Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Эстетикалық тәрбие берудің шебері

Эстетикалық тәрбие берудің шебері

Өнер – эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Себебі, өнер адамның рухани дамуы мен дүниетанымының қалыптасуына әсер етеді. Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздап, егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани-салтанатымызды, болмысымызды қайта жандандырдық. Қазақ қолөнері қайтадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгілерімен енді.

С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепте ұстаз Светлана Баймбетова оқу­шыларға жан-жақты білім мен тәрбие берумен қатар жаңаша еңбек етуге талпындырып отыр. Орта мектептің білім беру жүйесіне көр­кемдік талғамды қалыптастыруда сән­дік-қолданбалы өнердің тәлімдік, танымдық мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығын арттыруда. Міне, осы бағытта 1993 жылдан бері мектепте «Жас суретші» үйірмесі жемісті жұмыс жасап келеді. Үйірме мүшелері шәкірттер аудан, облыс, тіпті республикалық түрлі сайыстарда жүлделі орындарға ие болып келеді.

Шебер ұстаздың соңғы бес жыл кө­леміндегі жетістіктері мен марапаттары осынау ұзақ жылғы еңбектің нәтижесі. Атап айтқанда, «Білім сапасын арттыруда жаңа технологияларды тиімді қолдану» облыстық семинарында шеберлік сыныбын көрсеткен Светлана Аппазқызы арнайы сертификат алды. Ұлағатты ұстаз жетекшілік ететін үйірменің талантты оқушыларының арасында Ермек Орынбасаров «Мәңгілік ел – ұлы дала мұраты» атты сурет байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Сурет өнеріне баулыған шәкірті Нұрахмет Мансұров «Отбасы – бақыт мекені» облыстық суреттер байқауында топ жарып, екінші орыннан көрінді. Соны­мен қатар республикалық «Рухани Алатау» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Арт-талант» шығармашылық байқауының жеңім­пазын дайындағаны үшін жетекшісі ретінде Алғыс хатпен марапатталды. Үйірме мүше­лерінің қатарында Алуа Темірбек республикалық «Бояулар құпиясы» жас сурет­шілер байқауының облыстық кезеңінде «Коллаж» номинациясымен марапатталса, Қарақат Құрманғазықызы облыстық байқауға қатысып, жүлделі үшінші орын алып, ұстаз мәртебесін өсірді.

Білікті ұстаз Светлана Баймбетова ұстаз­дық жолдағы қажырлы еңбегі үшін ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мектептегі көркем еңбек пәнінің мұғалімі үнемі шығармашылық ізденісте жүріп, оқу­шылардың бойына эстетикалық тәрбие берумен қатар, оқулықтарға, оқу-әдістемелік кешендерге сараптама жүргізуге қатысады. «Оқу әдебиетінің сапасына қойылатын жаңа талаптар аясында сарапшылардың әлеуетін арттыру» тақырыбындағы оқыту семинарында пәндік сараптау комиссиясының жұмысына қатысып, әріптестерінің білік­тілігін арттыруына көмек көрсетеді. Сонымен қатар өзі де үнемі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді бағалау бойынша сарап­шылардың оқыту курсына қатысып отырады.

– Өткен жылы шәкіртім Аяна Тынымова «Бояулар құпиясы» жас суретшілердің рес­публикалық байқауының облыстық кезеңіне қатысып, ерекше шығармашылық танытты. Айару Зарқұм «Алтын қазына» республикалық көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының облыстық көрме-байқауына қатысып, сертификат алды. Ал тағы бір оқушым Нұрбибі Сәрсенғалиева республикалық «DamuBala» сурет байқауында «Менің Отаным – Қазақстан» номинациясымен І орын иеленіп, 50 мың тенге сертификатын алды. Биылғы жылы да оқушыларым «Алтын қазына» республикалық көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының облыстық көрме-байқауынан тыс қалмады. Екі оқушым Нұрай Бердібекова мен Аяна Тыным екінші және үшінші орын алды. Биылғы жылдың тағы бір жетістігі «Бояулар құпиясы» республикалық көркем және сәндік-қолданбалы өнер бойынша балалар шығармашылығының облыстық көрме-байқауына қатысқаны үшін жас суретші Нұрай Бердібекова жүлделі үшінші орын алды, – дейді ұстаз Светлана Баймбетова.

Білікті ұстаз биылғы жылы наурыз айында Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі ретінде Алматы қаласында өткен халықаралық Этножәрмеңкеде өз туындыларын көрсетуге мүмкіндік алып, көркем еңбек пәнінің мұғалімі ретінде еліміздің түкпір-түкпірінен келген ұстаздармен тәжірибе алмасты.

«Ұстаз болу өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялау» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен санаспай, шәкір­тінің бойындағы талантын ашуға үлесін қосып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
10 қыркүйек 2024 ж. 136 0