаншама оқыс оқиға мен қайғылы жағдайдан сақ болады. Осы жоғарыда айтылған қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауларыңызды және айтып келмейтін табиғи құбылыстар су, от тілсіз жау екенін ұмытпауларыңызды сұраймын.
– Жаз мезгілінде, балалар, әсіресе оқушылар су айдындарына көп баратынын жақсы білеміз. Осыған байланысты жазғы демалыс уақытында балаларға арнайы сақтық шаралары жүргізіле ме?
– Бала қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігі қоғам өмірінде жиі қозғалатын өзекті мәселенің бірі. Бүгінде ата-ананың бақылауынан тысқары қалатын жас жеткіншектер оқыс оқиғаға тап болатыны анық.Соңғы қоңырау соғылған сәттен үш ай бойы кез келген ата-ананың қарауында болатын олардың аман-есен болуы мұқият қадағаланады. Бұл айларда бала бір сәтке үйге сыймайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан баланың көбісі су айдынында шомылуға әуестенетіні бар. Денесі күнге күйген бала біткен рұқсат етілмеген жерге суға түсіп, артынан қайғылы жағдай орын алып жатады. Жазғы каникул кезінде «Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтау» тақырыбында өрт сөндіру бөлімінде 8 рет «Ашық есік» күні өткізіліп, аудан орталығындағы мектептерге полиция бөлімімен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сырдария аудандық полиция бөлімімен және жастар ресурстық орталығының еріктілерімен күнделікті рейд жұмыстары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
– Су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтсеңіз...
– 2024 жылғы суға шомылу маусымында ауданның су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын ұйымдастыру бойынша кешенді жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдарымен штаб құрамы, үгіттеу-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2024 жылы ауданда суға кету оқиғаларын болдырмау мақсатында Тереңөзек кентіндегі Қалғандария көлінде алғашқы суда құтқару құрал-жабдықтарымен және құтқарушылармен қамтамасыз етілген коммуналдық жағажай ашылды.
Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 2024 жылғы 19 сәуірдегі №49-н/қ «2024 жылғы жазғы суға шомылу маусымы кезеңіндегі қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес, аудан аумағындағы су айдындарында тұрғындардың суға түсетін жерлерінде суға шомылу маусымы аяқталғанға дейін күнделікті бөлім қызметкерлерімен профилактикалық, түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша кезекшілік ұйымдастырылды.
Тұрғындарға судағы қауіпсіздік дағдыларын түсіндіру бағытында аудандық басылымға 5 мақала және «Сыр құтқарушысы» журналына 3 мақала жарияланды. Одан бөлек Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық Қоғамдық даму бөлімінің «facebook», «Instagram» «telegram» әлеуметтік желісінде «суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 20 бейнероликтер мен 52 мақала жарияланды. Аудан көлемінде «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында 15 дана билборд және суға түсуге тыйым салынған жерлерге 46 дана тақтайша орнатылды.
– Рұқсат етілмеген орындарда суға түскен жағдайда қандай қатаң шаралар қарастырылған?
– Көп жағдайда қайғылы оқиғалар рұқсат етілмеген жерлерде суға түскеннің салдарынан болады. Елімізде биыл рұқсатсыз жерлерде суға түскен 2 мыңнан аса адам жауапқа тартылған. Ішімдік ішіп, қоғамдық орында мас жүргені үшін 700-ден аса адам, ұзақ бұзақылық жасаған 400-ден адам заң алдында жауап берді. Аудан бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 412 бабына сәйкес бабына сәйкес белгіленбеген су айдындарында суға шомылғаны үшін 11 жеке тұлғаға «Айыппұл» салынды.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ