Тістің емін, істің ебін тапқан азамат

Шағандық білікті тіс дәрігері Нұржан Сатбаев тек ауыл жұртшылығының ғана емес, сонымен қоса ауданға қарасты бүкіл елді мекен тұрғындарының тісін емдеп, қиын да жауапты қызметімен көптің көңілін тауып, алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан. Ауыл халқының игілігі үшін тіс емханасын өз қаражатынан ашқан білікті маманды тіпті қаладан іздеп келетін тұрақты емделушілері де бар. Білікті маманның өзінің жеке тіс емханасын ашқалы биыл 3 жылдың жүзі.
Жоғары санатты, білікті тіс дәрігері Нұржан Рамазанұлы осы салада 10 жылға жуық қызмет етіп келеді. Тіс дәрігері болуды мақсат еткен ол 1999 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтының тіс дәрігері мамандығын игеріп шығады. Ақ халатты абзал жан ең алғашқы еңбек жолын 2003 жылы аудандық емхананың рентгенология бөлімінде дәрігер болып бастап, 12 жыл үздіксіз ел игілігі үшін қызмет атқарды. Осы ортада көп жыл еңбек етіп жүріп, осы саланың қыр-сырын тереңнен меңгеріп, тәжірибе жинады. Кейіннен білімін жетілдіру мақсатында 2015 жылы тіс дәрігері мамандығы бойынша даярлық курсынан өтіп, Қызылорда қаласындағы «Алтын дент», «Қанат стомед» жеке тіс клинкаларында қызмет атқарған. Көп жылдық тәжірибесінің және қажырлы еңбегінің арқасында білікті тіс дәрігері Қызылорда қалалық №2 емханасының оңалту бөлімінде де жұмыс істеп, бүгінде сұранысқа ие маманның біріне айналды. Білікті дәрігердің жұбайы Лаура Сатбаева да ақ халатты абзал жан. Ол Шаған ауылының білікті акушер-гинеколог дәрігері. Ерлі-зайыпты білікті мамандар бүгінде 3 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.
– Біраз жыл осы салада еңбек етіп, тәжірибе жинақтадым. Кейіннен туып өскен жеріме, қара шаңыраққа оралып, ауыл тұрғындарының игілігі үшін жеке тіс емдеу орталығын ашуға бел будым. 2021 жылы өзімнің қаражатымнан және «Шаған» ЖШС-нің басшысы Жеңісбек Сыздықовтың демеуімен жеке тіс стоматологиясын аштым. Міне сол жылдан бері ауыл тұрғындары үшін қалтқысыз жұмыс жасап келемін. Осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарыма халықтан ешқандай теріс пікір естіп көрмедім. Барлығы тек ризашылықтарын білдіріп, батасын беріп кетеді. Мен үшін бұл үлкен бақыт. Халықтың алғысын алғаннан артық не керек?! Тіс емдетуге тек шағандықтар ғана емес, сонымен қоса Тереңөзек, Нағи Ілиясов, Коғалыкөл, Ақжарма, Айдарлы, Жетікөл сынды көрші елді мекендерден де іздеп келушілердің қатары көп. Бүгінгі таңда жеке стоматологиялық орталығымда емдеу әдісінде медицинаның соңғы жаңалықтарын кеңінен қолданып, емделушіге барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Әзірге стоматологияда жалғыз жұмыс істеудемін. Жақын арада жаныма жас әрі білімді стоматолог маман алуды қарастыру үстіндемін. Себебі келушілердің саны күннен-күнге көбеюде. Алдағы уақытта жас маманға бар білгенімді үйретіп, екі жақтап халыққа сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету жоспарымда бар, – дейді білікті дәрігер.
Бүгінде жергілікті тұрғындарға заманауи үлгіде қызмет көрсетуді көздейтін орталықтың келушісі көп. Тіске күрделі ем-дом жүргізетін кәсіби маман бірнеше заманауи аппаратты жетік меңгерген. Жеке стоматологияға бүгінде «Рамазан» деген атау берілген. Стоматологияда бірнеше қызмет түрі қарастырылған. Онда заманға сай жаңа жабдықтармен тіс жегіні пломбалау, тістерді емдеу, тіс жұлу, салу, үлкен кісілерге протез қою, тіпті соңғы уақытта көпшіліктің сұранысына ие болған жаңа технология имплантация да жақын арада іске қосылған. Осы ретте көпшілікті тіс емдеудің бағалары қызықтыруы мүмкін. Тіс дәрігерінің айтуынша, әр қызмет түрінің бағасы жұмыстың қиындығына қарай бағаланады екен. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бағалары халыққа қолжетімді, қалта көтеретіндей тиімді. Мәселен тіс жұлу 5 және 8 мыңның аралығы, емдеу 8 мыңнан басталып қиындығына қарай 15 мыңға дейін барады екен. Үлкен кісілерге протез салу 25 мыңнан басталып, 75 мыңға дейін барады. Ал ең қымбат қызмет түрі тіс имплантациясы – 100 мың теңге. Жалпы тіс емдеу қиындығы мен жұмысына қарай 3 күннен 5-7 күнге дейін созылады екен. Нұржан Рамазанұлы алдағы уақытта көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнеткерлерге және соғыс ардагерлеріне тегін қызмет көрсетіп қайырымдылық жасауға ниетті және жолдарын қарастыру үстінде.
– Тіс – адам көркі. Десек те , көп жандар тісіне уақытылы күтім жасамай, немқұрайлы қарайды. Күтім жасамағанның салдарынан тісті зақымдап, асқындырып алады. Ал бұндай тістерді емдеу ұзақ уақыт пен көп қаражатты талап етеді. Сол себепті тіс маманы ретінде осындай жағдайды болдырмай алдын алу үшін, үнемі тіске уақытылы күтім жасауға кеңес беремін, – дейді тәжірибелі тіс дәрігері.
3 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келе жатқан тіс стоматологиясы – білікті маманның ұзақ жылдар бойғы тынымсыз ізденіске толы жұмысының жалғасы, нәтижесі. Адал еңбегі мен еңбекқорлығының арқасында қазіргідей деңгейге қол жеткізген тіс дәрігері бүгінде көпке үлгі боларлықтай игілікті іс атқарып жүр. Білікті де білімді ақ халатты абзал жанның мақсаты – бүгінгі заман көшінен қалмай, үнемі жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ